қазақ боксшысы АҚШ-та жеңіске жетті
Қысқа сілтеме алу
Қазақстандық боксшы WBC тұжырымы бойынша вакантты белбеуді қанжығасына байлады, бұл отандасымыздың 14-ші жеңісі
НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Бірінші орта салмақта сынға түсетін қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев (14-0, 7 КО) АҚШ-та мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
Бокс кеші АҚШ-тың Калифорния штатында Гавайан Гарденсте өтті. 31 жастағы отандасымыз аргентиналық Родольфо Мартинеспен (43-9-3, 16 КО) қолғап түйістірді.
Тартысты жекпе-жекте Әшкеев қарсыласын үш рет нокдаунға жіберді. Ал бесінші раундтан кейін Мартинес жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Осылайша қазақ боксшысы кезекті рет мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Әшкеев WBC (USNBC) тұжырымы бойынша АҚШ чемпионының вакантты белбеуін иеленді.
Айта кетсек, бұл қазақстандық боксшының кәсіпқой рингтегі 14-ші жеңісі. Отандасымыз бірде бір рет жеңіліп көрмеген.
Ал Мартинес бүгін кәсіби мансабында тоғызыншы жеңілістің дәмін татты.
Бірнеше жыл бұрын Әшкеев әуесқой бокста бағын сынаған еді.
Еске сала кетсек, тағы бір қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-та өткен бокс кешінде канадалық қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген болатын.
Жәнібек Әлімханұлы қарсыласын нокаутқа жіберді – видео
sputniknews.kz