Қазақ көші – партия назарында

0
60

«Нұр Отан» партиясы соңғы үш жыл көлемінде Қазақ көшіне баса назар аударып, «Көш көлікті болсын!» республикалық акциясы аясында көші-қон мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаудың тұжырымдамасын жасап, партияның желілік жоспарына енгізді. Соның арқасында оралмандардың күрмеулі күйде қалған көп мәселесі шешімін тапты.

Таратып айтқанда, тұрғын үй және шаруашылық мақсатында жер телімдерін алу; ҚХР-дан көшіп келіп, тұрақты тіркеуге тұруда кедергі болып келген «Шығу парағы», «Соттылық туралы» анықтама; мерзімі өтіп кеткен «Оралман» мәртебесінің уақытын азаматтық алу мақсатында бір мәрте ұзартып беру сынды маңызды мәселелері мемлекеттік деңгейде шешілді. Бұл ұлы тәуелсіздіктің арқасында алыс-жақын шет елдерден көшіп келіп, Атажұртына қоныс тепкен, бұл күнде саны бір жарым миллионға таяған қандасымыз бен көшіп келудің сәт-сағатын күтіп отырған шекара сыртындағы этникалық қазақтарды бір серпілткен шаруа болды.
«Көші-қон – ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тәуел­сіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған тұңғыш һәм ұлы саясаты. Нұрсұл­тан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайын­ды Атажұртқа шақыру туралы шығарған батыл әрі тарихи шешімі!» деген сөзді әр кез қайталаудан жалыққан емеспін. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаудан бір ай бұрын, нақтылап айтсақ, Қазақ КСР Министрлер кеңесіне 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республи­ка­лардан және шет елдерден селолық жер­лерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныс­тан­дыру тәртібі мен шарт­тары туралы» арнайы №711 Қаулы шы­ғартқан. Сөйтіп, сол жылдың келесі айының 16 күні Қазақстан тәуелсіздігін алды. Арада он бес күн өткен соң – 1991 жылы 31 желтоқсанда Президен­тіміз «Қа­зақ радиосынан» сөз алып, «Қым­батты отан­дастар! Ежелгі атамекенінен жырақ­тап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауыр­ларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы елара­лық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республи­ка­лардан және шет елдерден селолық жер­лерде жұмыс істеуге тілек білдіруші ба­йырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныс­тандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата­мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жа­рылқасын!» деп «Алыста жүрген аға­йын­дарға ақ тілек» атты Жолдауын жариялады.
Жиырмасыншы ғасырдың екі бірдей алапат соғысын басынан кешіріп, қолдан жасалған ашаршылықтың нәубетін бір кісідей тартып, үш жүз жылға созылған бодандықтың қанды құрсауынан әне-міне құтылар елең-алаң шақта бір-ақ уыс болып қалған қазақтың көшбасшысы ретінде бірінші болып дәл осындай шешім қабылдауы, шынында, ерен ерлік еді!
Біз Елбасымыздың әр сөзіне риясыз сендік. Сенгеніміз соншалық, сол тә­уел­сіз­діктің алғашқы бес жылында 104 009 қа­зақ бірден Отанына оралды. Ал екінші бес жы­лында 82 335, үшінші бес жылында 384 506, төртінші бес жылында 308 832, бесінші бес жылында 129 253 қандасымыз лап қойды…
Экономикасы әбден тұралап тұрған сол тоқырау жылдарында осыншама қазақты қабылдап, ел қатары қатарына қосу, нұрлы күнге жеткізу – Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы көрегендік пен көшбасшы­лық­тың айқын белгісі! Кеше ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың президент болудың қиын­дығы туралы айтқан «Көш­басшы болудың нағыз қиындығы оның әрдайым бірінші болуында. Сен барлығын алға алып жүресің. Бірақ қайда алып бара жатқаныңды білуің керек. Алайда шешімді сен қабылдауың керек. Олар жазған­дарына жауап бер­мейді. Президент шешім қабылдап, оған жауап беруі керек. Міне, президенттің жал­ғыз­дығы деген осы. Сен жалғыз өзің отырып, жұмыс істейсің!» деген жүрек толқытар бейне­жазбасы жарияланды. Тыңдап отырып, көзіме жас алдым. Ойыма бірден Елба­сы­ның №711 Қаулысы келді, құлақ түбімен «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» деп, нық сеніммен, ақ жүрекпен саңқыл­дап тұрған мейірімді дауысы қайта естіл­гендей болды. Міне, содан бергі отыз жылға таяу уақыттағы Қазақ көшінің басып өткен аумалы-төкпелі жолы біздің көз алды­мызда: 1992 жылы 30 қыркүйектен бас­тап, бүгінге дейін әлем қазақтарының бес құрылтайы өтті. Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы, «Отандастар» қоры құрыл­ды. Ең маңыздысы 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» арнайы заң қабылданды. Аталған заңға қазірге дейін бес мәрте өзгертулер мен то­лық­тырулар енгізіліп, қандастарымыздың құқықтық мәртебесі бекітіліп, жеңіл­детілген тәртіппен құжат­тану, әлеуметтік жеңілдіктер алу, жұмыспен қамту сынды барлық мәселесі заңдасты­рылды. Алда тағы да жетілдіре түсу жұмыс­тары жүр­гізіліп жатыр.
Оның сыртында, Шет елдегі қазақ диас­порасының білім алу қажеттігін қана­ғаттандыру үшін Қазақстан Үкіме­тінің
2012 жылғы 28 ақпандағы №264 Қау­лысы арқылы Қазақстан Респуб­ли­касының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін 2 пайыз мүмкіндік берілген. Елбасы тапсырмасымен ол квота былтыр
4 пайызға көбейді. Сондай-ақ Үкіметтің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 Қаулы­сымен Оралмандарды қоныстандыру үшін арнайы жеті облыс белгіленді. Аталған өңірлерге қоныстанғысы келетіндерге әр жылы өңірлік квота үшін Үкімет есебінен қомақты қаржы бөлініп келеді.
Бүгінгі таңда Тәуелсіздіктің, Отанның қадірін біліп, атажұртымда тұрақтап қа­ламын деп көшіп келген және көшіп келгісі келетін қандастарымыз үшін еш кедергі жоқ! Ұлт Көшбасшысы: «Елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шек­теу жоқ. Шетте жүрген ба­уыр­ларға жанашыр болу – әрбір қазақ­стандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды!» – деп шегелеп айтты. Ендеше, әлемде шашырап жүрген барша қазақтың басы атажұрты – Қазақ­станда қосылуды нәсіп етсін!

Ауыт МҰҚИБЕК,
ақын, «Нұр Отан» партиясы
Республикалық қоғамдық қабылдау
бөлмесінің консултанты

Дереккөз: Айқын