Қазақ медициналық университеті жабылса, 600 оқытушы жұмыссыз қалады

0
153

Алматыдағы Қазақ медициналық университеті жабылса, 600-ге жуық адам жұмыссыз қалады. Бүгін жоғарғы оқу орнының оқытушылары шу шығарды, деп хабарлайды «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Олар білім және ғылым министрлігінің «оқу орнын лицензиядан айыру» туралы шешімімен түбегейлі келіспейді. Өйткені білім ордасы ғылыми оқытушылық құраммен де, техникалық базамен де қамтылған деп отыр.

Қазақ медициналық медицина университеті 1963 жылы құрылған. Содан бері жоғары білікті мамандарды даярлап келеді. Бүгінгі күні оқу орнында 3 мыңнан астам студент тәлім алуда.

«Лицензиясынан айырып жатқаны дұрыс емес, қателік. Неге десеңіздер 60 жыл тарихы бар оқу орны бастапқыда институт болған. Бүгінгі күнде универститет. Тарихы тереңде жатыр. Бүгінгі күнде 3 жарым мың бала оқиды. Оған қоса, 577 мұғалім жұмыссыз қалады», – дейді қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Марат Рахманов.

Оқутушылар да министрліктің шешімін түсіне алар емес. Өйткені, университет техникалық базамен қамтылған, білім ордасында ешқандай заңбұзушылық болған емес деп отыр.

«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының президентіне жүгінбекшіміз. Өйткені білім министрлігінің жұмысына күмәнмен қарап отырмыз. Университетке тәуелсіз сарапшыларды алып келіп, тексеру өткізгенін қалаймыз», – дейді қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Раушан Бердалина.

Медициналық университеттің студенттерінен де маза қашқан. Олар оқу ордасында ең үздік мамандар білім береді дейді.

«Біздің сонша жыл ақылы бөлімде оқығанымыз зая кетейін деп тұр. Сол себепті бұл университеттің қазіргі кезде біз жабылғанын қаламаймыз. Университет бұрыннан бері дәрігерлердің біліктілігін көтерумен ерекшеленеді. Және де профессорлық құрам өте жақсы дайындалған. Білімі өте мықты», – дейді университеттің студенттерінің бірі Назым Құлназарова.

Айта кетейік, күні кеше Білім және Ғылым  Министрілігі аталған мекемені лизенциясынан айыру туралы шешім шығарған еді. Олар оқу орнының жұмысын тексеріп, оқытушылар санының жетіспейтінін желеу еткен.

«Соттың қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетіне айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды. Дегенмен ондағы студенттердің гранттары сақталады және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Ондағы оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр», – дейді білім және ғылым министрлігі сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлназ Көбенова.

Бас лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді. Осыдан кейін жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті. Дегенмен университет қабырғасындағылар қабылданған қаулымен келіспейді.

Білім мекемесінде бас-аяғы 1000-ға тарта адам жұмыс жасайды. Олардың 600-ге жуығы жоғары білікті оқытушы. Далада қалудан қауіптенген професорлар, енді қол жинап,  президентке хат жазбақшы.