Қаза болған бес баланың ата-анасы туралы ақпарат шықты

0

Астанада жойқын өрт салдарынан бір үйдің бес баласы ажал құшты

Дүйсенбіге қараған түні Астанада қайғылы оқиға болды. Жер үйлердің бірінде шыққан жантүршігерлік өрт салдарынан бір отбасының 5 баласы қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қаза тапқан балалардың анасы пластикалық карталар шығаратын зауытта істейді, ал әкесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметіне сәйкес, техникалық қызмет көрсету станциясының (СТО) жұмысшысы.

Отбасы тұрмысы нашар тұрғындар арасында тіркелмеген – жергілікті атқару органдарынан ешқашан көмек сұрамапты, баспана кезегінде де жоқ. Бірақ көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алып отырған.

Астанада тұрып жатқандарына 10 жылдың жүзі болыпты.

Қаза тапқан балалардың бәрі – қыздар. 2006 және 2009 жылы туған екі қыз елордалық мектептердің бірінде төртінші және алтыншы сыныпта оқыған.

Бес жасар қыз мемлекеттік балабақшаға барады. Ал 2016 жылғы сәби балабақша кезегіне тіркелген.

Отбасының кенжесі – 2018 жылы туған сәби небәрі үш айлық екен.

Мектеп тарапынан отбасыға мемлекеттік көмек аясында қолдау көрсетіліпті. Мұғалімдердің айтуынша, қаза тапқан балалар сабақтан қалмайтын, тәртіптері жақсы, жайдары қыздар болған.

Жеке тұрғын үй аумағында орналасқан «времянкада» шыққан өрттің себебі әлі анықталған жоқ.

Белгілі болғандай, бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 202-бабы 3-бөлімі (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы Астана полициясы департаменті басшылығының бақылауында.

Естеріңізге сала кетсек, 4 ақпанға қараған түні Көктал-1 тұрғын үй алабында алапат өрт болды. Төтенше оқиға салдарынан бір отбасының бес баласы қаза тапты. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған


Дереккөз: https://sputniknews.kz/