Қазақ ғылымының қауқары қандай?

0

Бұл – үлкен қолдау әрі ауқым­ды меже. Осы орайда елімізде ғылым саласының қаржылан­ды­рылуы көңіл көншіте ме деген сауал туады. Егер, ресми статистикаға назар аударсақ, 2017 жылы ғылыми-зерттеу және тә­жірибелік-конструкторлық жұ­мыстарға жұмсалған қара­жаттың мөлшері ішкі жалпы өнім­нің 0,13 пайызын құраған екен. Бұл – әрине, Елбасы айт­қан межемен салыстырғанда теңізге тамған тамшыдай. Ал өр­кениетті елдерде ғылымның қар­жыландырылуы әлдеқайда жоғары. Мәселен, Израиль – 4,3, Оңтүстік Корея – 4,2, Швейцария – 3,23, Жапония – 3,21, Швеция – 3,2, АҚШ – 2,79, Қытай – 2,07, Ресей – 1,1 пайыз көлемінде ішкі жалпы өнімнен ғылымға қара­жат бөледі. Сәйкесінше, атал­ған елдерде ғылым саласы, со­ның ішінде нанотехнологиялар, ақпараттық технологиялар мен биохимия және тағы басқа сала­лар­дың дамуы көш бойы ұзап кетті. Тұтас өндіріс салалары ро­бот­­тан­дырылып, өнеркәсіптік рево­лю­цияның келесі кезеңіне ер­кін өтіп отыр. Мұның басты се­беп­­терінің бірі, бұл елдерде биз­­нес құрылымдарының ғылы­ми жо­ба­ларды коммерцияланды­руда ық­палы айтарлықтай жоғары. 

Мәселен, әйгілі өндіріс төңкерісшілері санатындағы Илон Маск ғарышты игеру, күн энергиясын пайдалану, электрлі көліктер шығару саласын мемлекеттік емес секторда да дамытуға болатындығын дәлелдеді. 

Бұл бұл ма, адамның ойы­на кел­­мей­тін мақсат-мұ­рат­­­тарымен байыз таппайтын миллиардер қалалар мен құрлықтардың арасын жа­қын­дату үшін түрлі ғылыми жо­ба­ларды қаржыландыруға бел шеше кіріскені белгілі. Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін салушы һәм президенті Клаус Шваб өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты еңбегінде 2025 жылға дейінгі жиырмадан аса бетбұрысты мезетке бастайтын өзгерістер туралы болжамында адамдардың 10 пайызы интернет желісіне қосылған киім киетінін, 90 пайызы мәліметтерді тегін және шектеусіз сақтау мүмкіндігіне ие болатынын, интернет желісіне қосылған 1 триллион датчик болатынын, АҚШ-та алғашқы робот-фармацевт жұмыс істей бастайтынын, оқуға арналған көзілдіріктердің 10 па­йызы интернетке қосылатынын, 3D басып шығару арқылы алғаш­қы автокөлік өндірісі пайда болатынын, халық санағы сияқты үлкен мәлімет көздерін ауыс­тыратын үкімет құрылатынын, тұтыну тауарларының 5 пайызы 3D басып шығару технологиясымен шығарылатынын және басқа да көптеген жаңашылдықтар кү­­ті­летінін айтады. Әрине, мұ­ның бәрі шетелдік ғылымның коммерцияландырылуы жолға қойылғанын меңзейтін маңызды болжамдар.

Қазақстан да ғылыми бағыт­тар­ды коммерцияландыруға қа­дам басқаны белгілі. Яғни, ұзақ жыл бойы нарықтық қаты­нас­тардың енуімен бірге тоқырап қал­ған ғылымды өндіріспен, ин­­новациялық әлеуетпен ұш­тастыруда бірқатар шаруа қолға алынды. Мәселен, он жылға жуық уақыт бұрын, нақты айтқанда 2009 жылы 4 қыркүйекте отан­дық ғалымдардың басын қос­қан алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ғылым мен ғылыми-техникалық әр­іп­тестікті да­мытудың жаңа мо­де­лін құруды ұсынған болатын. Осыдан екі жылдан кейін біршама уақыт орталық және заң шығарушы биліктің назарынан тыс қалған «Ғылым туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ «Ғылым қоры» АҚ-тың дербес қызметін же­­тіл­­діру мақса­тында оны «Па­ра­сат» холдин­гінен шығару үдерісі жүргі­зілді. Аталған қор ғалым­дар­дың ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарындағы жобаларын бизнеспен бірге жүзеге асыруда ұлттық опе­ратор рөліне бекі­ді. Бұл үде­ріс­тер әрине, ғылы­ми жобаларды коммерцияланды­ру­да отандық ғылымдағы қа­саң қағиданың қабырғасын сө­гіп, сеңді жібіткендей бол­ға­ны­­мен, ұлт­тық ғылымды қар­жы­­­­лан­дыру төңі­регінде алып-қаш­ты әңгімелердің тыйылуы­на, ғылыми әлеуеттің теңдей ризашылығына әлі күнге дейін ие бола алмай келе жатқаны бай­қа­лады. 

