Қазақ баласы Роналдумен суретке түсу үшін футбол алаңына жүгіріп шықты
Қысқа сілтеме алу
Жас қазақстандық Сингапурдегі матчты таратып жатқан БАҚ-тың объективіне түсіп қалды
НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде — Sputnik. 14 жастағы қазақстандық бала Ахмади Ержанов Сингапурда өтіп жатқан «Ювентус –Тоттенхэм» матчы кезінде алаңға жүгіріп шығып, танымал футболшы Криштиану Роналдумен суретке түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға жексенбі, 21 шілде күні болған. Кейін ол әкесімен бірге полиция бөліміне жеткізіліп, оларға ескерту жасалды.
Ұлдың әкесі Болатбек Әбілхайыровтың айтуынша, ол баласына алаңға шығып, сүйікті ойыншысымен танысуға кеңес берген.
Тағы оқыңыз: Футбол алаңына жүгіріп шыққан қыз ойынды тоқтатты – видео
«Ұлымның туған күніне сыйлық жасап, «Ювентустың» футбол лагеріне жолдама сатып алмақшы болдым. Бірақ жолым болмады. Сондықтан оның көңілін түсірмеу үшін Сингапурде өтетін «Ювентус – Тоттенхем» командасының ойынына билет сатып алдым. Ұлымды оның сүйікті ойыншысы Криштиану Роналдумен кездестіру үшін мәскеулік агенттіктермен келіссөздер жүргіздім. Алайда одан нәтиже шыққан жоқ. Бірақ матч кезінде ұлым футбол алаңына жүгіріп өтіп, өзінің сүйікті ойыншысымен танысуға мүмкіндік алды», — дейді ұлдың әкесі Instagram желісіндегі жеке парақшасында.
Қазақ баласы алаңға жүгіріп шыққан сәтте Криштиану Роналду қосалқы құрамда отырыпты.
Министрлік ресми түсініктеме берді
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты ресми түрде түсініктеме берді.
«Қазақстандық жасөспірім мен оның әкесі жергілікті полиция бөліміне жеткізілді. Сингапурда заң қатал екені белгілі. Сондықтан балаға қомақты айыппұл салынып, билік тарапынан түрлі әкімшілік шара қолданылуы мүмкін еді», — делінген хабарламада.
Бұл жағдайды консул естіген соң, полицияға шұғыл жеткен.
«Ол Қазақстан азаматтарына консулдық қызмет көрсеткен. Яғни аудармашы қызметін атқарған. Себебі, ұсталған бала мен оның әкесі ағылшын тілін тиісті деңгейде білмеген», — деп жазылған хабарламада.
Бұл істің прокуратуға жіберілгеніне қарамастан Сингапурдың құзырлы органдары болған жағдайды түсініп, қазақстандықтарға айыппұл салмай, тек ескерту жасаған. Ахмади Ержановтың үстінен басқа әкімшілік жаза қолданылмаған.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 14 жастағы қазақ баласының жолы болған.
«Ахмадидің жолы болды», — дейді ол.
Сыртқы істер министрлігі шетелдегі Қазақстан азаматтарына қандай да бір жағдай болса, бірден консулға хабарласуға кеңес берді. Сондай-ақ ведомство қазақстандықтарға бөтен елдің заңы мен ережесін бұзбау қажеттігін ескертті.
sputniknews.kz