«Қатты қорықтым»: Қорлық көрген үш қыздың туған анасы балаларымен бірге өлмек болғанын жайып салды — Қазақстан жаңалықтары

0

Түркістан облысында өгей анасынан зәбір көрген үш қыздың туған анасы өз шындығын айтты. Ол неліктен перзенттерін күйеуіне тастап кеткенін түсіндірді. Сондай-ақ, кезінде балаларымен бірге өлмек болғанын жасырмады.

«Қатты қорықтым»: Қорлық көрген үш қыздың туған анасы балаларымен бірге өлмек болғанын жайып салды

Сурет: «Еуразия бірінші арнасы»/видеодан скриншот

Қорлық көрген «үш қыздың туған анасымын» деп өзін таныстырған келіншек бет-жүзін көрсетпеуді өтінді. Өткені бұрынғы күйеуінен әлі күнге қорқады екен. Айтуынша, ол 2002 жылы тұрмысқа шығып, он жылдай жолдасымен отасқан. Бірақ бақытты бола алмапты. Құдай қосқан қосағы өзге діннің жетігіне ілесіп, мұны да азғырған екен, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы». 

«Әр жұма сайын жамағат болып барлығы пәтерде жиналатын. Сөйтіп оған бірдеңе үйрететін. Мені үш қызыммен бір бөлмеге отырғызып қоятын. «Сені шығармаймыз, сені көрсетпейміз, бөтен еркекке көрінуге болмайды», — деді. Оған дауыс шығартып, азан шақыртып, намазды үйрететін. Қалам, парақ алып, бірдеңе жаздыратын. Бірақ не екенін білмеймін», — дейді қыздардың анасы. 

Келіншек өз күйеуінен әбден зәбір көргенін айтып отыр. Тіпті, ен далаға ертіп апарып, басына тапанша тіреп, қорқытқан күндері де болған дейді. Ол аздай, қыздарды да аяусыз соққыға жыққанын жасырмайды. Болмаған соң, перзенттерімен бірге өлмекке бел буғанын да айтып отыр. Бүгінде ол Шымкент қаласында тұрады. Ажырасып кеткелі бері әркімге жалданып, күн көріп жүр. Кешегі жағдайдан кейін балаларына барғанымен, күйеуі жолықтырмай қойған көрінеді. 

«Мен жамағаттар тұрғанда ешкімнен қорықпаймын. Бүкіл «браттарды» көтеріп, сені жоқ қылып жіберемін. Қыздар саған да жоқ, маған да жоқ», -деді. Мен расында қорықтым. Қатты қорықтым», — дейді қыздардың анасы.

Ал Жетісай аудандық тергеу соты қыздардың өгей шешесін абақтыдан босатып, үй қамаққа алды. Судьяның шешімімен ол енді екі ай бойы өз үйінде болады. Соттың мұндай шешім қабылдауына келіншектің сәбилі екені және оның жүкті, әрі тұрғылықты баспанасы бар екені ескеріліпті. Бүгінгі таңда келіншекке қатысты қозғалған қылмыстық істі Түркістан облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы өз өндірісіне алыпты.

Айтпақшы, балалардың әкесінің жат ағымның жетегінде жүргенін өңірдің полицейлері де растады. Әзірге бұл іс облыс прокуроры мен ішкі істер министрінің жеке бақылауында. 

«Егер тергеу амалдары кезінде апалы-сіңлілі қыздардың әкесі оларға дұрыс тәрбие бермегені немесе күш қолдану дерегі анықталатын болса, онда ата ана құқығынан айыру мәселесі қаралады», — дейді Білім және ғылым министрлігі балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсейітов.

Осы күні Білім және ғылым министрлігі тарапынан құрылған комиссия бұл мәселені бүге-шігесіне дейін тексеріп жатыр. Қазірдің өзінде аудандағы бірқатар шендіні шетінен жазалауды бастады. Сынып жетекшілерінен бастап, аудан әкімінің орынбасарына дейін түгел сөгіс алып үлгерген. Енді ауруханада емделіп жатқан қыздарды кімнің қамқорлығына беру жайы шешіліп жатыр екен. 

stan.kz