қаза тапқандардың саны үш адамға жетті

0

Төтенше жағдайдан кейін үш күннен соң келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым — Sputnik. Түркістан облысындағы Арыс қаласында болған төтенше жағдай салдарынан тағы бір адам қаза тапты. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери Шымкенттегі ауруханалардың бірінде ем қабылдаған болатын, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.  

«Қорғаныс министрлігі Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында болған жарылыс салдарынан бүгін келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери Ахметов А.Н. көз жұмғанын өкінішпен хабарлайды. Ол Шымкент қаласындағы ауруханалардың бірінде ем қабылдаған болатын», — деп жазылған ведомство сайтында.

Қорғаныс министрлігі басшылығы мен жеке құрам қаза тапқан әскеридің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Тағы оқыңыз: Арыста қаза тапқан әскеридің туысы мән-жайды айтып берді

Бұған дейін Арыстағы жарылыс салдарынан екі адамның қаза тапқаны хабарланған болатын. Біреуі — Арыс қаласының тұрғыны, оның көлігіне снаряд түскен. Екіншісі — келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери. Оның денесі бөлім аумағын тексеру кезінде табылды. 

Арыстағы төтенше жағдай

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімде өрт шығып, қоймада сақталған оқ-дәрілер жарылды. Салдарынан үш адам көз жұмып, 160-тан астамы дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары түгелдей жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Аталған оқиғаға қатысты «Қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кешке таман Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына ұшып кетті. Мемлекет басшысы жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.

25 маусым күні ішкі істер министрінің орынбасары жарылыс тіркелмегенін, бірақ жарылыс қаупі әлі де сақталып отырғанын мәлімдеді. Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен саперлер қала аумағындағы теміржол жолдар мен стансаларды тексеріп жатыр.

Сондай-ақ, жарылыс кезінде жоғалып кеткен балалардың ата-аналарымен қауышқаны хабарланды.



sputniknews.kz