Қазақ әйелдері индимді пластикаға жиі жүгінетін болған: Отандық косметолог сұлулық үшін жерлестеріміз қандай құрбандыққа баратынын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Қытай елінен көшіп келген дәрігер-косметолог Бағызор Шотайбекқызы соңғы кезде көздеріне пластикалық ота жасатушылардың көбейгенін айтады. Сонымен қатар, косметолог қазақ әйелдерінің жыныс мүшесін неліктен кішірейтетінін себебін түсіндіре кетті. Оның пікірінше, қазақтар өздеріне күтім жасаудан алдарына жан салмайды деп айту әзірге қиын. Бұл туралы Бағызор ханым Stan.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында тілге тиек етті.
Бағызор ханымның айтуынша, блефаропластика Қазақстанда сұранысқа ие косметикалық отаның түрі. Өйткені қыз-келіншектерден бастап ер кісілерге дейін пластикалық отаға жүгінушілер көп екен.
«Біріншіден, пластикалық отаға өзіне көңілі толмайтын адамдар жүгініп жатады. Екіншіден, өзіне күтім жасамаған, үйде бала-шағамен отырып қалған әйелдер жасатады. Үшіншіден, кейбіреулер салбырап кеткен қабағын кестіру үшін келеді. Бірақ отаға өзі психологиялық дайын болмаса, оны қабылдамаймын», – дейді маман.
Пластикалық ота бағасы Қазақстанда арзан дейді. Ал Қытай және Корея елдерінде қымбат екен. Қазақстандағы ең сұранысқа ие ота – көздің әжімін, майын алдырту. Алматыдағы орташа баға 280-480 мың көлемінде екен. Жасына, медициналық көрсеткіштеріне байланысты ота құны да өзгеріп отыратын көрінеді.
«Қазақтардан отаға сұраныс көп. Бірақ жасайын десе, ақшалары жоқ. Көз айналасына жасалатын ота қымбат. Кез-келген жерде солай. Қазақтар отаға әбден қартайып біткенде келеді ғой. Қытай және кәрістер сияқты жастайынан өздеріне күтім жасамайды. Көзін үйлкейтуге көбінесе кәрістер келеді. Беттері дөңгелек әдемі болғанымен, олардың көздері қысық», – дейді Бағызор ханым.
Көз үстінің терісі салбырап кеткен жағдайда көру көру қабілетін де нашарлатады. Бағызор ханымның айтуынша, ондай жағдайда артық теріні алып тастаған жөн. Сол себептен де қабағына ота жасатуға ер адамдар көп келеді екен.
«Көзімнің үсті салбырап кетті, жабылып қалды, көз айналасына әжім көбейді деп көбінесе ер адамдар келіп жатады. Әйелдер де бар. Олар көздерінің көлемін үлкейткісі келеді. Қазір блефаропластика отасына жас қыздар да келеді. Себебі, телефон мен компьютердің заманы болғандықтан, көздің айналасына әжім тез түседі. Сол себептен де әдемі болғыңыз келсе, табиғат аясында көп демалыңыз, телефонға көп қарамаңыз», – деп кеңес берді ол.
Сондай-ақ, косметолог маман қыз-келіншектердің сән қуып, бей-берекет кеудесін үлкейтуіне қарсы. Өйткені уақыт өте келе төске салынған силикон артық салмақ қосып, бүкір қылады. Ал жыныс мүшесіне пластикалық ота жасату ол өмірін қатерге тігумен тең дейді.
«Егер кеудесі мүлдем жоқ болса, үлкейткені дұрыс. Бірақ көкірегі бар адамдарға керек емес. Өйткені белгілі жасқа келгенде ауыр салмақты көтере алмайды, ол әйелдердің арқасына салмақ түсіріп, бүкірлікке алып келеді. Силикон өмір бақиға салынбайды. Жыныс мүшелеріне жасалатын пластикалық ота да ең ауыр операция түріне жатады. Егер ол дұрыс жасалмай қалса, онда науқас дәретін ұстай алмай қалатын жағдайға душар болады. Адамның жыныс мүшесі — ең нәзік жер. Ондай отаға жүгіну үшін білікті маманға бару керек. Өйткені оны кейін бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес», – дейді.
Ал жыныс мүшесі отасына көп бала туған әйелдер жүгінеді екен. Одан басқа күйеуінен ләззат ала алмаған келіншектер де бар көрінеді.
«Жыныс мүшесіне әркім әр себеппен ота жасатады. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бір-бірінен ләззат ала алмайтындары бар. Солай отбасының шырқы бұзылады. Сол себептен де әйелдер жыныс мүшесін кішірейтіп жатады. Бірақ көбінесе отбасының ойрандауы төсек қатынасының дұрыс болмауында емес деп ойлаймын. Барлық бәле біздің қазақ еркектерінің жауапкершілігінің аздығында болып отыр», – деген Бағызор ханым қазақ еркектерінің қыздарымызды бағаламай жүргенін айта кетті.
Одан бөлек Бағызор ханым кірпік жалғауға болмайтынын айтады. Өйткені жалған кірпік көздің майын құрғатады екен.
«Қыздар қазір қастарына пермаментті татуаж, жер сыпыратын сыпыртқы сияқты кірпіктер көп жасатады. Қазір жас қыз қайсы, келіншек қайсысы ажырата алмайсың. Мүмкін олар үшін сән шығар. Бірақ адамның бетінде сән болмайды. Мінезіңіз, бетіңіздің формасы, нәзіктігіңіз, сіздің табиғи сұлулығыңызды сақтай отырып жасалған татуаж болса, онда ол жарасады. Ал кірпік жалғау, ол – көзге зиян. Бірақ уақытша әдемілік үшін көп қыздарымыз құрбан болып жүр», – деді маман.
stan.kz