«Қателесуге мүмкіндік бермейміз»: Әбдікәрімова балалар неге өтірік айтатынын түсіндірді

0

Отандық танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова балалардың тәрбиесіне қатысты сөз қозғап, олардың не себепті өтірікке жүгінетінін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Өнер иесінің сөзінше, көп жағдайда балаларды өтірікке ата-ананың өзі итермелейді. Перзент жазадан қорыққандықтан осындай қадамға барады дейді ол.

«Бала не үшін өтірік айтады?! Жалпы, өтірік айтуға не итермелейді?! Шындықты айтсақ, жазаланамыз деп ойлайды. Таяқтан не жазадан құтылудың бірден бір жолы алдау деп түсінеді. Себебі, біз баламыздың қателігін қатты қабылдаймыз. Оларға қателесуге мүмкіндік бермейміз. Қателік жасаса, айтар алғашқы сөзіміз – «Қазір таяқ жейсің!». Әлбетте, бала таяқ жегісі келмегендіктен, өтірікпен достасады. Қателесу – бала тұрмақ, ересек адамдарға да қалыпты жағдай. Себебі біз қателесіп барып, түсінеміз. Жығылып жатып, ұғамыз. Сүрініп барып, қайраламыз. Ал егер ата-ана баланың әрбір қателігіне тым қатал қарар болса, оның алға қарай жүруі, аяқ алысы ауырлап кетеді. Есейсе де, әр қателікті өзін-өзі жазалаумен өтейді», — деп жазды көпбалалы ана Instagram парақшасында.

Актриса перзенттерді әрбір қателіктері үшін қатты жазалаудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

«Жалпы, бала тәрбиесінде «жазалау» деген сөздің өзі – қате. Жазаны күнәлілерге, айыпталушыларға береді. Ал бала бала болған соң шалыс басады, қателік жасайды. Себебі ол – бала. Сондықтан бала тәрбиесіндегі ең маңызды нәрсе – оның бала екенін ұмытпау керек. Баланың теріс іс-әрекетіне сабақ боларлық шара қолдануға болады. Шара балаға ауыр соққы боп, өкпе қалдырмайды. Мысалы, күнде кешкі астан соң ыдыс-аяқ жуу, ерте ұйықтау, жаңа сөз жаттау, жаттығу жасау, ауланы тазалау және т.б.», — деп жазды ол.