Home Жаңалықтар Қазаақстанның өнерлі адамдары неліктен елден кетіп жатыр – Қазақстан жаңалықтары

Қазаақстанның өнерлі адамдары неліктен елден кетіп жатыр – Қазақстан жаңалықтары

0
205

Қазақстанда өнердің ерекше түрін дамытып жатқан Айдос Есмағамбетов суретшілердің жанұясында дүниеге келген. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі Қазақстандағы тұңғыш гиперреалист-мүсінші атанбай тұрып, көркем өнермен айналысқан, тапсырысқа суреттер салған. 2009 жылы ол гиперреализмге қызығып, Мадам Тюссо мұражайындағыдай мүсіндерді силиконнан жасай бастады. Есмағамбетов Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне неліктен танымал тұлғалардың ғана мүсінін жасайтынын, кімнің мүсінін жасағысы келетінін және Елбасының алдында ұялуының себебін айтып берді.

Дүниежүзі бойынша гиперреализммен айналысатын мүсінші, суретшілердің саны саусақпен санарлықтай аз. Ал силиконнан адам мүсіндерін жасайтын өнер иелері – жоқтың қасы. Силикон – жұмыс істеу барысында үлкен ұқыптылықты талап ететін күрделі материал. Егер дайын материалды бояу кезінде бір жерден қателік кетсе, мүсіншіге жұмысын қайтадан басынан бастауға тура келеді. Сондықтан дарындымын деген тұлғалардың өзі силиконмен жұмыс істеп, өнер туындысын жасауға бел буа бермейді екен.

Есмағамбетов болса, бұл материалдан ең танымал адамдардың, АҚШ-тың экс-президенті Барак Обаманың, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, үш жүздің басын біріктірген Абылай ханның, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың мүсінін жасап үлгерді. Қазіргі уақытта ол ел мақтанышы, The Ring журналы бойынша үздік боксшы Геннадий Головкиннің мүсінін көпшілік назарына ұсынуға дайындық үстінде.

Аты әлемге әйгілі Мадам Тюссо мұражайында мүсінді 10-20 адам жабылып, төрт айдан бір жылға дейін жасайды екен. Ал қазақстандық гиперреалист ең алғашқы туындысын, яғни елбасының мүсінін жалғыз өзі бар болғаны бір жарым айдың ішінде жасап бітірген.

«Бір мүсінді жасауға жұмыс ауқымына байланысты 3-4 айдан бастап, 1 жылға дейін кетеді. Жалпы, шығармашылық еркіндік беріліп, қосымша жұмыстар шығып қалмаса, тезірек бітіруге болады», — дейді суретші.

Есмағамбетовтің айтуы бойынша мүсінді жасау барысында адамның бет-қимылын, мінезін дәлме-дәл жасап шығару сәл қиындау. Дегенмен, сүйікті ісіне деген құлшынысы кішкентай қиындықтардың орнын басады екен. Мүсінші қазақтың  атын әлемге қайта жаңғыртқан әнші Димаш Құдайбергеннің мүсінін істегісі келеді.

 «Димаштың мүсінін үлкен қуанышпен жасайтын едім. Бірақ әншінің өзі діни көзқарасқа сүйеніп, болмайды ғой деумен жасағанымды қаламайды», — дейді өнер иесі.

2019 жылы өткен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы сұхбат барысында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі жайлы сыр шертіп, алған әсерімен бөлісті. Мүсіншінің айтуы бойынша, сол сәтте ол  Елбасының алдында сөйлеген білікті мамандардың шеберлігіне таңғалып, мүсінін жасағанын айтуға қысылған.

Елбасымен сөйлесуге еркін мүмкіндік болмады. Сөйлеймін, айтамын дегендерге жол беруді жөн көрдім. Нұрсұлтан Назарбаев әрқайсысынан немен айналысатынын сұрады. Сіздің мүсініңізді мен жасадым деп айту үшін қолымда жұмысымның суреттері болуы керек еді. Сондықтан дәлел болмай, сөзбен ғана айтуға ұялдым. Есесіне ол кісімен бірге суретке түстім», — дейді ол.

Танымал тұлғалардың мүсінін көрген қазақстандықтардың арасында «Қарапайым адамдардың мүсінін неге жасамасқа?» – деген сұрақ еріксіз туындайды».

«Мүсіндердің құны қымбат. Мысалы, Ресейде олардың бағасы 15-20 мың долларды құрайды. Менің мүсіндерімнің бағасы осыдан сәл төмендеу, бірақ кез-келген адам жасата алмайды», — дейді Есмағамбетов.

Суретші Қазақстанда өнері жоғары бағаланбай жатса, мүмкіндік туған жағдайда өз өнерін дамыту үшін шетелге көшіп кететінін айтты. Дегенмен, елде силиконды мүсіндердің мұражайын ашуға, шәкірт тәрбиелеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге үміттенетінін жеткізді.

«Бізде өнерге инвестиция құйылуы үшін әлі отыз жыл керек шығар. Қазақстандықтардың проблемалары көп болғаны сонша, көпшілік өнерге мән беруді қойған. Менталитетіміз солай қалыптасқан. Сондықтан шетелге көшіп кетіп жатқан өнер иелерін түсінуге болады. Мұндай мүсінді жасаудың қажеті қанша?» – деп сұрақ қойып жатады.

 Шетелде балауыздан жасалған мүсіндер өте танымал. Мысалы, Майкл Джексон, Леонардо ДиКаприо сынды танымал тұлғаларды күнделікті көре бермейсіз ғой. Тым құрығанда мүсінінің жанына тұрып, суретке түсуге болады. Туристер елімізге келіп, Қазақстанда да сондай өнердің бар екенін білсе, жақсы ғой. Олар еліміздегі танымал, тарихи тұлғаларды, мысалы, Абылай хан, Абай Құнанбаевтың түрі қандай болғанын көріп, таңғалуы мүмкін, жақсы әсер алады деп ойлаймын», — деп түсіндірді суретші.

Айдос Есмағамбетовтың сөзінше, отандық өнеріміз әлі де дами түсуі керек. Ол суретші мен мүсіншілерге тез танымал болудан ескі технологиялардан бас тартып, заман талабына сай жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға кеңес береді.

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz