Қауіпсіз жерге көшірілген ақтөбелік жас ана босанды

0

Ақтөбе қаласының Мағаджан тұрғын алабындағы бірқатар үйді су басып, тұрғындар эвакуациялық орталықтарға көшірілді. Айы-күні жеткен Раушан Құдайберген отбасымен осы тұрғын үй алабынан №61 орта мектепке көшірілді.

Ол білім ошағының басшылығы мен сондағы дәрігердің бақылауында болды.
Бұл — Нұрсұлтан мен Раушанның екінші перзенті.

Дәрігерлер ана мен сәбидің жағдайы жақсы дейді. Жас босанған ананы Ақтөбе қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова мен №29 округтен сайланған депутат Жаңалық Ахаш перзентханаға құттықтап барды. Үй-жайы тұруға келмейтін болса, отбасымен арнайы орталыққа орналасуға жағдай жасайтындарын айтты. Әйтсе де, отбасы қазір үйлерінің аулаларын кептіріп, перзенттерінің өз шаңырағына бірден келгенін қалайды.

босанган ана 2

«Осы қиын сәтте бізге көмектескендердің барлығына ризамын. Жергілікті  билікке бұл қиыншылықта жалғыз қалдырмай, қиын сәтте отбасыларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз еткен жауапты тұлғаларға да алғыс айтамыз. Жергілікті билік мәселені шешуге көмектеседі деп үміттенемін және үйімізді қалпына келтіруде тиісті жұмыс жасалатынына сенемін. Бұл оңай шаруа емес, бірақ біз бір болсақ бәрін де еңсереміз деп ойлаймын», – дейді Раушан.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында көктемгі су тасқыны салдарынан келтірілген залалды анықтайтын арнайы комиссия өз жұмысын бастады.