Қасымхан Алдабергенов «Мәдениет саласының үздігі» атанды

0
141

«Он төрт жасымда қолыма домбыра алып, сахнаға шыққан едім, қазақтың жыр-термелерін айттым. Міне, 80 жылдан бері қазақтың өнерін, жырын жаныма серік еттім, насихаттаумен келемін. Әдетте, мемлекеттік осындай марапатқа ие болғандар: «мұндай марапатты өзіме қарызға алып жатқандай сезінемін, алдағы уақытта бұдан да жақсы жұмыс істейтін боламын» деген сияқты лебізін айтып жатады. Мен не дерімді білмей отырмын» деп, әзілді жаны сүйетін Қасымхан аға журналистерді бір күлдіріп алды.

Ол тіліміз бен дініміз есіктен қарап қалған уақытта да халқымыздың ауыз әдебиетін, жырын, айтыс өнерін насихаттады. Өзі талай айтыстарға қатысты. 1961 жылы Қазақстанның 40 жылдығына орай өткен аймақтық айтыста бас жүлдені жеңіп алды. Сол айтыс туралы «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), тіпті «Правда» газеті жазған екен. Қасымхан аға Ұлы Отан соғысынан Жеңіспен оралған соң, біраз жыл мұғалім болды, алдынан талай шәкірт білім алды. Онан кейінгі жылдары журналистік қызметте ауысып, өңірдің өзекті мәселелерін елдің, биліктің назарына алып шықты. Қасымхан ағайдың өлеңдері мен публицистикалық шығармалары екі том болып жарық көрді.

«Қостанай секілді тіліміз көп зардап шеккен өңірде халқымыздың төл өнерін өмір бойы насихаттау деген Қасымхан ағаның ерлік ісі деуге болады. Ол кісінің қарапайымдылығы, кісілігі бір төбе» деді Қасымхан ағаның әріптес інісі, қазақ тележурналистикасының ардагері Қажы Қорған.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Дереккөз: http://egemen.kz/