Қазақ болғаның, озат болғаның үшін оқуға қабылдамау қандай қорлық?! — Қазыбек Иса

0
1204

Қоғам белсендісі, мәжіліс депутаты Қазыбек Иса facebook парақшасында Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі әділетсіздік туралы жазып, ата-аналардың жолдаған өтінішін жариялады деп хабарлайды kznews.kz тілшісі.

Президент Тоқаев араласуы керек пе бұған да сонда?!.
Премьер бар, министрлер бар, бұған ешкім жауап бере алмай ма?

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ЖАҒДАЙ БАРЫП ТҰРҒАН ӘДІЛЕТСІЗДІК!

Назарбаев мектебіндегі мемлекеттік тілге жасалған бұл әділетсіз шабуыл бастала салысымен, парламентте тіл мәселесін көтеріп жүргендіктен болар, зәбір көрген ата-аналар бірден бізге хат жазды.

“2022-2023 оқу жылына Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне 2178 оқушы сынақ тапсырған. Оның ішінде қазақ тіліне 1483 бала — 68 пайыз, ал орыс тіліне 695 бала — 32 пайызды құрап отыр. Яғни, қазақ тіліне оқуға тапсырғандар саны екі еседен асып тұр. Екі тілде тапсырған үміткерлердің арасында “Өркен” грантын иемденгендердің көрсеткіштері қазақ тілі max: 1424 балл – min: 1186, орыс тілі max: 1404 балл – min: 1126 балл”-деп жазады ашынған ата-аналар.

Сонда орыс сыныбына тапсырған балалар 1126 балмен оқуға түскен де, қазақ сыныбына тапсырғандар 1186 балмен, орыс сыныбына түскен оқушыдан 60 бал жоғары алса да, оқуға түсе алмаған?!. Қазақ сыныбына тапсырған 140-шы баланың балының өзі 1127 бал, яғни орыс сыныбына түскен 1126 бал жинаған баладан қазақ сыныбына тапсырған, бірақ оқуға түсе алмаған 40 баланың балы жоғары!?.

Неге 40 бала оқуға түсе алмаған жоғары бал жинаса да? Қазақ болғаны үшін, озат болғаны үшін, ең бастысы — қазақ сыныбына тапсырғаны үшін!!! Иә, “Азаттық радиосына” сұқбат берген Тимур Шынтаев бастаған ата-аналар тура осылай: “Баламыз жоғары бал алса да, оқуға қабылданбадық, біздің айыбымыз қазақ сыныбына тапсырғанымыз үшін, қазақ болғанымыз үшін”-деп жауап берді.

Бұл барып тұрған масқара дискриминация! Мемлекеттегі Мемлекеттік тілге дискриминация! Бізде ұлты, тілі үшін дискриминацияға ұшыратуға болмайды деген 14 бап бар емес пе? Осы біздің Конституцияның баптары тек өзге этностар үшін жазылған ба, қазаққа пайдасы тиетін кезі бола ма, болмай ма?

2020-2021 оқу жылында 5 қазақ сыныбы, 3 орыс сыныбы бітірді.
Осы жылы 5 қазақ сыныбы, 3 орыс сыныбы қабылданды.
Биыл , яғни 2021-2022 оқу жылы 5 қазақ сыныбы (120 оқушы), 2 орыс сыныбы (40 оқушы) мектеп бітірді.
Бірақ, 4 қазақ сыныбы (100) , 4 орыс (100) сыныбы қабылданды. Яғни, бұрынғы орыс сыныбы оқушыларына 60 бала қосып берді. Ал қазақ сыныбына 60 бала қоспақ түгілі, бұрынғы санынан 20 бала кемітіп жіберді… Шу осы сорақы әділетсіздіктен шығып отыр.

Бұл тілдік және конституциялық дискриминацияға ұшырататын 100/100 теңгермешілік “формуласын” кім жасады? Аты-жөні кім, қызметі қандай?! Мақсаты қандай — қазақ баласын қазақ болғаны үшін, азат болғаны үшін, озат болғаны үшін шырылдатудан басқа?!.
Бұл ұлттық мүдденің, ұлттық негіздің тамырына балта шабар жымысқы саясаттың мақсаты — келесі жылы мұндай қорлыққа шыдамаған ел балаларын орыс сыныбына бере бастайды! Осы — негізгі мақсат!

