Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?

0

«Юнеско ұйымының таратқан мәліметіне қарағанда, әлемде әр екі аптада бір ұлт, бір тіл жойылып отырады екен. Оған басқа тілдердің үстемдік құруы себеп болып отыр»,– дейді ғалымдар. Жаhандану кезеңінде әр ұлт өзін сақтап қалу үшін рухани күресті бастап та кетті. Филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақ: «бұл кезеңде тарихын жақсы таныған, салт-дәстүріне берік ел ғана ұлт ретінде сақталып қалады», – дейді.

– Ғалымдардың айтуынша, қазір әлемде ұлттар арасында мәдениет алмасып, тіл соғысы жүріп жатыр екен. Демек, қай ұлттың тарихы тереңнен зерттеліп, мәдениеті ертерек дамыса, сол басымдық танытып, өмір сүруін жалғастырады. Ал қазақ тілі мен мәдениеті сол текетірестің ортасында қалып отыр. Алып мемлекеттер бола, өздерінің өміршеңдігін күшейту үшін соғыссыз, тілі мен мәдениеті арқылы басқыншылық жасап жатыр. Яғни, бәсекелестік күшейіп келеді.

Ұлыбритания президенті Черчиль: «Бір ғана иделогия бар. Ол – Англияның мүддесі. Ал ол үшін сайтанмен де дос боламын», – деген-ді. Осы сөзден кез келген ұлт көсемінің өз ұлты мүддесі үшін қызмет жасап, сол үшін жанын қиюға даяр екенін аңғаруға болады.

Ал, Қазақстан осы уақытқа дейін бірінші орынға ұлттық құндылық пен адам капиталын емес, экономиканы қойып келді. Бұнысы – үлкен қателік болды. Сол қателіктің салдарын тәуелсіздік алғалы 27 жыл өткеннен кейін сезініп жатыр. Сондықтан, Қазақстан рухани құндылыққа, өзінің салт-дәстүрін дәріптеуге, ең бастысы тіліне енді мән бере бастады. Өйткені, алпауыт мемлекеттердің құлқынында жұтылып кетпеу үшін әрекет ету керек болды. Алайда, біздің мемлекет экономиканы да, адам капиталын да дамытқан жоқ, – дейді Дандай Ысқақ.

«Қазақстан тоғыз жолдың торабында тұр»

Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында мәдениетіміздің ерте бастау алғанын айтып отыр. Алайда, зиялы қауым өкілдерінің бұрында көтерген мәселелері ескерусіз қалып жатты. Тек Елбасының бастамасы болғандықтан ғана насихат жұмыстары енді жүргізіле бастады.

Дәл қазіргі уақытта қазақ тоғыз жолдың торабында тұр. Әлемде адам капиталын дамыту арқылы мемлекет дамиды, тілін сақтап қалу арқылы ұлт болып қалыптасады. Мысалы, Жапония қазба байлығы жоқ елдердің қатарында. Алайда адам капиталын дамыту арқылы дамыған мемлекеттер қатарына қосылды.

«Адамды тұрмыс пен идея билейді» деген қағида бар. Бізде екеуі де ақсап тұр. Тарихы тереңнен басталған ұлт екенімізді дәлелдейтін уақыт жетті. Алайда, Кеңестер одағы құрамында болған кезде қазақ тарихының тамыры қиылып қалды. Ал, Президенттің мақаласы қазақ мәдениетінің ерте заманнан бастау алғанын меңзейді. Кеңес өкіметі тұсында ұлт көшбасшыларын түгелдей қырып тастады. Осылайша бізді ұлттық элитадан айырды.


Мемлекеттік тілдің экономиканы дамытудағы маңызды рөлін осы уақытқа дейін ешкім білген жоқ. Өйткені, биліктегі азаматтардан бастап, барлығы орыс тілінде сөйлеп, құжаттарды орыс тілінде жүргізіп келеді. Оны шешу үшін мықты экономика, мықты идеология, мықты әскер болуы керек. Әлемде экономиканың 24 пайызы АҚШ-қа, 22 пайызы Қытайға тиесілі. Осындай экономикасы қарқынды дамыған елдердің жетегінде кетіп қалмау үшін бізге алдымен адам капиталын, сосын экономиканы, үшінші кезекте әскерді күшейтуіміз керек, – дейді Дандай Ысқақ.

Әр ұлт өзге елдермен қарым-қатынасты өз тілінде орнату керек

– Әлемге өз тілінде танылудың бір жолы – экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынастарды қазақ тілінде жүргізу. Жақында бір топ ғалымдар Еуропаға барған сапарында ондағы ғылым жолында жүрген адамдардың қазақ тілін үйренуді біржола тоқтатқанын көріп, айтып келді. Өйткені, олардың Қазақстанға келіп жұмыс жасау үшін керек деп үйренген тілі осында келгенде пайдаға аспай қалған. Негізі орыс тілінде қарым-қатынас жасайтын ұлттың жартысы өз ана тілін білмейтіндіктен, бізге қазақ тілін үйрену қажет емес деп шешкен екен. Оңтүстік Корея, Америка азаматтары да дәл осылай қазақ тілін оқытуды тоқтатқан.