Өйткені елімізде әлі де болса инновация көрсеткіші төмен, жал­ған ғылыми басылымдарға мақала шығарудан бас тарта қойған жоқпыз. Айталық, 2016 жылы халықаралық қауым­дас­тықта 1797 ғылыми патент сатылса, Қазақстанның үлесі бар болғаны 1 млн долларды құраған екен. Ғылымы алға озған елдер бұл салада орасан табыс табады. Ғылымды қаржыландыру – ғылым арқылы табыс табу деген ұғым. Сондықтан Елбасы Жолдауында әлеуметтік сала­ға бөлінетін шығыстарды 10 пайызға арттыру аясында ғылымның да бюджет қазанының бір құлағына ие болуына мүмкіндік беріледі. Бұл ең алдымен қазақ­стан­дық ғылыми әлеуетті елі­міз­де сақтап қалады, осы арқылы отан­дық ғылым саласын да­мы­ту­ға мемлекеттік деңгейде көр­се­тілетін қуатты қолдау болады де­ген үмітті оятып отыр.

Бұл ретте ғалымдар не дейді? Тех­ника ғылымдарының докторы, профессор Сейітқасым Бай­бе­ков­тің айтуынша, ғылымды қаржыландыруда шешуші рөлге ие Ұлттық ғылыми кеңестің (ҰҒК) функ­циясын жетілдіру қажет. «Ғы­лым комитеті мем­ле­кеттік тап­сырысқа бірнеше ба­ғыт бо­йынша байқау өт­кіз­еді. Ғалымдар өз жобасын қаржыландыруға өтініш бере­ді. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орта­лы­ғы (ҰМҒТСО) бір жобаны үш сарапшыға жібереді. Оның екеуі – шетелдік сарапшы. Оларға еңбекақы төлейді. Ал шетелдіктердің еңбекақысы отандық сарапшылардан әлде­қайда көп. Осы бойынша жобаға қойылатын максималды балл – 36. Бұдан кейін жоба Ұлттық ғылыми кеңеске келеді. Оның 30 шақты мүшесі бар. ҰМҒТСО-ның жобаға берген балын ҰҒК отыр­ы­сында ескермеуі, өткізбей тас­тауы ықтимал. Немесе төмен балл жи­­наған жобаны ҰҒК өт­кізіп жі­береді. Осыдан келіп ғылым­ның төңірегінде дау-дамай, жем­қорлық туралы күмән туады. Міне, негізгі мәселе осыда», дейді ол. 

Ал Ұлттық ғы­лы­ми кеңес мүшелерінің уәжі – шетелдік сарапшылар жобаның мән-маңызын түсінбейді дегенге саяды. ҰҒК-да ҰМҒТСО балын жою өкілеттігі болса, онда сараптаманың қажеті қанша? Бұл ретте ҰМҒТСО өкілдері жобаның әлемдік тұрғыдан өзектілігін бағалау үшін сараптама қажет дегенді алға тартады. Осы орайда ғалымның ұсынысы мынадай. Біріншіден, ҰМҒТСО төмен балл қоятын болса, оны ҰҒК мүлде қарамауы керек. Қазақстанда білімді бағалаудың бірыңғай жүйесі бекітілген. Осы бойынша шекті балды белгілеген абзал. Екіншіден, ҰҒК мүшелері құпия дауыс беріп, оны балға айналдыруы тиіс. Сондай-ақ кей гуманитарлық ғылыми жобаларды бағалауда шетелдік сарапшылар қа­жет емес. Сондықтан оған артық қаражат шығарудың қажеті жоқ. Үшін­шіден, компьютерлік бағ­дарлама арқылы шешім қа­был­дануы тиіс. Оған сұралған қара­жат пен ҰМҒТСО және ҰҒК ба­лын енгізсе, компьютерлік бағ­дар­­лама бас тарту немесе қабыл­­дау туралы шешім шығара­ды. Есеп бойынша сұ­рал­­­ған қара­жат­ты береді немесе кемітеді. Яғни ғалымдар ара­сындағы ғы­лы­ми еңбектерді баға­лау және қаржы­ны бөлудің бірыңғай жүйесі ретінде дау-дамайды тыятын ашық әрі әділетті жүйе болар еді, дейді С.Байбеков.

