Қазақ көші – партия назарында
«Нұр Отан» партиясы соңғы үш жыл көлемінде Қазақ көшіне баса назар аударып, «Көш көлікті болсын!» республикалық акциясы аясында көші-қон мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаудың тұжырымдамасын жасап, партияның желілік жоспарына енгізді. Соның арқасында оралмандардың күрмеулі күйде қалған көп мәселесі шешімін тапты.
Таратып айтқанда, тұрғын үй және шаруашылық мақсатында жер телімдерін алу; ҚХР-дан көшіп келіп, тұрақты тіркеуге тұруда кедергі болып келген «Шығу парағы», «Соттылық туралы» анықтама; мерзімі өтіп кеткен «Оралман» мәртебесінің уақытын азаматтық алу мақсатында бір мәрте ұзартып беру сынды маңызды мәселелері мемлекеттік деңгейде шешілді. Бұл ұлы тәуелсіздіктің арқасында алыс-жақын шет елдерден көшіп келіп, Атажұртына қоныс тепкен, бұл күнде саны бір жарым миллионға таяған қандасымыз бен көшіп келудің сәт-сағатын күтіп отырған шекара сыртындағы этникалық қазақтарды бір серпілткен шаруа болды.
«Көші-қон – ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған тұңғыш һәм ұлы саясаты. Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған батыл әрі тарихи шешімі!» деген сөзді әр кез қайталаудан жалыққан емеспін. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаудан бір ай бұрын, нақтылап айтсақ, Қазақ КСР Министрлер кеңесіне 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы №711 Қаулы шығартқан. Сөйтіп, сол жылдың келесі айының 16 күні Қазақстан тәуелсіздігін алды. Арада он бес күн өткен соң – 1991 жылы 31 желтоқсанда Президентіміз «Қазақ радиосынан» сөз алып, «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шет елдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деп «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты Жолдауын жариялады.
Жиырмасыншы ғасырдың екі бірдей алапат соғысын басынан кешіріп, қолдан жасалған ашаршылықтың нәубетін бір кісідей тартып, үш жүз жылға созылған бодандықтың қанды құрсауынан әне-міне құтылар елең-алаң шақта бір-ақ уыс болып қалған қазақтың көшбасшысы ретінде бірінші болып дәл осындай шешім қабылдауы, шынында, ерен ерлік еді!
Біз Елбасымыздың әр сөзіне риясыз сендік. Сенгеніміз соншалық, сол тәуелсіздіктің алғашқы бес жылында 104 009 қазақ бірден Отанына оралды. Ал екінші бес жылында 82 335, үшінші бес жылында 384 506, төртінші бес жылында 308 832, бесінші бес жылында 129 253 қандасымыз лап қойды…
Экономикасы әбден тұралап тұрған сол тоқырау жылдарында осыншама қазақты қабылдап, ел қатары қатарына қосу, нұрлы күнге жеткізу – Нұрсұлтан Назарбаевтың бойындағы көрегендік пен көшбасшылықтың айқын белгісі! Кеше ғана Нұрсұлтан Назарбаевтың президент болудың қиындығы туралы айтқан «Көшбасшы болудың нағыз қиындығы оның әрдайым бірінші болуында. Сен барлығын алға алып жүресің. Бірақ қайда алып бара жатқаныңды білуің керек. Алайда шешімді сен қабылдауың керек. Олар жазғандарына жауап бермейді. Президент шешім қабылдап, оған жауап беруі керек. Міне, президенттің жалғыздығы деген осы. Сен жалғыз өзің отырып, жұмыс істейсің!» деген жүрек толқытар бейнежазбасы жарияланды. Тыңдап отырып, көзіме жас алдым. Ойыма бірден Елбасының №711 Қаулысы келді, құлақ түбімен «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» деп, нық сеніммен, ақ жүрекпен саңқылдап тұрған мейірімді дауысы қайта естілгендей болды. Міне, содан бергі отыз жылға таяу уақыттағы Қазақ көшінің басып өткен аумалы-төкпелі жолы біздің көз алдымызда: 1992 жылы 30 қыркүйектен бастап, бүгінге дейін әлем қазақтарының бес құрылтайы өтті. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар» қоры құрылды. Ең маңыздысы 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» арнайы заң қабылданды. Аталған заңға қазірге дейін бес мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қандастарымыздың құқықтық мәртебесі бекітіліп, жеңілдетілген тәртіппен құжаттану, әлеуметтік жеңілдіктер алу, жұмыспен қамту сынды барлық мәселесі заңдастырылды. Алда тағы да жетілдіре түсу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оның сыртында, Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттігін қанағаттандыру үшін Қазақстан Үкіметінің
2012 жылғы 28 ақпандағы №264 Қаулысы арқылы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін 2 пайыз мүмкіндік берілген. Елбасы тапсырмасымен ол квота былтыр
4 пайызға көбейді. Сондай-ақ Үкіметтің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 Қаулысымен Оралмандарды қоныстандыру үшін арнайы жеті облыс белгіленді. Аталған өңірлерге қоныстанғысы келетіндерге әр жылы өңірлік квота үшін Үкімет есебінен қомақты қаржы бөлініп келеді.
Бүгінгі таңда Тәуелсіздіктің, Отанның қадірін біліп, атажұртымда тұрақтап қаламын деп көшіп келген және көшіп келгісі келетін қандастарымыз үшін еш кедергі жоқ! Ұлт Көшбасшысы: «Елім, жерім деп еміренген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Шетте жүрген бауырларға жанашыр болу – әрбір қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды!» – деп шегелеп айтты. Ендеше, әлемде шашырап жүрген барша қазақтың басы атажұрты – Қазақстанда қосылуды нәсіп етсін!
Ауыт МҰҚИБЕК,
ақын, «Нұр Отан» партиясы
Республикалық қоғамдық қабылдау
бөлмесінің консултанты
Дереккөз: Айқын