ҚАЗАҚ ДИПЛОМАТИЯСЫ ЗЕРДЕЛЕнГЕН ЕҢБЕК | «Айқын» газеті

0
75

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы көнеден бүгінге дейінгі аралықта дамудың тарихи сабақтастығы мен ежелден іргелі ел болғанымызды байқатады. Қазіргі жаһандық жағдайда мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етіп, елдікті сақтап, ұлт ретінде жаңғыру үшін көп жұмыс атқарылуы керек.

Президент мақаласының ішінде «Ұлы дала тұлғалары» да аталған. Бұл бағытта БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының ғалымдары 2012 жылдан бері он шақты іргелі еңбек шығарды. Инс­ти­туттың 10 жылдық мерейтойында «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен 2018 жылдың 7 желтоқсан күні осы институттың жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылым­дары­ның кандидаты Сейітқали Дүйсеннің «Қазақстан дипломатиясы» атты еңбегінің тұсаукесері өтті. Автор бұл ғылыми-зерттеу еңбегін жазу үшін талай жыл еңбектенген. Қазақстан дипломатия­сын тарихи зерттеу аспектісінде зерделеген еңбек ел үшін аса маңызды және қажет.
Бұл еңбекте Қазақ хандығы құрылып, қазақ халқы ел болған XV ғасырдан бастап, бүгінгі ХХІ ғасыр аралығындағы дипло­ма­тия­­лық қатынастар қамтылған. Атап айт­сақ, еңбектің бірінші бөлімінде дипло­ма­тия тарихына тарихнамалық шолу, дерек­те­ріне сипаттама берілген. Екінші бөлі­мінде XV-XVIII ғасырларда өмір сүр­ген қазақ хандарының алыс және жақын мемлекеттермен дипломатиясы, Қазақ билерінің дипломатиядағы рөлі, Абылай ханның саясаткерлігі мен мәмілегерлігі, Кенесары ханның дипломатиялық байла­ныс­тары зерттелген.
Зерттеу еңбегінің үшінші бөлімінде Кеңес­тік кезеңдегі қазақ дипломаттары – Алашорда қайраткерлерінің сыртқы байла­ныстары, Түркістан Республикасы­­ның дипломатиясы, Қазақ үкіметінің Мәскеудегі өкілдігі, Қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты Нәзір Төреқұлов, Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеген Тәжібаев, Қазақтың тұңғыш дипломат қызы Балжан Бөл­ті­рікова және Кеңестік заманның дипло­мат­та­рының елшілік қызметтері қарас­ты­рыл­­ған.
Ғылыми еңбектің төртінші бөлімінде Қазақстанның БҰҰ-на қабылдануы, Сырт­қы істер министрлігінің қалыптасуы, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгей­дегі саясаткер, дипломат ретіндегі қызметі, Тәуелсіз Қазақстан дипломат­тары, Қазақстан дипломатиясындағы әйелдер, шетелдегі қазақстандық дипломаттар еңбегі мен қызметі туралы мәліметтер келтірілген.
Осындай құнды және аса маңызды ғылыми-зерттеу еңбегі Қазақстан халқы үшін оның ішіде дипломаттарға, елдің басшылық қызметінде жүрген азаматтарға, Жоғары оқу орындарындағы студенттерге, магистр және докторанттарға қажет.
Жалпы, бұл еңбек еліміздің тарихи тұлғаларына қатысты және дипло­ма­тия­сына байланысты жазылған. Яғни, мемлекеттілігіміздің көнеден бүгінге дейінгі тарихи сабақтастығын көрсетеді. Оны халықтың және жас ұрпақтың
білуі – аса маңызды мәселе.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
Мемлекет тарихы
институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты

Дереккөз: Айқын