Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ағымдағы жылға тапсырмалар берді
Елордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуде. Президент премьер-министрдің, Ұлттық Банк төрағасының және бірқатар әкімдердің баяндамаларын тыңдады.
Отырысты қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Үкіметке ағымдағы жылға тапсырма берді.
«Мен реформалардың нақты бағыттары мен оларды іске асыру тәсілдерін жария еттім. Үкімет күрделі шешімдер қабылдап, ең бастысы, экономиканың тоқырауына жол бермеу және оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін оларды іске асыруы керек. Бұл міндет жоғары біліктілігі бар және жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын мемлекеттік қызметшілер арқылы жүзеге асады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай қиын жағдайларда көрінеді», — деп атап өтті президент.
Ол Үкімет шығындарды үнемдеумен айналысуы керек екенін атап өтті.
«Қаншалықты қиын болса да, Үкімет қаражатты толық үнемдеуді және оларды тек ең өзекті міндеттерді шешуге жұмсауды қамтамасыз етуі керек. Белді бекем буып, қолда бар қаражатпен өмір сүретін кез келді», — деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: akorda