Бұған орталық ведомство өкілдері не дейді? Соңғы жылдары ел Үкіметінің ғылыми-тех­­ни­­­к­а­лық сая­сатына зер сал­­­сақ, ұлт­тық эко­номикада ши­кі­зат ре­­­­сурстарына тәу­ел­ді­лік­­­ті азай­­тып, ғылымды қа­жет ететін өндіріс саласын құ­­­руға ба­­ғыттала баста­ғанын бай­­қай­­мыз. Бұл тарап­та түрлі бағ­дар­ламалар қабыл­данып, бірқатар іс-шаралардың жүзеге асырыла бастағанына қара­ма­стан, өзекті мәселе же­тер­лік. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі Ғылым комит­еті төрағасының міндетін атқарушы Еркін Садықовпен әң­гі­мелескенімізде, ол атал­ған ведомствода салалық мем­ле­кеттік органдармен және ғылыми қоғамдастықпен бірге ғылым саласын жетілдіру тұ­жы­рымдамасының жоба­сы жа­­сал­­ға­нын жеткізді. Е.Садық­ов­­­тың айту­ынша, ғылыми грант­тар бай­қау­ы­ның құ­жат­­­тарына қойылар талапты же­тіл­діру көзделіп отыр. Мәсе­лен, өтінім формасына ха­­лық­аралық талапқа сай, ғы­лы­ми-техникалық тапсырманы жүр­гізуге қажетті шығын­дар­дың не­гіз­­демесін баптар бойынша көр­сететін қосымша өтінім форма­сы керек. Бұл мемлекеттік бағдарламамен қоса алғандағы бағдар­ламаның мақсатын, мін­детін, тікелей және соңғы нә­ти­желерін, сондай-ақ сала да­му­ының стратегиясын ай­қын­дайды. Сонымен бірге байқау өт­і­німдерін қарау үдерісін же­­тілдіру қарастырылып, ха­лық­­­аралық стандартқа сай сөз саны, зерттеу тобына талаптар, Turnitin, iThenticate жүйелері арқылы плагиаттыққа тексеру жүргізілмек. Сондай-ақ ҰҒК қызметін же­­тілдіру қарастырылуда. Яғни, ғылыми-зерттеу ин­сти­туттары мен ЖОО, ғылыми қоғам­дастық бір­лес­­тік­тері­нің ұсынуымен ке­ң­ес құрамына енетін ғалымдарда 3 Хирша индексі болуы тиіс. Және басым бағыттар бойынша ғалымдардың пайдасына бизнес құрылымдары өкілдеріне қатысты пайыздық өзгерістер, Этикалық кодексті енгізу, құпия дауыс беруді ашық дауыс беруге ауыстыру, ҰҒК отырыстарын ҰМҒТСО интернет-ресурсында тікелей транслияциялау және әрі қарай отырыс жазбасын сақтау сияқты өзгерістер қарастырылған. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама өткізуді ұйым­дастыруды жетілдіру де қа­рал­мақ. Бір уақытта 1 шетелдік, 1 қазақстандық сараптама, эко­но­ми­калық сарап және ҰҒК қарауы, сарапшыны автоматты түрде таңдау көзделіп отыр. Ғылым комитеті сонымен бірге жоғары оқу орны ғылымын дамытуды, ғылым саласындағы салық салуды да жетілдіруді мақсат тұтып отыр. 

Жалпы «Ғылым мен ғы­лы­­ми-техникалық қызмет нә­ти­желерін коммерцияландыру туралы» Заңды жүзеге асыру аясында бірінші бағытта бір­қа­­тар құқықтық-нормативтік ак­ті­лер қабылданып, ғылыми жұ­мыс­тарды коммерцияландыру жоба­сын қаржыландыру мен сарап­тамадан өткізу ережесі бекітілді. Ал екінші бағытта 2016-2017 жылдары гранттық бағдарламалар бойынша 4 байқау өткізілді. Қор желісі бойынша – 2 байқау, Дүниежүзілік банк жобасы аясында 2 байқау өтіп, жалпы сомасы 28 млрд тең­ге­ні құрайтын 138 жоба қаржы­лан­ды­рылды. 2017-2018 жылдары Дүние­жүзілік банктің жобасы ая­сында «Өндірістік сектор конс­орциумы» гранттық бағдар­лар­масы бойынша 2 байқау өтті. Халықаралық ғылым мен коммерцияландыру кеңесінің ұсынысына сәйкес, 6 жоба таңдап алынды. Қазіргі уақытта Елбасы Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ЖОО жанында ғалымдарды бәсекеге қабілетті, халықаралық зерттеулерге араласу және жеке ин­тел­лектуалдық меншігін қорғау мен коммерцияландыруы үшін ағылшын тіліне оқыту жоспарла­нып отыр. 

«Ғалыммен жақын болсаң, қо­лың жетер» дегендей, ғылымға жа­қындау жер-жаһандағы жақ­сы­лық­қа жақындау ғой. Сон­дық­тан ғылым саласында оқ бойы озық болуға мүдделі әлемдік қау­ым­дас­тықта еліміздің де үлесі болуы тиіс.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/