«Қауіпсіздік серификатын» орнату міндетті емес

0

Қазақстан билігі 19 шілдеде «халық үкімет ұсынған қауіпсіздік сертификатын орнатуға міндетті емес» деді. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов «заң бойынша байланыс операторлары абоненттерге қауіпсіздік сертификатын орнату туралы ұсыныс жасауы тиіс» екенін айтты.

Бірнеше күннен бері қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан «интернетке кіру мәселесі туындамас үшін» арнайы қауіпсіздік сертификатын орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған. Операторлар мұны «кибер шабуылды алдын алу шарасы» деп атайды. Азаматтар билік ұсынған бұл сертификатты сынап жатыр. Олар «билік осы сертификат арқылы әркімнің жеке ақпаратын бақылап отырғысы келеді» деп топшылайды.

Сарапшылар да «бұл сертификат орнатқандардың жеке бас деректері, хаттары, парольдері, қандай сайттарға кіргенін білу оңайға түсетінін» айтады.

Осы айдың басында киберқауіпсіздікке қатысты жергілікті топ интернетте 11 миллион қазақстандықтың жеке бас деректері тарап кеткенін айтқан. Өткен аптада жергілікті басылымдар бірнеше қазақстандық ресурсқа «хакерлік шабуыл» жасалғанын хабарлаған.

Бұған дейін желіде QazNet сертификатын орнату туралы жарнамалар көбейген. Мамандар QazNet арқылы билік елдің интернет кеңістігін бақылауды күшейтпек деп сынайды.

Жергілікті «Қазинформ» ақпарат агенттігі вице-министр Оспановтың «мемлекет қытайлық WeChat қосымшасының аналогын жасамайды» деген сөзін жариялады. Бірақ Оспанов елде Telegram, WhatsApp қосымшасымен бәсекелесетін жүйе жасауға тарысып жатқан компаниялардың барын айтқан. Ол қазірдің өзінде AppStore интернет дүкенінде ондай қосымшаның барын жеткізген.

«Бұрын «Однокласники», кейін «ВКонтакте» қолдандық. Қазір Facebook пайдаланамыз. Алдағы уақытта қазақстандық желі пайда болса, бәріміз соны қолданамыз деп ойлаймын. Бірақ ешкім ешкімді күштемейді. Мемлекет ондайды қаржыландырмайды» деді Оспанов.

Қазақстан билігі киберқауіпсіздікпен күрес деп атайтын шараларған миллиондаған қаржы жұмсайды. 2018 жылы үкімет күштік құрылымдарға елде қандай да бір төтенше жағдай болса, интернетті бұғаттауға рұқсат берген.

Қазақстанда екі жыл көлемінде Youtube, Facebook, Instagram желілері мен хат алмасатын мессенджерлер жиі бұғатталып келген. 9 мамырда елде билікке қарсы наразыларды ұстау кезінде желілер мен сайттар бұғатталды. Билік интернет бұғаттауды жоққа шығарады.

Freedom House халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының интернет бостандығы бойынша есебінде Қазақстан 65 елдің ішінде 46-орында тұр. Freedom House Қазақстанды «интернет пен байланыс платформалары жиі бұғатталатын» елдердің қатарына жатқызады.

Azattyq