«Қазақ елі – Мәңгілік ел» шеруі өтті

0

Елбасы кітапханасында Тәуелсіздік күніне арналған «Қазақ елі – Мәңгілік ел» тарихи көріністердің шеруі өтті.

 

«Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуындағы Н.Назарбаевтың саяси бастамалары» жобасының білім беру бағдарламасы аясында  жүзеге асырылып жатқан іс-шараны Елбасы кітапханасы өскелең ұрпақты патриотизмге, туған елдің мәдениеті мен тарихын қастерлеуге баулу мақсатында Астана қаласы Білім беру басқармасымен бірлесе ұйымдастырды. Тарихи көріністер шеруінде № 49, 68, 76, 79 мектеп-лицей оқушылары «Алтын адам туралы аңыз», «Түркі әлемі», «Отырар апаты», «Қазақ хандығы», «Алаш зиялылары» атты костюмді қойылымдарды көпшілік назарына ұсынды. Қатысушылар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жерін қорғаған ұлы бабалардың ерлігін сахналады. Сонымен қатар сақ дәуірінен тәуелсіз елге дейінгі орын алған тарихи оқиғаларға ортақтасуға мүмкіндік алды.

 

– Баршаңызды еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бүгін елордадағы төрт мектептің ұстаздары оқушыларымен бірге ғасырлар бойы тарих қойнауында қалыптасып келе жатқан қазақ өркениетін қойылым арқылы көрсете білді. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры»  атты мақаласында айтылған  қазақ тарихының  қайта жаңғыруы мен  көпшілікке жария етілуі – ғалымдардың ғана емес, барша қазақстандықтардың еңбегі. 1991 жылы  Елбасымыздың Тәуелсіздікті жариялауы – ата-бабадан ұрпаққа үндесіп келе жатқан тарихи шешімнің қорытындысы. Ендеше егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді құттықтау сөзінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Кеш соңында шараға белсене атсалысқан бір топ мектеп мұғалімдері алғысхатпен марапатталды.

«Айқын» ақпарат

Дереккөз: Айқын