Иә, бұл Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі ЖАҒДАЙ
БАРЫП ТҰРҒАН ӘДІЛЕТСІЗДІК!

Бізде білім саласында ие бар ма Назарбаев мектебіне? Мемлекетте бұл оқу орнына ешкім жауап бере алмай ма? Ол қандай оқу орны мемлекет ішіндегі мемлекет болатын?!! Оған мемлекеттен ақша бөлінбей ме сонда мемлекеттен тыс болатындай?!.

Назарбаев мектебіндегі наразылық өте орынды! Бұған жоғарыдағы осыған тікелей жауаптылар жауап беруі тиіс қой, қалай шыдап отыр!

Өз елінде өз тілінде жақсы оқығаны үшін жазықты болатын қай елде бар бізден басқа?!. Сол балалар не ойлады екен, қандай елде өмір сүріп жатырмыз деп қамыққаны анық өздерінен 60 бал төмен бал алса да оқуға түсіп жатқан өзге тілді балалардың алдында.

Мынау видеодағы Шыңғыс Сабыр Маратұлы бастаған, орыстілділерден оқ бойы озып тұрса да, алды 60 бал артық алып тұрса да қазақ сыныбына тапсырғаны үшін, жалпы қазақ болғаны үшін оқуға түсе алмай жылап тұрған 40 баланың жанайқайына кім жауап береді? Президент Тоқаев араласуы керек пе бұған да?! Премьер бар, министрлер бар бұған жауап бере алмай ма сонда ешкім?

Қазақ болғаны үшін, озат болғаны үшін 40 баланы жылатып қойып, қалай ас батып отыр “Назарбаев зияткерлік мектебі” басқарма төрайымы К.Шәмшәдинова ханымға?!.

Ата-аналардың да ашынуы өте орынды. Міне қазақ тілді оқушыларға жасалып жатқан тілдік дискриминация!
Барлығы да сол мемлекеттік тіл туралы заң жоқтығынан Тәуелсіздікке 30 жылдан асса да?!.

Бұл барып тұрған әділетсіздік және Назарбаев мектебіндегі намыссыздық!

Бұл мәселеге бәріміз араласуымыз керек және әділдік орнайтынына сенеміз!

Бірден қазақ тілін қолдап жүрген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке шығайын деп ойлағанмын. Сөйтсем,
Назарбаев мектебі Білім министрлігі түгіл мемлекетке де қарамайды дегенді телеарна хабарынан естіп, аузым ашылып қалды?!. Мұндай масқара бола ма, мемлекетіне мектебі қарамайтын?!.
Дәл осы сәтті пайдаланып, Назарбаев дәуірінде орын алған Назарбаев мектебіндегі бұл әділетсіздікті жою керек, мемлекетке қарату керек қарамаса. Бірақ, үкімет қаулысына премьер-министр қол қойып, реттеп отырған, мемлекеттен қаржы бөлініп отырған бұл мектеп қалайша мемлекетке қарамайды?!.

Үздік бал жинап тұрса да, оқуға түсе алмаған Қазақ балалары үшін қосымша сынып ашу үшін кабинет жоқ болып қалады, қаржы жетпей қалады Назарбаев мектебіне? Ал мемлекеттен, яғни, сіз бен біздің салығымыздан құралған қазынадан миллиардтарды алып отырған жоқ па?!. Ол миллиардтарды өз балаларымыздың игілігіне қашан жұмсайды?!. Бір ай бұрын Ресейлік екі математикке он күн дәріс оқығаны үшін 28 миллион 360 мың теңге төлеп бере салған Атымтай-Жомарттығы бар Назарбаев мектебі өз балаларымызға келгенде неге тарылып қалады?!.

