ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ – ӘЛЕМДІК КЕҢІСТІКТЕ

0

Қазір қазақ әдебиеті туралы сөз көп. Талас өршіп тұр. Әдебиет айналасындағы сан алуан пікірден бас айналады. Соның ең өзектісі – қазақ шығармаларының шет тілдерге аударылуы. Қаншама туындылар жазылып жатқанымен, біздің әдебиет әлі әлемдік кеңістікке еркін құлаш сермей алатын емес. Бұл – әрине, үлкен олқылық. Жақында Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты кітап сериясының тұсаукесері өтті. Берекелі бастаманың алғашқы нәтижесімен таныспаққа аталған шараға барып, көзіміз бен көңіліміз қатар тойып қайтты. 

Аталған бастама Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы аясында қолға алынған еді. Маңдай­алды жазушыларымызды шетелге таныс­тыратын бірегей жоба аса ыждағат­ты­лықпен орындалған сыңайлы. Жобаның арқасында қарымды қаламгерлеріміздің 9 шығармасы ағылшын, араб, испан, қытай және француз тілдеріне аударылған. Бұл ретте Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй», Қойшығара Салғараның «Қазақтар», Дулат Исабековтың «Қарғын», Олжас Сүлейменовтің «Язык письма: Взгляд в доисторию о происхождении письмен­ности и языка малого человечества», Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай», Шерхан Мұртазаның «Бойтұмар», Мұрат Әуезовтің «ГЛАВПОЧТАМТ» және белгілі балалар жазушысы Шәкен Күмісбай­ұлының «Балалық шақ – балдәурен» кітаптары енді жаһандық әдеби аудитория­ға аттанбақ. Жиынға қатысқан жазушылар жаңа бастаманың алғашқы нәтижесіне қатысты өз ойларын білдірді.
– Бір халықтың шығармасын екінші бір халыққа таныстыру өте дұрыс нәрсе. Бірақ көлеңкелі жақтарын да айтпай кету­ге болмас. Өз басым жазушыны жазу­шы аудару керек деп ойлаймын. Ал аударма­шы­лардың бәрі жазушы емес. Жай тіл білетін адамдар. Алғашқы аудармаға риза болған жоқ едім. Мына нұсқасы жөнделген дейді. Осы тұрғыдан күдігім бар. Дегенмен шығарманы аудару, өзге жұрттың назарына ұсыну өте орынды бастама, – дейді белгілі жазушы, Мемле­кет­тік сыйлықтың лауре­а­ты Бексұлтан Нұржекеев.
Смағұл Елубай да аударма ісіне қатыс­ты пікірін және қазақ әдебиетін алдағы уа­қытта дамыта түсуге қатысты ұсынысын айтты.
– Он бес жыл бұрын Прага кітапхана­сын­да отырып ағылшын тілінде Нью-Йоркте басылып шыққан «Әлем әдебие­ті­нің анықтамасы» деген кітапты ақ­­­тар­­дым. Соның ішінде орыс әдебиеті бар екен, оның құрамына Айтматов пен Сүлейменов енгізілген. Анықтамалықта Орта Азия әдебиеті, оның ішінде қазақ әдебиеті мүлдем жоқ. Бұл қалай деп таң­ғал­дым. Сөйтсем, таңғалатын түгі жоқ екен. Кеңес заманында Кеңес одағына кір­ген халықтардың барлығы орыстар деп есептелген. Ара-жігін ажыратып жатпаған.
«Рухани жаңғырудан» кейін үлкен қозғалыс болып, қазақ әдебиеті шығарма­ла­рын әлемнің алты тілінде шығару қолға алынып отыр. Сол үлкен жобаның бүгін тұңғыш тұсаукесеріне келіп отырмыз. Әрине, бұрын Лениндік сыйлық алған «Абай жолы», «Қан мен тер» шығармалары шет тіліне аударылды. Соған қарамастан қазақ әдебиеті деген ұғым әлемде кездес­пей­ді. Әйтпесе, әлгі анықтамалыққа ең болмаса бір сөйлеммен енгізер еді ғой. Осындай масқара жағдайда отырғанда қазақ әдебиетін әлемге таныту деген идея бес-алты жыл бұрын басталған еді. Алғаш рет ПЕН-клуб қолға алған. Бірқатар жазу­шы­­­ларды аударып та үлгерген. Алайда қаржы таба алмай, қиыншылыққа ұшы­ра­ды. Бүгін сондай олқылықтың орны толып отыр деп айтуға болады. Осы бере­келі іске үлес қосып отырған Президентке, Мәде­ниет министрлігіне, Ұлттық кітапханаға алғыс айтамыз. Кітаптардың қаншалықты сауатты тәржімаланғанын біз білмейміз. Дегенмен жақсылыққа жоримыз. Жалпы, бұл жақсы шығарма ма, жақсы аударылды ма, оны енді шетелдегі оқырман бағалай жатар. Кітаптарды интернетке де салу керек. Амазон жүйесіне орналастыру қажет. Ол бүкіл әлемге таратады. Сондай-ақ елшіліктер өзі тұрып жатқан әдеби-мәдени қауыммен берік қатынас орнатып, кітаптар айналымының артуына жағдай жасағаны абзал. Сосын әдеби агент ісін жолға қою керек. Олар кітапты таратуға жанын салады. Себебі, содан өздері пайда көреді. Сол әдеби агент институтын біз әлі іске қоса алмай жүрміз. Бұл туралы жоғары жаққа да айтып едік. Әлі іске аспай
жатыр, – деді жазушы.
Ұлттық кітапхана бастамашылық еткен жобаға Сыртқы істер министрлігі де сүбелі үлес қосқан. Ендігі кезекте жарық көрген кітаптар шетелдік кітапханаларға, 24 мемлекетте ашылған қазақстандық әдебиет пен мәдениет орталықтарына, сауда желілеріне ұсынылмақ.

Абай АЙМАҒАМБЕТ