Қасым-Жомарт Тоқаев Алик Шпекбаевты қабылдады
Қысқа сілтеме алу
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен кездесті
НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы биылғы жеті айдағы жұмыстардың негізгі нәтижелері мен ведомствоны қайта құру шараларын ұйымдастыру туралы баяндады.
«Алик Шпекбаев президентке агенттік құрылымында жаңадан құрылған 5 департамент: алдын алу, парасаттылық, серіктестік, квазимемлекеттік сектордағы, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау және тергеу департаменттерінің жаңадан құрылғаны жөнінде мәлімет берді», — делінген хабарламада.
Кездесу соңында Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес барысында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін заңнамалық және ұйымдастыру шараларын уақтылы қабылдау қажеттігін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Тоқаевтың тапсырмасы: министр мұғалімдердің жалақысын көтеру қашан басталатынын айтты
Дәлірек айтқанда, президент қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеті үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын қызметінен босату институтын енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормативтік-құқықтық актілерді сараптамадан өткізуді қайта қалпына келтіру, мемлекеттік қызметшілердің заңсыз баюы, кіріс және шығыс декларацияларын жариялау жауапкершілігі жөніндегі шаралардың маңыздылығына назар аударды.
sputniknews.kz