Қазақ газ саласы Құлыбаевтың құрығынан қашан құтылады?

0

Кешегі қаңтар оқиғасы елімізде саяси һәм экономикалық тоқыраудың бар екенін көрсетті. Әділетсіздік халықты көшеге жетеледі. Залым зымияндар елді дүрліктіріп, тыныштығымызды бұзды. Оңтүстік шаһардың өңі қашып, аласапыранның ошағына айналды. Халқымыз жазықсыз жапа шегіп, ана ұлынан, әйел сүйенішінен айрылды.

Біз осылай күдігінен үміті көптеу кезеңді бастан өткердік. Өткеріп қана қоймай, біраз нәрсеге көзіміз жетті. Шыңға қарай өрлеудің орнына құлдырауға бет алғанымызды түсіндік. Осы күнге шейін ел қазынасы билік басындағы санаулы ғана топтың уысында болғанын білдік. Нарықты монополистердің, өз қалтасын ойлаған элита өкілдерінің жайлағанын аңғардық. Осының бәрін жоямыз дедік тағы «Жаңа Қазақстанды» құруды бастадық. Тотыққан санамыз қайта жаңарды. Шенеуніктерді шетінен ауыстырып, реформа жасадық.

Бірақ біздегі бір сала назардан тыс қалды. Ол қазақ мұнай-газ саласы. Өйткені бұл сала әлі де болса ескінің ізімен жүріп келеді. Бір-екі ауыс-түйісті есептемегенде жүйенің сол қалпында қалғанын көріп отырмыз. Себебі ол салада әлі де экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев үстемдік етеді. Ал оның тырнақшаның ішіндегі командасы саналатын адамдар «ҚазМұнайГаздың» құзар басында отыр. Міне, сондықтан тұтас газ саласы бір ғана адамның қалтасына байланып тұрғанда, реформалар оң өзгеріс береді деу қиын.

Сарапқа салар болсақ, еліміздегі газ тасымалдауға арналған құбырлардың 4/3 бөлігі әбден тозған. Алмастырмасқа амал жоқ. Ол үшін қыруар қаржы қажет. Ұлттық операторлар болса, не дерін білмей, не істерін білмей дал?! Онсыз алға қарай даму мүмкін емес. Ауыз толтырып мақтайтын «Қазақстан-Қытай», «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдарының сыйқы сын көтермесе де әйтеуір жұмыс істеп тұр. Ал ескірген инфрақұрылым бір күні емес бір күні техногендік апатқа әкелуі анық. Себебі 50 жыл аз уақыт емес. Кейбір инфрақұрылымның ескіргені соншалық жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де пайдаланылып келеді. Айталық, «Орталық Азия – Орталық», «Бұхара-Орал», «Орынбор-Новопсков» магистралі жөндеу көрмегелі қай заман. Әлде бізге «Союз» газ құбырындағы апат сабақ болмай ма? Жылыту маусымы тақалған сәтте көгілдір отынсыз қала жаздадық. Ал енді осы жерде тағы да бір заңды сұрақ туындайды. Қазақ газ саласы неге Ресейге иек артып алған. Алда-жалда көршіміз газ бермейміз деп қалса не қылмақпыз? Неге Түркіменгаз мысалын қарастырып көрмейміз? Бұл тұрғыдан Қытай ұтымды шешім қабылдап отыр. Олар «Түркіменгаз» мемлекеттік компаниясымен 4 млрд АҚШ доллары көлемінде келісімшарт жасасқан. Қытай осы келісім нәтижесінде жылына 40 млрд текше метр Түркімен газын пайдаланады. Өйткені Түркімен газы Ресейдікіне қарағанда арзан. Біз болсақ байдың баласындай қымбатқа жүгіреміз. Сылтау айтып сытыламыз. Әу баста бізде таңдау болды ғой. Неге жалғыз Ресейдің газына жармасып қалдық. Бұл тұрғыда бір гәп бар. Міне, бұл жерде Құлыбаев командасының иісі шығады. Дәлірек айтқанда, қаңтар оқиғасынан кейін «ҚазМұнайГаз» басшысының орынбасары қызметінен кеткен Жақып Марабаев, 2011 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ-ты басқарған, 2014 жылдан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да жоғары лауазымды қызмет атқарып келе жатқан Данияр Берлібаевтардың атын атауға болады. Жақып Марабаев Құлыбаевтың ең сенімді адамдарының бірі. Данияр Берлібаев та одан кем емес. Ол осыдан бірер ай бұрын өз інісі Мадияр Берлібаевты «МұнайТас» Солтүстік-Батыс құбыр компаниясы» ЖШС Бас директоры лауазымына тағайындамақ болып, жұрттың талқысына түскенін білеміз. Ресей тарапы болса негізгі тұтынушыларынан айрылып қалмаудың амалын жасап, Түркіменгазды тықсырып бағуда. Оның үстіне Еуропа елдері Ресейдің газынан бас тартпақ. Демек екіара үзілсе, Ресей Орта Азияға қарай ойысатыны анық. Сондай-ақ Ресей тұрақты тұтынушысы саналатын Қазақстанды оңайлықпен Түркімендерге бере қоймасы белгілі. Несін жасырамыз, қарсы келгенді аямаймыз деп отырған көрішлеріміз, қазірдің өзіне соғыста неге бізге жақ болмадың дегендей газ беруді қайта-қайта үзіп, құйрығымызды басқылап отыр. Бұл ретте бізді аюдың апанына кез қылған кімдер екен дейсің?!

Ал бізге Орынбордағы газ құбырының жарылуы соңғы ескерту болуы тиіс еді. Бірақ бізде әлі де уақыт бар. Себебі апат айтып келмейді ғой! Қыстың қамын жаз ойласақ игі…

«Адырна» ұлттық порталы

(Фото: massaget.kz)