Қазақ киносындағы бетбұрысты кезең
Біздің ойымызша, қазақ киносы үшін бұл жылдағы ең үлкен табыс – кинематография туралы заңның қабылдануы болды. Заң тармақтарына «Ұлттық кино» деген ұғым енгізілді. Оған белгілі дәрежеде жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, ұлттық киноны көрсеткен кинотеатрлар корпоративтік салықтан босатылады. Ұлттық фильмдерді қаржыландырумен, прокаттаумен айналысатын Ұлттық кино қоры құрылады. Шетелдік фильмдер қазақша дубляжбен немесе субтитрмен аударылу міндеттеледі және заң құзыретті органдардың дистрибьюторларды белгілі бір деңгейде бақылауға мүмкіндік береді. Ол кинотеатрдағы билет сатылымы бойынша болып жататын келеңсіздіктерді жоюға септігін тигізбек.
Биыл қазақ киносына «Талан» (реж.Б.Қалымбетов), «Өзен» (реж.Э.Байғазин), «Әміре» (реж. Д.Веспа), «Елбасы жолы. Астана» (реж. А.Сатаев), «Қазақ хандығы» (реж. Р.Әбдірашев), «Тренинг личностного роста» (реж. Ф.Шәрипов), «Балуан Шолақ» (реж. Н.Сәдіғұлов), «Шабдалы» (реж. Ж.Құсайынов) сынды 50-ге жуық көркем фильм қосылыпты. Бұл жылдағыдан әлдеқайда көп. Оның 13-і «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі болса, қалғаны жеке киностудияларда дайындалған. Сонымен бірге «Қазақфильм» 12 деректі, 10 қысқаметражды және 2 толықметражды анимациялық фильм жасағанын да айта кетейік.
Жеке студиялар дайындаған «Бизнес по-казахский в Америке», «Ұлы дала комедиясы» секілді фильмдер отандық прокатта көп қаржы жинағаны белгілі болды. Бұл да болса, сеңнің бұзылып, қазақ көрерменінің отандық киноға бет бұра бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ шетелге барып фильм түсіру де біздің өндіріске қан жүгіртетін жақсы үрдіс. Сонымен бірге тарихи сериалдар түсіруге серпіліс пайда болғандай жыл болды. «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысымен таспаланған «Тар заман» (реж. М. Бидосов), «Кейкі мерген» (реж.М. Бидосов) атты екі бірдей сериал аталған арнада көрермен назарына ұсынылды.
Анимациялық жобалар да бұрынғыдан көш ілгері болған секілді. «Мұзбалақ» (реж. Т. Майдан, Т.Төлеуғазы) және «Күлтегін» (реж. А.Әбілда) фильмдері ауқымды прокатқа шығып, көпшілік көңілінен орын тапса, «Болашақ» қауымдастығы диснейлік екі бірдей өнімді «Ральф интернетке қарсы» және «Шақылдақ пен төрт патшалық» мультфильмдерін қазақ тілінде сапалы дубляждап, жас көрермендерін қуантты. Сондай-ақ, «Балапан» телеарнасы «Дала ойындары», «Айдар», «Ертемір» сынды үш ауқымды анимациялық жобаның тұсауын кесті.
Биылғы ерекше бір жаңалық – Сергей Дворцевойдың «Айка» атты фильмінде басты рөлді сомдаған Самал Еслямова 71-Канн фестивалінде «Үздік актриса» аталымында бас жүлдені жеңіп алуы болды. Сондай-ақ отандық фильмдер бірқатар шетелдік кинофестивальдерден жүлделі оралды. Олардың кейбірін атап өтсек, 75-ші Халықаралық Венеция кинофестивалінде «Өзен» (реж. Э.Байғазин) фильмі «Үздік режиссер» аталымына ие болса, халықаралық мұсылман киносының фестивалінде «Ласковое безразличие мира», (реж. Ә.Ержанов) фильмінде үздік актер аталымы бойынша Қуандық Дүйсенбаев бас жүлде еншіледі. «Ислам әлеміндегі мәдениеттер диалогы үшін» сыйлығы «Әкеге қоңырау шалу» (реж. С.Апрымов) фильміне берілді. Биылдың еншісінде бұдан басқа да жүлделі фильмдер бар.
Қазақ киносы үшін ерекше бір маңызды жаңалық – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында отандық кино тақырыбына арнайы тоқталып, біздің тарихи картиналарымыз үшін болашақ бағыттарды айқындап беруі. Мақаланың отандық кино туралы «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» атты бөлімінде: «Тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу керек.
…Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек» деп шегелеп тұрып жазуы алдағы уақытта отандық киноны тың серпіліс күтіп тұрғанын аңғартқандай.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/