Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76 пайыз дауыс алды

0
187

Елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауында 70,76 пайыз дауысқа ие болып жеңді. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров 10 маусымда өткен брифингте осылай деп мәлімдеді. Оған 6,5 миллион сайлаушы дауыс берген.

ОСК дерегінше, «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов 16,2 пайыз дауыс алған. Оған 1,4 миллион адам дауыс берген. Алғашқы әйел кандидат, «Ақ жол» партиясынан сайлауға түскен Дания Еспаева – 5,3 пайыз (478 мың адам), «Ауыл» кандидаты Төлеутай Рахымбеков – 3,2 пайыз (294 271 дауыс), «Қазақстан кәсіподақтар федерациясы» кандидаты Амангелді Таспихов – 2,7 пайыз (190 304 дауыс), «Қазақстанның халық коммунистік партиясы» кандидаты Жамбыл Ахметбеков 1,82 пайыз (167 249 дауыс) алған.

10 маусымға қараған түні екі экзит-полл нәтижесі жарияланды. Оның нәтижесі де осыған ұқсас.

ОСК сайлаушылардың 77,4 пайызы қатысқанын хабарлады.

9 маусымда сайлау болған күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда, Шымкентте жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға бойкот жариялайтындықтарын айтты. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған. Полиция наразылық шарасынан ақпарат таратқан журналистерді де ұстады.

Azattyq