Қазақ әйелі: Ажырасқан азаматқа тұрмысқа шыққанша, жағдайымды жасайтын шалға тоқал боламын

0

Гала есімді қазақ әйелі тоқал болуға дайын. Тіпті бәйбішемен де жақсы тіл табысып, отбасын берекеге айналдырар едім дейді жалғыз басты әйел. Дана әйел ерінің жағдайын жасайды. Оған тоқалды бірге іздейді. Ұлттық деңгейде ойлаған ақылды әйел тоқалға қарсы шықпайды дейді ол. Алайда оның пікірімен келіспейтіндер жетерлік.

Бұл туралы “Айтарым бар” бағдарламасында айтылды.

Қазақ азаматтарының тоқал алғаны дұрыс па? Бәйбіше мен тоқалдың міндеттері қандай? Бұрынғының тоқалдары қазіргінің көңілдестері емес пе? Бұл туралы психолог маман өз ойын ортаға салды.

“Ер азаматтардың екі түрі болады. Полигамды және моногамды азаматтар болады. Полигамды азаматтар 5% ғана. Ондай еркектер өз отбасында сөзі өтетін, әйеліне айтқанын істей алатын, рухы да, физикалық күші де мықты азаматтар. Олар көңілдес іздемейді. Олар тоқал алады. Тоқалды әйелімен тең көреді. Өзге азаматтар қарамаған, күйеуге тие алмай жүрген, денсаулығында кемшілігі бар әйелдерді алады және оларға жауапкершілікпен қарайды. Олардан туған балаларға, бәйбішеден туған балаларға да бірдей қарайды. Бірақ олардың саны аз. Оларды өзге тоқал алушы азаматтармен шатастырмау керек. Олардың құмарлығы бала туғанша ғана. Тоқалы бала туғанда құмарлығы басылады”, – деді Серікгүл Сәли.

Ал Гала есімді қазақ әйелі жағдайы толыққан ер азаматқа тоқал болуға дайын. Бір ұлы бар. Өзі 15 жылдан бері жалғыз басты әйелдер қатарында.

“Бәйбішелер тоқал ақшаға ортақтасады деп қорқады. Бірақ қазір жалғыз басты әйелдердің жағдайы жақсы. Мен бәйбішенің де, күйеуімнің де көңілін табар едім. Бәйбішеге де қызмет етер едім. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Өзге ұлт өкілінің бай азаматына тигеннен, қазақтың шалының тоқалы болғаным жүз есе жақсы. Ұлттық деңгейде ойлайтын әйел күйеулеріне тоқал іздейді. Бірге ұрпақ санын көбейтеді. Көршің аш отырса да, нан апарып бересің ғой. Сондықтан жалғыз басты әйелдердің жағдайын ойлау керек. Менің бір ұлым бар.Бірақ оның таңдауына араласпаймын. Ертен кімге үйленеді, он жас үлкен әйелге үйлене ме, тоқал ала ма, үшінші әйел ала ма? Оның таңдауына араласпаймын. Себебі әркімнің өз таңдауы болу керек. Ата-ана ұлы үшін жауап бермеуі керек. Мен әрбір ақылды әйел күйеуіне тоқал алып беруі керек деп ойлаймын. Себебі дана әйел азаматының жағдайын жасайды. Екеуі бірге іздейді”, – деді ол.

Журналист, тележүргізуші Жансерік Бейсеев егер жағдайың болса, тоқал алуға қарсы емес. Ал өз жағдайын жасай алмай жүріп нәпсіге берілетіндердікі құр далбаса әңгіме деді ол.

“Бір еркектер бар. Бар жағдайын жасаған. Өзінің де, әйел, бала-шағасының да. Бәрінің жағдайын жасайды. Бәріне бірдей қарайды. Егер әйелі қарсы болмаса, тоқал алсын. Ал өз жағдайы дұрыс емес, әйелінің жағдайы дұрыс емес бола тұра тоқал туралы әңгіме айтатындардікі жай әңгіме. Тоқал мен көңілдесті шатастырмау керек. Мен Галаны қолдар едім. Егер ол кәдімгі ашық түрде, жасырынбай сол отбасының келіні ретінде барса, бәйбішеге, қайын жұртына, күйеуіне қызмет ететін тоқал  болса оны қолдар едім”, – деді журналист.

