Қастандықпен өлтірілген белсенді Ғалы Бақтыбаевтың ауылы
АТАСУ ТҰРҒЫНДАРЫН АЛАҢДАТҚАН ОҚИҒА
Қарағандыдан екі жүз шақырым жерде орналасқан Атасу ауылында 14 мыңнан астам адам тұрады. Азаттық тілшісіне белсенді Ғалы Бақтыбаев тұрған үйді бірден табу мүмкін болмады. Көшеде кездескен адамдар мекенжайды тура түсіндіре алмағанымен, Ғалы Бақтыбаевты білетіндерін айтты. Бірақ әлденеңе алаңдаулы олар тезірек кетуге асықты. Кейінірек ауыл тұрғындарының неге мазасызданғаны мәлім болды: полиция бірнеше күннен бері ауыл тұрғындары арасында Ғалы Бақтыбаевтың өліміне байланысты тергеу жүргізіп жатқан көрінеді, бірақ қылмыскер әлі табылмаған. Тек бір тұрғын ғана біз іздеген үйді көрсетуге келісіп, жолай «өте қатыгез өлім болды, бүкіл ауыл дүр сілкінді» деген пікір білдірді. Өз атын атамаған жол бастаушымыз да көп ұзамай кетуге бел буды. Азаттық тілшісі тілдескен ауыл тұрғындарының айтуынша, Ғалы Бақтыбаев жергілікті халыққа құқықтық мәселелер бойынша тегін көмек көрсеткен.
— Полиция адамдарды тергеп жатыр: бөлімшеде кезек көп, полиция қызметкерлері үй-үйді аралап жүр. Ғалыны көршім һәм өте көп жазатын адам ретінде жақсы білетінмін. Оған көмек сұрап келушілер көп еді. Ғалының қажет орындарға жазған өтініштері жауапсыз қалмайтын, сот болатын, тағысын тағы… Осылай жүріп, біреудің жолын кескен сияқты, сонысы үшін жапа шекті, — деді көшеде кездескен, өзін таныстырудан бас тартқан қарт кісі.
Бақтыбаевтар отбасы өте қарапайым әрі 1956 жылы салынған ескі үйде тұрады. Бұл үй Ғалыға әкесінен қалған. Отбасының қарапайым тұрмыс кешетіні көрініп тұр. Ғалы Бақтыбаев екінші топтағы мүгедек болғаны үшін жәрдемақы алып келген. Енді анасына тіреу болатын белсендінің 19 жастағы ұлы жүк тасушы боп жұмысқа тұрған. Ол Азаттық тілшісіне соңғы уақытта әкесіне қоқан-лоққы көрсету жиілегенде, одан бұл жұмысын тоқтатуын сұрағанын айтады.
— Әкем бастаған ісін соңына дейін жеткізетінін айтты. Ол өте батыл әрі жігерлі кісі еді, ешкімнен, ештеңеден қорықпайтын, енді оны өлтіріп кетті. Оларға әкем ғана керек болған, соның жанын алуға ғана келген, — дейді Елдар.
Ғалы Бақтыбаевтың туыстары Азаттық тілшісіне қоқан-лоққы көрсету 2017 жылдың соңынан басталғанын жеткізді. Бұл кезде Ғалы аудандағы жауапсыздық, жемқорлық және алаяқтыққа қатысы бар бірқатар іске қоғамдық зерттеу жүргізумен айналысып жүрген.
— Ол өте әділ, адал, жұмысын жан-тәнімен беріліп істейтін адам еді. Біреудің жемқорлық жасағанын білсе, бірден күреске ұмтылатын. Бірнеше адамның жұмыстан босатылуына қол жеткізді: олардың арасында полиция, аудандық білім бөлімі мен жергілікті колледж қызметкерлері де бар, — дейді жеке бас қауіпсіздігі үшін аты-жөнін көрсетпеуді сұраған Ғалы Бақтыбаевтың досы.
ҚЫЛМЫСКЕР ҮЙ АЛДЫНДА КҮТКЕН
Бірінші ескертуді Ғалы үйіндегі екі терезе әуе винтовкасынан атылған оқпен сындырылғанда алған. Біраз уақыттан кейін белгісіз біреу көшедегі айналаны жарықтандыру үшін Ғалы қойған прожекторды сындырып кеткен. 2019 жылдың ақпанында Ғалыға шабуыл жасалған: кешқұрым бетперде киген екі адам Ғалының бетіне газ баллоны сұйықтығын шашып, оны темір таяқпен соққыға жыққан. Осының бәрі Ғалының үйінің алдында болған. Ол кезде жарық сөніп тұрған. Ғалының туыстары сол кештегі қылмыскерлер табылмағанын айтады. Бұл екінші ескерту болатын. Үшінші рет келісімге келмейтін белсендіні өлтіріп кеткен. Кейін анықталғандай оқ қосауыз мылтықтан атылған.
— Қылмыскер қоршаудан секіріп өтіп, үй бұрышында тым жақын жерде тығылып отырған сияқты. Байлаудағы итіміз сол жаққа қарап үре берді. Мен үйде болатынмын. Ғалыға қақпаны аштым. Ол аулаға кіріп, қақпаны ішінен құлттап, үйге енді кіре бергенінде артынан оқ тиді.Оқ әр жаққа ұшты. Үйдің ішінде, дәлізде, ас үйдегі пештің жанындағы қабырғада, есік жақтауларында бытыра іздері бар. Әйнектер сынды. Ол бетімен жерге құлады, мен айғайлап, оны үйге кіргізіп алдым. Есікті жауып, полиция шақыра бастадым, — дейді бытыра іздерін көрсеткен Ғалы Бақтыбаевтың жесірі Рабиға.