Жақында Америка елшілігінде қазақ тілін үйретіп жүрген бір мұғалім тіл үйренушілердің көбінің орыс тобына ауысып кеткенін айтты. Өйткені, күнделікті қолданыстағы сөздерді үйренген олардың қызанақ, қырыққабат деп айтқандарын базарда ешкім түсінбеген. Ал орыс тілінде еркін сөйлескен. Осыдан кейін олар қазақ тіліне деген көзқарасын түбегейлі өзгерткен.


Біз – ұлттық рухы басылған елміз. 1936-37 жылдары ұлт көсемдерін түгелдей құртқан соң, рухани құндылықтар да сонымен бірге жойылып кетті. Енді елдің болашағы үшін күресетін патриоттар ауадай қажет. Ахмет Байтұрсынов «Жұрт бүгіні үшін, мен ертеңгі күн үшін күресемін» деген. Алайда, жаhандану кезеңінде батыс идеологиясына бет бұрсақ, бүгінгі күн үшін өмір сүретініміз анық. Өйткені, қазақ жастары бүгінін ойлап басқа мемлекетке көшіп жатыр, – деді Дандай Ысқақ.

Ұлы даланың қыры жетіден көп

Қазақ хандығының 550 жылдығының аталып өтуі, латын әліпбиіне көшу, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ даласына үлкен бетбұрыс әкеледі дейді қазақтың зиялылары. Өйткені, қазақ ұлты қандай болу керек, қайда барамыз деген сауалдарға жауап беретін кез келді. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ұлы даланың қыры жетіден де көп дейді.

– Ұлы даланың қыры жетеу бола ма, жетпіс бола ма, соны анықтап, топтастыруды Президент зиялы қауым өкілдеріне тапсырып отыр. Бұрын елдің көңілінде жүрген, айтылып жүрген мәселелер болғанымен, Президенттің айтқанын халық басқаша қабылдайды. Қазақ – бұрыннан дуалы ауыздан шыққан сөзге құлақ түрген халық. Мақалада жылқы туралы айтылған тарихи деректер менің ойымда жүрген дәйектерді дәлелдей түсті.

Қазақ пен жылқы бір ұғым. Голощекиннің сұрқия саясатының арқасында халық аштан қырылды. Ол ұлтты жою үшін арнайы жоспар құрды. Қазақты құрту үшін жылқыны құртса жеткілікті екенін жете түсінді. Оның кеңесшілері жылқыдан айырып, қазақты жаяу қалдыру керектігін айтқан. Сәйгүлікке мінген қазақ саясатқа пысқырмайды деп кеңес берген. Содан кейін алдымен қой мен сиырды қасапханаларда сойып, вагондарға тиеп, Ресейге жіберген. Ал жылқы ату науқанын 1929-30 жылдары іске асырған.


Бір деректерде Жетісу жерінде Тұрарбайдың мыңдаған жылқысын әскер шақырып, пулеметпен атқан екен. Сонда бір-екі үйір жылқының әскердің қамалын бұзып өтіп, аман қалғаны айтылады. Ашаршылық содан кейін басталған. Президент мақаласында қазақтың жылқы малын алғаш қолға үйреткен ел екенін айтты. Ал, біз бұл мәселені айта алмай жүргенбіз яғни, бізге тарих беттерін ақтарып, қалай ұлт болып қалыптасып, мәдениетіміздің қай ғасырдан бастау алғанын дәлелдеу керек.


Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорымынан табылған адам мен жыылқының сүйегі

Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорымынан табылған адам мен жылқының сүйегі / Фото e-history.kz сайтынан алынды


Бір айта кетерлігі, рухани түлеу, рухани жаңғыру, рухани реформа біздің билік басындағылардың есіне 27 жылдан кейін түсіпті. Құлдырап кеткен экономиканы білгір адамдардың қолына берсе, 5-10 жылда көтеруге болады. Ал, құлдыраған руханият дүниесін бүтіндеу өте қиын. Абайды, Пушкинді, Лермонтовты, Мағжанды, Қасымды жатқа оқып жүрген жастар ешқандай қылмыс жасамайды! Әдебиетті сүйген адам қылмысқа бармайды деп ойлаймын, – дейді Қабдеш Жұмаділов.

«Біз тарихымызды білмей өскен халықпыз»

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – белгілі ақын Ұлықбек Есдаулеттің айтуынша, бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы.

– Президенттің бұл мақаласында еліміздің тарихы кеңінен қамтылған. Шынын айтқанда өз тарихымызды өзіміз білмей өскен ұрпақпыз. Біз басқа ұлттардың, басқа мемлекеттердің тарихын көп оқыдық. Өз ұлтымыздың тарихын бізден жасырып келді. Жерімізден Алтын адам табылып жатса, «ол скифтердікі, оның қазаққа қатысы жоқ» деді. Алтын адам кезінде Шіліктіден де табылған. Отырарды Иран мәдениетіне апарып тіреп тастайтын. Отырар кітапханасы деп мақтансақ, ол кітаптар сенің тіліңде болмаған дегенге дейін барды. Енді айналып келгенде Мысырды билеген мәмлүктердің өзі біздің тілде сөйлегені туралы біз емес, керек десеңіз, Израиль ғалымдары айтып отыр.


