қазақ халқы еріншек деген әңгімені доғару керек

0

Президент Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз — Sputnik. Қордайдағы тәртіпсіздікке екі қылмыстық топ арасындағы текетірес себеп болды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты. 

 

 

«Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды», – деді президент.

Мемлекет абсшысы тергеу жұмысы заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін айтып, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

Сондай-ақ кездесуде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, Жамбыл облысының «Құрметті азаматы» Төле Сүгірбай сөз сөйлеп, аудандағы әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешу жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Президенттің айтуынша, тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы шын мәніндегі мемлекет құраушы ұлтқа айналды. Мемлекет басшысы ауыл ақсақалдары осы бағытта жұмыс жүргізіп, елдегі береке-бірлікті нығайтып, жастарға дұрыс жол көрсетіп, тәрбие беруі керек екенін атап өтті.

«Төл халқымыздың шынайы қасиеттері, болмысы қандай болуы керек? Бұл, ең алдымен, кеңшілік, жомарттық, жайсаңдық, жасампаздық деген сөз. Біз басқа ұлттарға, өзге елдерге өнеге, үлгі көрсетуіміз керек. Қазақ халқы бейқам, жалқау, еріншек, оның қолынан ешқандай жұмыс келмейді деген жағымсыз әңгімелерді доғару қажет. Бірақ осындай теріс пікірлерді тоқтату үшін өзіміздің еңбекқорлығымызды көрсетуіміз керек», – деді мемлекет басшысы.

Тағы оқыңыз: «Дұрыс түсінген жоқ»: Тоқаев Қордайдағы мәселе туралы айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтаралық татулық – елдің басты құндылығы екенін айтты. 

 



sputniknews.kz