ҚАЗАҚ ЕЛІ – ӨРКЕНИЕТ БЕСІГІ

0

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстан – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагері деген ойды алға тартып отыр. Осыған орай, еліміздің тарихына жаңадан шолу жасап, оны зерделеп, басқа қөзқараспен қарау керегін көріп отырмыз.

Негізінде ұлттық тарих азаматтардың санасын қалыптастыратын маңызды құралдың бірі және мемлекеттің ұстанып отырған саясатына үлкен демеу болмақ. Сондықтан да қай елдің болмасын айбынын асқақтататын, ұрпаққа мұра болып қалатын, өткеннен тағылым алып, келешекті түсінуге жол ашатын осы – тарих.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тарихқа терең үңіліп, сол арқылы түп тамырымызды білуге мүмкіндік береді.
Қазақстан әлем сахнасында құрылған жас мемлекет болғанымен, оның төл тарихы сонау ежелгі замандағы көне сақтардан, ғұндардан, байырғы түріктерден бастау алып, мыңдаған жылға созылады. Ұлы дала елі мәдениет пен өркениеттің бесігі, адамзаттың дамуына үлкен үлесін қосқан көптеген тарихи процестің шоғырланған орны болған.
Ата-бабаларымыз ең алғаш жылқыны құрықтап, атқа міну мәдениетінің негізін қалаған. Осының арқасында Еуразия құрлы­ғы­ның Шығысы мен Батысын, Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстырып, Жібек жолының пайда болуына септігін тигізген. Қазіргі киім және етік үлгілерінің базалық компоненттерін және металл өндірудің амал-тәсілдерін ойлап табу, бәрі де – Ұлы даланы мекендеген көшпенді халықтың еншісінде. Оған қоса, халқымыз әл-Фараби, Яссауи, Күлтегін, Бейбарыс, Абай сынды талай тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген текті халық екенімізді тағы да бір дәлелдеп отыр.
Ендігі міндет – Ұлы даланың тарихи жолын қоғамымызға, өсіп келе жатқан ұрпағымызға терең түсіндіріп жеткізу. Осыған орай, өткеніміз бен келешекті байланыстыру арқылы халқымыздың тарихи санасын жаңғырту мақсатына бірлескен күшпен жететінімізге сенім мол.

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі