Қазақ әншілері Meta-дағы әні үшін сыйақыдан қағылды: авторлық құқықты қорғаудың жаңа тетігі енгізіледі

Оны енді онлайн платформа арқылы реттеуге болады
«2024 жылы күз айында болған қазақстандық музыканы Meta платформаларынан алып тастау оқиғасы ұжымдық басқару саласындағы кемшіліктерді айқын көрсетті. Көптеген танымал авторлар мен орындаушылар өздерінің осы платформадағы шығармалары үшін сыйақы алмағандары туралы шағымданды. Осыған орай, бұл саланы цифрландыру қажет. Авторлар мен өзге де құқық иеленушілеріне барлық кезеңді онлайн форматта қадағалау мүмкіндігін беру жоспарланып отыр», — деді Сәрсембаев.
Оның айтуынша, келісімшарт жасау, сыйақы жинау, бөлу және төлеу кезеңдерін онлайн бақылау қажет.
«Жалпы жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформаны енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар, талдау және есептілік жүйесін енгізу, тіркелген зияткерлік меншік объектілері бойынша іздеу жүйелерін жетілдіріп, мобильдік қосымшаны әзірлеу, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны кеңейту қолға алынады», — деді министр.