Бұндай мемлекеттік тілге дискриминация болмау үшін еліміздегі балабақшалардың барлығы мемлекеттік тілде болатын уақыт жетті.
Өйткені, орыс кластарына баратын балалар орыс тілді балабақшалардан шыққандар… Әрине, оған ол балалар кінәлі емес, ата-аналары кінәлі. Ал ата-аналары бұған отыз жылда да Мемлекеттік тілді міндеттей алмаған біздің биліктің кінәлі екенін ашық айтып жүр қазір…

Жалпы, осы Назарбаев мектебіндегі қазақ тілді балалардың қағажу көруін көтеріп, шырылдап жүрген Darkhan Ardaquly, Байсал Төлен бауырларыма көп рахмет!

Енді мынадай қиын жағдайдан шығу үшін не істеу керек?!. “Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тіліне тапсырған резервте тұрған үміткерлеріне қосымша екі сынып (ол шамамен 50 оқушы) аштыруға ықпал етуіңізді cұраймыз”-дейді ата-аналар. Өте дұрыс, бұдан басқа шығар жол жоқ!

Парламентке біздің атымызға арнап келген 22 ата-ана арызын 2022 жылдың 7 шілдесі күні Премьер-министр Ә.Смайыловқа, Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетовке жолдадық. Жауабын күтіп отырмыз, демалыста жүрсек те бәрін жиып қойып?!.

Заңсыздық тез түзелуі тиіс!
Әділетсіздікке ел енді төзбейді!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ТАПСЫРҒАН ОҚУШЫЛАР ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАП ОТЫР! — Ата-аналар арызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Жарылқасынұлы мырзаға

Өтініш

Құрметті Қазыбек Иса Жарылқасынұлы!
Төменде қол қойған ата-аналар, биылғы жылғы Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне сынақ тапсырған балаларымызға, Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының “Өркен” грантын бөлген кездегі әділетсіздігін көріп, сізге өтініш жазуға мәжбүр болып отырмыз.

2022-2023 оқу жылына Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне 2178 оқушы сынақ тапсырған. Оның ішінде қазақ тіліне 1483 бала — 68 пайыз, ал орыс тіліне 695 бала — 32 пайызды құрап отыр. Яғни, қазақ тіліне оқуға тапсырғандар саны екі еседен асып тұр. Екі тілде тапсырған үміткерлердің арасында “Өркен” грантын иемденгендердің көрсеткіштері қазақ тілі max: 1424 балл – min: 1186, орыс тілі max: 1404 балл – min: 1126 балл.
(Резервте тұрған оқушылардың көрсеткіштері қазақ тілі max: 1186 балл – min: 580 балл, орыс тілі max: 1124 балл – min: 544.)

Көріп отырғаныңыздай, қазақ тіліне тапсырған оқушылардың көрсеткіштері саны жағынан да, білім жағынан да өте жоғары. Бүкіл НЗМ-ге қарағанда да балаларымыздың балдары жоғары деңгейде. Барлығы Алматы қаласындағы білімі жоғары оқушылардың арсынан іріктеліп шыққан дарынды балалар. Осылай бола тұра, теңдей қылып қазақ тіліне 100, орыс тіліне 100, бар жоғы 200 “Өркен” грантын бөлген. Өз отанымыз Қазақстанда Мемлекеттік тілде тапсырған оқушылар дискриминацияға ұшырап отыр.

Құрметті депутат мырза сіздің мемлекеттік тіл қазақ тіліне деген жанайқайыңызды, қолдауыңызды, қазақ тілін дамытудағы үлесіңізді көріп-біліп жүрміз. Жоғарыда жазған жағдайларды ескере отырып, Сізден қолдау күтіп отырмыз. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың қазақ тіліне деген ұмтылыстарына бей-жай қарамайды деп сенеміз. Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тіліне тапсырған резервте тұрған үміткерлеріне қосымша екі сынып (ол шамамен 50 оқушы) аштыруға ықпал етуіңізді cұраймыз.

Құрметпен, өтінішке қол қоюшы ата-аналар. Байсал Төлен бастаған 22 ата-ана қол қойған.