Қазақ халқы туған күнді неге тойламаған

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қазақ халқы туған күн мен мерейтойды ешқашан тойламаған. Мұндай шаралар қоғамның бірлігін бұзады деген пікір қалыптасқан

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Жазушылар мен этнограф ғалымдар Sputnik Қазақстан тілшісіне туған күнді тойлау мәдениетінің қайдан шыққанын және оның қоғамдық қатынастарға қалай әсер ететінін айтып берді.

Қазақ мүшел жасты ғана тойлаған

Танымал сатирик Көпен Әмірбек қазіргі тойлар ата-бабалардың салтынан ажырап барады деп санайды. Мәселен, бұрын қазақ халқы туған күн мен мерейтойды атап өтпеген.

«Біздің дәстүрімізде нәресте дүниеге келгенде шілдехана өткізеді. Сосын бесік тойы мен сүндет тойы бар, ал енді, жыл сайын туған күнді тойлайтындарды түсінбеймін. Дарақылық қой. Қазақтар өзінің мүшел жасын тойлаған. Алғашқы мүшел 13- те, ары қарай 12 жылдан қоса береді. Мүшел жастан аман-есен шықтым деп, қымбат киімін, затын садақа салтымен жұртқа береді. Сонда әр мүшелді тойлап тұрудың өзінде үлкен имандылық жатыр. Ал жыл сайын туған күнін тойлаған қазақ туралы қай кітаптан оқыдыңыз? «, — деді Әмірбек Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Жазушының айтуынша, той өткізу жағынан ата-бабаларымыздың асықтай шашылып қалған әдет-ғұрпын мен салт-санасын жаңғырту қажет. Себебі оның үлкен тәрбиелік мәні бар.

«Қазақ халқы ұжымдық санаға мән берген»

Этнограф Досымбек Қатран қазақ салтында туған күн мен мерейтойды атап өту салтының болмағанын растап отыр. Оның бәрі еуропалық мәдениеттен келген.

«Кеңес заманында бірлі-жарым болған еді. Бірақ соңғы 20 жылда кәдімгідей дәстүрге айналып кетті. Ал қазақта туған күн тойламаудың себебі мынада, Наурыз мерекесінде бәрі бір-бірін құттықтап, «Жаңа жасыңыз құтты болсын!», «Бір жастарың құтты болсын!» деп тілек айтатын. Себебі ортақ сана, ұжымдық сана болатын. Қазіргі заманда соның бәрін ысырып қойып, индивидуализмге, эгоизмге бас ұрдық. «Туған күніммен құттықтамадың!» деп ренжитін аталар пайда болыпты», — дейді ғалым.

Оның сөзіне қарағанда, қазақ халқы ұжымдық санаға көп мән беретін. Себебі бұл – ұлтты біріктіруші фактор. Осылайша, Наурызда барлығы «жаңа жасты» тойлау арқылы бір мақсаттың аясында топтасатын. Енді, еуропалық мәдениеттің салдарынан осы бір үлкен салттан ажырап барамыз.

«Ашығын айту керек, қазір даңғаза, дақпырт, дабыра болған тойлар сәнге айналып кетті ғой. Адамдар бір-бірімен бәсекелесіп, қайдағы бір болмаған дүниелерді жаңғырттық деген сылтаумен оны тойға енгізіп жатады. Негізі, жөнсіз шашылу, бәсекелесу, ақша жұмсау түк қажеті жоқ нәрсе ғой. Бізде көп тойларды ет жақын туысқандармен өткізуге де болады. Отбасылық той бар, ағайынмен өткізетін шағын тойлар бар. Осыны, көп жағдайда, ескермей, жөнсіз ақша шашып жатамыз», — деп атап көрсетті Қатран.

Мемлекеттік реттеу керек пе?

Ал профессор Бибізия Қалшабаеваның ойынша, қазіргі тойларды мемлекеттік тұрғыда реттеу керек.

«Мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстанда тойдың нақты уақытын белгілеп қойған. Сосын қонақ санына қарай шектеу енгізу керек деген ұсыныстар бар. Өйткені бүгінде 500-700 адам жиналатын тойлар аз емес. Әсіресе, оңтүстікте ондай жиындар көп. Бір жағынан көп адам отырған тойды басқару қиын. Ал кештің ортасында залдың жартысы кетіп қалады. Меніңше, кейбір тойларды жақын туыспен, көрші-қолаң, доспен атап өтуге де болады», — деді Қалшабаева.

Ғалымның айтуынша, тойларды бұрынғы салтпен өткізуге де болады. Мысалы, күндіз үлкендердің батасын алады, ал кешке қарай шағын құраммен бас қосады. Ондай тәртіп үлкен кісілерге де, жастарға да ыңғайлы.

«Мысалы, біз Түркияның қазақтарын зерттеуге барғанда сол жақтың тойын көрдік. Олар күндіз үлкендерді шақырады, сол жерде палау таратады, шәй береді. Ал кешке қарай мейрамханада тәтті тағамдармен отырыс өткізеді, басқа ештеңе жоқ. Сонда менің байқағаным, бай мен кедейдің айырмашылығы жоқ, дастарқаны бірдей. Ал бізде дастарқанды сынап отырады ғой. Өзара бәсеке мен ысырапшылық осыдан басталады», — дейді Қалшабаева.



sputniknews.kz