Қазақ халқының сақталып қалуы қазақ әйелдерінің арқасы – саясаттанушы

0
52
Фото: Алматы ақшамы

Қазақ халқының сақталып қалуы қазақ әйелдерінің арқасы. Бұл әсіре мақтау емес, бұл шындық. Көпшілік көргісі келмейтін, мойындағысы келмейтін ақиқат. Сау санамен қарасақ, расы осы. Біз тозақтың сан сатысын өткен халықпыз. Әр тозақтан кейін бізді ұлт ретінде әйелдер сақтап қалды. Әр тозақтан соң.

«Ақтабан шұбырындыда» халықтың үштен бірі қырылды. Әйелдер өмірге ұрпақ әкеліп, сақтап қалды. ХХ ғасырда біз құрып кетудің алдында болдық. Өткен ғасырға әлемдегі ең көп халық болып кіріп, ең аз халықтың бірі ретінде шықтық. Бірақ жойылмадық. Әйелдер біздің ұлтты құтқарып қалды. 1916-жылғы ұлт-азаттық соғыс, артынша келген төңкерістің қырғыны, 1919-1921-жылғы 1.5 млн қазақ қырылған аштық, 1931-33-жылғы 3 млн қазақты қасақана қырғынға ұшыратқан геноцид, 1937-38-дегі ату, асу, 1941-45-тегі қазақты қатысы жоқ соғысқа айдап салу саясаты бізді ұлт ретінде мүлдем жойып жіберуі тиіс еді. Миллион, миллион өліктер. Отарлаушы миығынан күліп, «алдағы уақытта қазақтың күні қараңғы, ұлт ретінде жойылады» деп іштей ойлады. 1959-жылы қазақ өз жерінде 29% ғана болып қалды. «Саудасы бітті» деді коммунистік Мәскеу. Бітпеді. Саудамызды әйелдер бітірмеді. Тағы құтқарды. Алтын құрсақ аналар 8-10 баладан өмірге әкелді. Жарты ғасырлық қырғынға қазақ аналарының жауабы осы еді. Керемет жауап. Бас иетін жауап, біз ұмытпайтын жауап. Қазақ қайта тірілді. Оған ұлт ретінде жан берген Қазақ әйелі еді.

Тоқсанның тоқырауы келді. Жұмыссыздық, дағдарыс, елде қаржы жоқ. Сол сәтте де аналар елді алға сүйреді. Сауда жасады, ала дорба арқалап, отбасын асырады.

Қазақ әйелінің образы кең. Ол – батыр, ол – ардақты ана, ол – аяулы жар, ол – ұлтты сақтаушы, ол – отбасының ұйытқысы, ол – тәлім-тәрбие беруші. Қазақ әйелі кең ұғым. Оны тек шынайы қазақ ері түсінеді.

Қазақ халқы да әйелді сан ғасыр құрмет тұтып келеді. Еуропа әйелді мыстанға теңеп, отқа жаққанда, арабтар тірідей жерге көмгенде, біз қадір тұтып, қастерлегенбіз. Оған Тұмар, Бопай, Назым, Гауһар, Зере, Айғанымдар дәлел. Сондықтан қазақ әйелінің қандай болуы керектігін бізге араб пен батыс үйреткені қаншалықты дұрыс?!

Бізге әйелдің қоғамдағы рөлін басқалар үйретпесін. Араб сияқты әйелді тұмшалап, үйге қамап, қажет сәтте ұрып, қажет сәтте талақ ететін тексіз емеспіз. Әйелдің шынайы, нәзік табиғатын ұмыттырып, жалған идеологияны санасына сіңіріп, қартайған шағында құшағында немере емес, мысық құшақтап отыратын жолды да құп көру қателік. Біздің өз жолымыз бар, өз болмысымыз бар.

Иа, қоғамда әйел құқығын таптайтындар бар. Ұрып-соғатындар да, әйелді төмен санап, құл сияқты ұстау керек дейтіндер, қыз тапса таяққа жығатын неандерталь түсініктегілер де жетерлік. Оларды заңмен жазалау керектігін әлбетте қолдаймын. Әйел ол адам, ал адамның құқығы заңға сай қорғалуы міндетті.

Дей-тұра бүгін көтерілген ұрандардың кейбіріне қосыла алмаймын. Олар «ана болу міндет емес», «өз жатырым – өз ережем» деген сынды түсініксіз ұрандар. Бұл сонау сансыз тозақта қазақты аман алып қалған батыр аналардың ұстанымдарына қарсы лозунгсымақтар екен. Бұл біздің қоғам насихаттауға тиіс дүние емес. Аз ғана қазақ, аз ғана Алаш баласы қазақ әйелі ана болудан бас тартса қалай көбеймек, қалай мына жерді сақтап қалмақ? Қазақтың жолы бұл емес.

Қазақтың отбасы үлкен, баласы көп, ері де, әйелі де қызмет ететін, бір-бірін сыйлап, түсінетін, бір-бірін құрметтейтін, сүйетін, білімге ұмтылатын бақыт ордасы болуы тиіс. Қазақ әйелі ғажап жаратылыс иесі ғой. Қазақ әйелі тек бала тауып, үйден шықпай отыратын Таяу Шығыстың бейбағы емес. Қазақ әйелі «бала керек болса өзің тауып ал» деп еріне аш қасқырша атылатын да жан емес. Қазақ әйелі ол – ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ.

ПыСы: Менің екі қызым бар. Оларды шексіз жақсы көремін. Сондай-ақ оларды өмірге әкелген жарымды да ыстық сезіммен сүйемін. Анамды шексіз құрмет тұтамын. Мен үшін қазақ әйелі ол ардақты ана, аяулы жар және қызғалдақ қыз.

Бүгін шеруде мен ЛГБТ туын байқадым. Ал бұл әйел құқығы идеясын бүркеніп, басқа құндылықтарды (құнсыздықтарды) тықпалау. Кешіріп қойыңыз, мен халифаттың туын тіккісі келетіндерге қалай қарсы болсам, ЛГБТ туының тігілуіне де сондай қарсымын. Өзіміздің кім екенімізді шығыстан да, батыстан да, Ресейден де, Қытайдан да іздемей, мүмкін өзіміздің болмысымызға бір қарармыз. Ұмыт болған, ұмыттырған болмысқа. Постта ойымды жеткізе алдым ба, білмеймін. Ұнамаса қарсы пікір жазуға, достықтан шығып, банға тығуға құқылысыз.

Асхат Хасенғали, Facebook парақшасынан

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету