Қауіпті вирус жылдам тарап жатыр
Қытай басшысы Си Цзиньпин 25 қаңтарда компартияның отырысы кезінде қауіпті коронавирустың жылдам тарап жатқанын айтып, «жағдай күрделі» деді. Соңғы дерек бойынша, вирустан 56 адам көз жұмған, вирусты жұқтырғандар саны 2000-ға жуықтаған.
Қытайда вирустың таралуына байланысты он қала жабылған, ішкі-сыртқы бағытта жүретін көліктер қозғалысы тоқтаған. Соған қарамастан Си Цзиньпин «бұл қиындықты міндетті түрде жеңеміз» деді. Мемлекеттік телеарнаның хабарлауынша, Уханьда науқастарды емдеген 62 жастағы дәрігер вирустан қайтыс болған.
Вирустың таралуын тоқтату үшін Қытайдың туристік қызмет көрсету қауымдастығы туристік агенттіктерге топтық турлардың барлығын тоқтатуды тапсырды. Жыл сайын осы уақытта тойланатын Жаңа жыл кезінде миллиондаған адам Қытайдың түрлі аймағын аралап, сыртқа да саяхаттайтын.
25 қаңтарда кешке АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Уханьдағы елшіліктен дипломаттарды чартерлік рейспен эвакуациялайтынын хабарлады. Ол қауіп төнген өзге АҚШ азаматтарын да вирус ошағынан алып кететінін, бірақ жекелеген тұлғаларды эвакуациялауға «мүмкіндігі шектеулі» екенін айтты.
25 қаңтарда Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Қытайдың Ухань қаласында қалып қалған 30 өзбек студентін елге қайтаруға уәде берген.
Соңғы дерек бойынша, Қытайда тараған вирус Австралия, Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг, АҚШ, Канада, Франция және Тайвань және өзге елдерге де жеткен.
Коронавирустар 1960 жылдардан бері белгілі. Вирусты жұқтырғандардың кейбірі жеңіл түрімен ауырса, кейбір жағдайда адам жөтеліп, ентігіп, қалтырайды, тыныс алуы нашарлап, дене қызуы көтеріледі.
Оқи отырыңыз: «Көшеге шықпауды тапсырды». Қытайда оқитын қазақ студенттер қауіпті вирус жайлы