Оқ іздері шынымен де көп болып шықты: олар қақпада, қоршауда, терезе мен үйдің ішкі және сыртқы қабырғаларында, үй алдындағы ауланы жапқан шатырда кездесті. Туыстары Ғалының өліміне кімнің қатысы барын білмейді: олар бұл қылмысты не белсенді «жанына тиген» жергілікті біреу жасаған, не өлім үлкен шаруа үшін болған деп топшылайды. Сондықтан Ғалының жақындары полиция үйден алып кеткен құжаттарды: шағымдар, хаттар, сот шешімдері мен басқаларын мұқият зерттейді деп үміттенеді. Полиция әкеткен құжаттар ішінде бір компаниядан «сот шешімімен өндірілген 300 миллион теңге арнаулы ашық шотқа аударылсын» деп қол қойған ауыл тұрғындарының өтініші де болған. Ғалының туыстары мен достарының айтуынша, бұл ақшаны ауылға электр желісін жүргізуге жұмсау жоспарланған. Жобасы да жасалған. Енді белсенді өлімінен кейін Ғалының туыстары мен ауыл тұрғындары «бұл іспен енді кім айналысып, бастаманы соңына дейін жеткізеді?» деп, жобаның «тағдырына» алаңдайды. Достары Ғалының соңғы үш күнде Қосанов штабында ерікті болып жұмыс істегенін айтады. Ғалы Бақтыбаев жиырма жылға жуық қоғамдық іспен айналысып, ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселелерді көтеріп келген.
— Қарағандыдан келген полиция қызметкерлері барлық қағаздар мен құжаттарды алып кеткен. Онда Ғалының кімдерге көмектескені, қандай шағымдармен жұмыс істегені анық көрініп тұр. Ол бәрін халық үшін жасады, жемқорлыққа қарсы күресті, — дейді белсендінің әпкесі Раушан.
Ғалы Бақтыбаев соңғы кезде өз туысына Жезқазғандағы пәтерге қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмысты істі қайта бастауға көмектесіп жүрген. Бұл іске бірнеше кісінің қатысы болған. Соттың созылып кеткеніне, сот актілерінің түсініксіз жасалғанына қатысты шағымдар жасалған. Ғалы осы іске қатысы бар адамдардың жауапкершілікке тартылғанын қалаған.
— Ғалы әртүрлі адамдардың атына өте көп шағым жазып, биыл ақпанда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі қайта бастауға қол жеткізген. Бірақ содан бері хабар жоқ. Менің пәтерім басқа адамға тіркелген боп шықты. Ғалының көзі кеткен соң, қылмыстық істі қайта тоқтатып тастай ма деп қорқамын. Органдар бұл іске назар аударғанын қалаймын, — дейді Ғалының туысы Зәуре.
Атасу ауылынан шыға берісте Азаттық тілшісі мінген көлікті жол жиегінде тұрған патрульдік полиция тоқтатқан. Азаттық тілшісі імнген көлік жақындамай тұрып, көше бойына шығып, тоқтау туралы белгі берген полиция әдейі күтіп тұрғандай әсер қалдырған. Полиция қызметкері тілшімен амандасып, жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжатын сұраған. Құжаттармен танысып болған соң, «жүре беріңіз» деген.
ПОЛИЦИЯ МӘН-ЖАЙДЫ АШЫП АЙТПАДЫ
Жаңаарқа аудандық әкімдігінде Ғалы Бақтыбаевты көп өтініштер мен шағымдар жазатын, ауданның әлеуметтік мәселеріне көңіл аударатын өте белсенді азамат деп таниды.
Жаңаарқа аудандық полиция бөлімшесінде Ғалы Бақтыбаевтың өлімі туралы айтудан бас тартып, облыстық департаментке жіберді. Бірнеше күн бұрын Қарағанды облыстық полиция департаменті «28 мамырда атылған Атасу ауылының 59 жастағы тұрғынының денесі табылды» деп хабарлаған. Қылмыстық кодекстің 99-бабына («Кісі өлтіру») сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Полиция өлтірілген кісінің атын атамайды және тергеуге кедергі келтірмес үшін істің мән-жайын ашып айтпай отыр.
«Бұл істі ашу үшін департамент пен Жаңаарқа аудандық полиция бөлімшесінің тәжірибелі қызметкерлерінен тергеу-оперативті тобы құрылған. Тергеу барысын облыс прокуратурасы мен полиция басшылығы өз бақылауына алды. Басқа ақпаратты Қылмыстық құқықтық кодекстің 201-бабына сәйкес таратуға болмайды» деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әзірге полиция басқа ештеңе айтпады. Атасу ауылында халықты тергеу жалғасып жатыр. Оқиға орнынан табылған заттай деректерге сараптама жүргізу белгіленген.
Белсенді туыстары ішкі істер министрлігі тергеуге көмектесетін ақпарат берген адамға сыйақы дайындалғаны туралы естіген.
Атасу ауылы — 1997 жылы Қарағандыға қосылып, қазіргі атауын алған Жаңаарқа ауданының әкімшілік орталығы. Бұған дейін аудан әртүрлі облыстардың құрамында болып келген. Ауыл тұрғындары темір рудасын өндірумен күн көреді. Бір қарағанда, Атасудың жақсы дамыған ауылдық мекен екенін байқауға болады. Ашық деректерде көрсетілген мәліметтерде бірнеше жыл бұрын мұнда Қытайға мұнай тасымалдайтын Атасу-Алашанькоу мұнай құбырының жұмысы басталғаны айтылған.