Қазанда Қытайдың аз ұлттарға жасаған «геноцидін» айыптады

0

Осы апта соңында Татарстан астанасы Қазанда «Қытайдағы ұйғыр, қазақ, қырғыздарға қарсы геноцидті» айыптаған акция өтті. Шамамен оннан астам адам қатысқан акцияны Жалпытатар қоғамдық орталығы ұйымдастырған.

Екатеринбургтегі ұйғырлардың ұлттық-мәдени бірлестігінің төрағасы Ділмұрат Шаидовтың айтуынша, бұған байланысты халықаралық қауымдастық қолында қорқынышты көрсеткіштер бар. Оның айтуынша, «саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріндегі» тұтқындар саны миллионнан асады.
— Біз қытайлық концлагерьлерден үш миллионнан астам адамның босатылғанын қалаймыз, Қытай коммунистік партиясы Шығыс Түркістанды жайына қалдырсын. БҰҰ-на мүше елдердің барлығы осыған ықпал етуі тиіс, — деді Шаидов.

Қазандағы акция.

Қазандағы акция.

Жалпытатар қоғамдық орталығы президиумының төрағасы Фарит Закиев «әлем елдері түркітілді мұсылмандардың жаппай ұсталуы мен Қытай түрмелеріндегі адами деп атауға келмейтін аяусыз қарым-қатынас жөнінде жаңа дәлел-айғақтармен таныс» деді.

Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, татар және өзге де этникалық азшылықтардың жаппай ұсталуы және «саяси қайта тәрбиелеу лагерьлерінің» құрылғаны туралы ақпарат 2017 жылдың ортасынан бастап айтыла бастады. Түрмеде болғандар және құқық қорғаушылар мұндай орталықтардың түрмеге ұқсайтынын, онда азаптау мен қысым барын айтқан. Құқық қорғаушылардың пікірінше, «қайта тәрбиелеу лагерьлерінің» мақсаты — этникалық топтардың ұлттық болмысын жою.

БҰҰ-ның өткен жылғы баяндамасында Қытайдың солтүстік-батысындағы «антиэкстремистік орталықтарда» шамамен миллион адам отырғаны және одан бөлек тағы миллион азаматтың «саяси қайта тәрбилеу лагерьлеріне» күшпен қамалғаны туралы жазылған.

Пекин халықаралық басылымдарда жарық көрген куәгерлер сөзі мен құқық қорғаушылар келтірген деректерді «жалған ақпарат» дейді. Пекин мұндай мекемелерді «білім беру орталығы» деп атап, солардың көмегімен «аз ұлт өкілдерінің байланысы» нығайды, «экстремизм және терроризммен» тиімді күресіп отырмыз дейді.

Azattyq