қазақ киносының жаңа жұлдызы Альмира кім
Ұлы Даланы ұлықтаған патшайым туралы тарихи фильм екі жарым жыл түсірілді. Оның бюджеті шетелдік фильмдермен салыстырғанда жүз есе төмен
НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. «Томирис» фильмінің бюджеті жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Арман Асеновтың айтуынша, фильм мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Оған толығымен мемлекет қаражаты жұмсалды.
«Негізі, шетелдің «Гладиатор», «Царство небесное», «Храброе сердце» сияқты фильмдерімен салыстырғанда «Томиристің» бюджеті он есе, тіпті жүз есе төмен. Себебі Қазақфильм қымбат фильмдерді түсіре алмайды. Жаңа тарихи туындының бюджеті «Анаға апарар жол» мен «Қазақ хандығынан» артық болған жоқ. Бізде нақты шектеу бар, біз одан аса алмаймыз», — деді Асенов астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Журналистер нақты соманы атауды сұрады. Осы кезде компания басшысы «Томиристің» бюджеті 10 миллион доллардан аспағанын жеткізді.
«10 миллион доллардан төмен деп отырмыз ғой, теңгемен санағанда, ол шамамен 3 миллиард теңге», — деп атап көрсетті Асенов.
Ал мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов фильмнің нақты бюджетін атады.
«Бұл кино мәдениет және спорт минстрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Сондықтан нақты бюджетін айтайын, оған 2 миллиард 259 миллион теңге бөлінді. 3 миллиард емес, 2,2 миллиард теңге», — дейді Дәуешов.
«Томирис» қалай түсірілді?
Режиссер Ақан Сатаевтың айтуынша, фильм екі жарым жыл түсірілді. Сценарий Геродоттың нұсқасы негізінде жазылды. Алайда Иранда оны мойындамайды екен.
«Түсіру алаңына бір уақытта 800-ге жуық адам шыққан күндер де болды. Ал шығармашылық топтың құрамы 400 адамға дейін барды. Үш төрт алаң болды. Олар – Қапшағай, Шонжа, Алматы және Бурабай. Бас кезінде Кир түсетін кадрларды Мароккода түсіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ қаражатты үнемдеуге шешім қабылданды. Сөйтіп, Қазақфильмнің түсіру алаңдарында декорацияларды өзіміз жасап, сол жерде түсірдік», — деді Сатаев бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Оның ойынша, Томирис рөлін ойнаған Альмира Тұрсын кинода жаңа жұлдызға айналады.
«Альмира кино табалдырығын енді-енді аттап жатыр. Бірақ менің сенімін мол. Енді, біз киноны көрдік, білеміз. Ертеңнен бастап біздің киномызда жаңа жұлдыз пайда болады деп айта аламын «, — дейді Сатаев.
Ал Альмира Тұрсын фильмнің дайын нұсқасын әлі көрмегенін жеткізді. Сол себепті бүгінгі тұсаукесерін асыға күтіп отыр.
«Мінеки, бүгін біз екі жыл түсірген киномызды көрсетеміз. Премьерасына да жеттік. Мен өте қуаныштымын. Бұл – менің дебютім. Өзім ешқашан актриса болған жоқпын. Мамандығым басқа еді. Бірақ құдайға шүкір, сіздерге рақмет, маған сеніп, үлкен жобаға алдыңыздар. Мен үшін бұл – үлкен бақыт. Қазір уайымдап отырмын. Бірақ фильм жақсы шықты деп ойлаймын. Өзім соңғы нұсқасын әлі көрген жоқпын. Бүгін өзім де көрермен болып барамын», — дейді ол.
Жаңа туындыны түсіруге шетелден мамандар тартылған жоқ. Барлығын отандық мамандар ойнап шықты.
Айта кетейік, бүгін астанада «Томирис» фильмінің тұсаукесері өтеді. Ертең, Алматыда, ал, 27 қыркүйектен бастап барлық кинотеатрда көрсетіледі. Фильмге еліміздің танымал кино жұлдыздары түскен. Олар – Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков және тағы басқа актерлар. Кирдің рөлін Ридли Скоттың «Царство небесное» фильмінде Саладин патшаны сомдаған Голливуд актері Гасан Масуд ойнап шықты. Кейіпкерлер көне түркі және көне парсы тілдерінде сөйлейді.
sputniknews.kz