Актриса Айнұр Жүгінісова бұл пікірмен мүлде келіспейді. Ер азамат өз әйелінен жоқ нәрсені сырттан іздейді дейді ол.

“Мен бұнымен мүлде келіспеймін. Ешқандай азамат еріккеннен тоқал іздемейді. Еріккеннен көңілдес іздемейді. Егер әйелінен әлденені таппаса, сыртқа кетеді. Ер адам жоқ нәрсені іздейді. Әйел күйеуінің алдында әйел болу керек. Балаларының алдында ана болу керек. Ата-енесінің алдында келін болу керек. Бізде қазақ әйелдері көбіне мейірімді келеді, балажан келеді. Күйеулеріне де ана секілді қарап кетеді. Ол дұрыс емес. Ер азамат әйелінің анасы секілді емес, әйелі секілді болғанын қалайды.

Бірнеше әйелмен бірге тұру бұл гигиеналық тұрғыда да дұрыс емес. Мәселен, мен күйеуімнің бір әйелге барып, жуынып-шайынып маған келгенін қаламас едім. Мен үшін ол жиіркенішті жағдай. Бұл қызғаныш қана емес, бұл жиіркеніштік жағдай. Одан бөлек көп азамат материалдық жағдай жақсы болса, сол жеткілікті деп санайды. Ол бір ғана мәселе. Ер азаматтың денсаулығы жақсы болу керек, оның рухы мықты болу керек. Оның сөзі өту керек. Ол әр баласына қалай тәрбие беру керек екенін білу керек. Психологиялық тұрғыда, моральді тұрғыда, физикалық, материалдық тұрғыда дайын болу керек. Қазақта күндестік деген бар. Күндестен туған балалардың бір бірін өлтіргені де бар. Оның бәрін айтуымыз керек. Ер азамат сондай жағдайға жетпеу үшін не істеу керек екенін білу керек.

Бір танысым бар. Күйеуі тоқал аламын деді. Бәйбішесі тоқал алсаң бара ғой деп жіберді. Бірге тұруға қарсы болды. Мен секілді жиіркеншек адам болса керек. Төсегін былғағысы келмеді. Екеуі екі жаққа кетті. Солай күйеуі 4 әйел алды. Бірнеше жыл өтті. Тоқалдардың қызығы басылған соң, бірінші әйеліне келді. Онымен қайта қосылғысы келетінін айтты. Себебі ешнәрсе жоқ кезде екеуі бәріне бірге жеткен. Аш күнінде жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді. Бірақ әйелі келіспеді. Оны қабылдамады. Не себепті азамат жас қыздардан жалығып, кәрі әйелін іздеп отыр? Себебі тоқалдарды онымен салыстырады. Тоқалдардың ақылы жетпейтінін, ол білгенді білмейтінін ескереді. Сосын балалы болғанда өкінеді. Алла бәрін жұп-жұбымен жаратты. Жұп деген екеу деген сөз. Үшеу не төртеу деген жоқ. Үшінші ол әрқашан артық болады. Үшінші адам не үшін бәйбіше мен күйеудің қанша жылғы еңбегіне, мүлкіне ортақтасу керек. Жағдайы жақсы әйел тоқал болмайды. Өз жағдайын жасай алмаған соң тоқал болады. Дайын асқа тік қасық болғысы келетіндер тоқал болады. Бала ол сылтау ғана. Әйелдің жағдайын жасаса, тумайтын әйел жоқ”, – деді Жүгінісова.

Қазақ әйелдерінің көпшілігі сауалнамада ер азаматтарына тоқал алуға қарсы болды. Ал жасы келген әйелдер тоқал алуға рұқсат беретінін айтады. Сонымен қатар ер азаматтардың да пікірі екі түрлі. Бірі жағдайым жетсе, тоқалға қарсы емеспін дейді. Енді бірі бір әйелмен тұрғанды жөн көреді.