Қазақ әншісі Витебскідегі «Славян базары» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды

0
314

Қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алды.

Басылымның хабарына қарағанда, жас орындаушылар байқауының бас жүлдесіне қызу талас болған. Екінші турда вокалшылар бас дирижер Виталий Кульбаковтың басшылығымен Беларусь Президенттік оркестрінің сүйемелдеуімен славян хиттерін орындады.

«Кей әртіске үшін бұл өте қиын сынақ болды. Эквадорлық Ванна сияқты алыс елдерден келген қонақтар орыс тілін үйренуге мәжбүр болды. Оңтүстік Америка елінің өкілі «Да ночкой лунною» әнін акцентсіз орындап шықты. Ал кубалық Улисес Карл «Вдоль по Питерской» ән айтты. Алайда, вокалды оркестрмен үндестіру бәріне бірдей оңай бола қойған жоқ, сондықтан қазылар алқасы болжағандай, байқаудың екінші туры бәрін шеші», – деп жазады БЕЛТА.

Қызу тартыста Қазақстан өкілі Рухия Байдүкенова жеңіске жетті. Үздік орындаушыға бас жүлдені қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыс етті. Кейін жеңімпаздың фотосын Facebook-парақшасында Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев жариялады.

Бірінші орынды Сербиядан келген Ирина Арсениевич, екінші орынды украиналық Рената Штифель мен Даниил Мышковец, үшінші орынды словакиялық Иванна мен Әзербайжаннан келген Тофик Гаджиев бөлісті. Сербиядан келген «Славянская надежда» Президентінің арнайы жүлдесін Беларусь премьер-министрінің орынбасары Игорь Петришенко табыс етті.

Қазылар алқасы кеңесіп жатқанда көрермендер алдында Беларусь, Ресей, Украина, Грузия, Қазақстан әртістері өнер көрсетті. Сахнада Николай Носков, Ярослав Сумишевский, Игорь Корнелюк, Ангелина Ломако, Александр Панайотов, Сергей Пенкин, Тео және Ольга Рыжикова, «Корни» тобы ән шырқады.

«Әйтсе де, Димаш Құдайберген сахнаға шыққан кезде, ол қошеметке кенелді, ал оның жанкүйерлері даусы қарлыққанша қолдау білдірді. Әртіске әрі орындаушылар байқауының қазылар алқасының қазіргі мүшесіне фанаттардың қолдауы өте қуатты болды», – деп атап өтті басылым.

Концерт «Салют, фестиваль!» әнімен және отшашумен аяқталды.

Айта кетейік, Талдықорғанда туған 22 жастағы Рухия Байдүкенова вокалмен ерте жастан айналысқан. Қазір бойжеткен Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша үшінші курсында оқиды. Рухия Байдүкенованың диапазоны бес октава.

Еске салайық, 2015 жылы «Славян базары» байқауының бас жүлдесін Димаш Құдайберген жеңіп алған еді.