Тарбағатай тауларындағы Елеке сазы аумағынан табылған алтынның сынықтары

Тарбағатай тауларындағы Елеке сазы аумағынан табылған алтын бұйымдар / Фото janalyq.kz


Осы мақала осы уақытқа дейін мойындалмай келген дүниелерді игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа өзіміздің тарихы терең ұлт екенімізді дәлелдеп, негіздеп беруге жол ашып отыр. Ұлтымызға өткенін білу маңызды деп есептейміз. 30 елдің қатарына кіру үшін әлемдік өркениетке қосқан үлесің де мол болуы керек. Ал енді біз қандай үлес қосқанымызды «Ұлы даланың жеті қыры» түгендеп беріп отыр.

Скиф заманынан бергі «кентавр» деп жүргендері – сақтар болып шығады. Солтүстік Қазақстандағы археологиялық қазба Ботай мәдениеті ретінде танылып, сол жерде ежелгі дәуірде ең алғаш рет жылқыны қолға үйреткен кім дегенде – біздің қазақтар болып шықты.

«Готтардың тарихын өз жерінен шыққандықтан немістер иемденіп отыр. Рим империясы қазір дүниеде жоқ болса да, ол – қазіргі Италияның тарихы. Сол сияқты ежелгі мәдениет иелерінің заңды ұрпағы ретінде өзімізді тануымыз керек. Металлургияның дүниежүзінде ежелгі үш-ақ ошағы бар екен. Сол ошақтар өзіміздің Алтай мен Жезқазғанда табылған. Табылған Алтын адамдардың киімдерінің өзі – зергерлік өнердің шыңы. Бұл – бір мәдениеттің белгісі. Қалалық мәдениеттің тарихымызда болғанын Тараздағы ежелгі құбырдың, Түркістанда моншаның табылуы дәлелдей түседі. Міне, сондықтан сол ежелгі мәдениеттердің бәріне ие болуымыз керек, – дейді Ұлықбек Есдәулет.

Ұлы дала елі – түркі халықтарының ата жұрты

Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әсіресе, Ұлы Даланың ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы», – деп атап айтқан болатын.

Қазақтың зиялы қауым өкілдері «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында келтірілген деректер мен дәйектерді, құндылықтар мен мәдени мұраларды ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орынын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам болды деп ойлайды.

Мақалада түркі әлемінің генезисі туралы кеңінен қозғалған. Осы бастамамен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Қазақстанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық түркі әлемі зерттеулері – түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау.

«Еуропаға рухани азықты біз береміз»

Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов журналистерге берген сұхатында: «Тарихи сананы жаңғырту, жұртқа жариялау – үлкен ерлік. Бұл мақала көп адамға ой салады. Тарихты, ұлы даланың тарихын біз әлі аша алғанымыз жоқ. Біздің ұлы даламызда небір ұлы адамдар өткен. Соның көбін біз біле бермейміз», – деді.

Таяуда Шымкентте «Аттила и гунская орда» деген кітап шығардық. Аттила – V ғасырда артта қалған, саяси ұғымы әлі терең ермес, мемлекет түрлерін білмейтін бүкіл Еуропаны, халықты жаңғыртып соларға идея берген, тірілткен адамдардың бірі болды. Бұл туралы Болгар тарихшысы ертеректе жазған. Мұндай ғылыми дүниелер ашылып кеткенде не болады?


«842 жылы болгар тілінде «Шаң қызы» деген дастан шыққан. Орыс тіліне аударылған екен. Көлемі өте үлкен. Біздің бүкіл дүниетанымымыз сонда тұр. Түріктердің қайдан шыққаны, қалай қалыптасқаны – барлығы жазылған. Елбасының бүгінгі мақаласы тарихи сананы көтерудің, халыққа жеткізудің керемет методологиясы ретінде жазылған», – дейді Мекемтас Мырзахметов.

Ғалымның айтуынша, ендігі кезекте қазақ тарихшылары мен зерттеушілері еуроцентристік бағыттағы ізденістен бас тартуы тиіс.

«Біз көп жағдайда Еуропаға еліктейміз. Еуропа рухани азық беруден қалған. Енді оларға оны біз бере бастаймыз. Ясауидің ілімі, Абайдың «Толық адам» ілімі, Шәкәрімнің «Ар ілімі» олардың қолында жоқ. Осыны жазып тез арада халыққа беруіміз керек. Жақында Абайдың «Толық адам» ілімі туралы монография жазуды аяқтадым. Сонда ұққаным, адамды жаман қылықтан тазалаудың құралы бізде екен».



Дереккөз: https://informburo.kz