Қастандық жасап, отбасымды қорқытып, артымыздан аңдығандар болды

0

Stan.kz тілшісі еліміздегі танымал журналистердің бірі, КТК телеарнасының жүргізушісі Дина Төлепбергенмен кездесіп, жұмысының ыстық-суығы, алғыстың орнына қарғыс айтатындар мен өзін үнемі қолдап жүретін отбасы туралы сұхбаттасып қайтты.

(Сұхбаттың басы)

Ток-шоудағы сіздің позицияңыз қандай?

Менің позициям объективті болу. Әрбір кейіпкерімді жақсы көремін. Ол қылмыскер, жапа шеккен келін, құдағи болсын бәрібір. Жүргізуші болған соң әрбір кейіпкердің орнына өзімді қойып көремін. Сол кезде ғана мен олардың тілін таба аламын.

Көп жағдайда жапа шеккен кейіпкерлер әділдік сұрап, мәселесін қарауымызды, талқылауымызды сұрап келіп тұрады. Көп адамдар проблемамыз шешілсін дейді де тек кадр сыртында көмектесумізді сұрайды. Бір ренжейтінім — адамдар өз мәселесін бізге артып, өздері қол қусырып отырады. Өздері айналысуға құлқы жоқ. Ең оңайы — телевизияға келіп, сендер осыны шешіп берсеңдерші дей салу. 

«Астарлы ақиқатқа» келіп тұрып, артыңыздан түсетіндер бар ма?

Осы «Астарлы ақиқат» басталғалы бері мені соттағандар өте көп болды. Айына бір рет сот залына барып тұрамын. Бірақ құқығыңды біліп, барлығын заң талабына сай орындайтын болсаң, әділет сенің жағыңда. Көбінесе ел алдында ақиқаты ақтарылып шығып, ел алдында ұятқа қалғандар шағымданып жатады. Өзі елді алдап, дұрыс емес тірлік жасап жүрсе, неге біз оны жасыруымыз керек. 

Сондай-ақ, қастандық жасап, бағдарламаны жабамыз деген қорқытулар, жоғарыдан қоңыраулар көп болды. Нақты қандай жағдай болғанын  айтатын болсам, көп адам медиадан, журналистикадан сескеніп қалуы мүмкін.

Менің отбасымды қорқыту жағдайлары, артымыздан аңдып, кісі салу да көп болған. Арна алдында түрлі плакаттарын ұcтап, бағдарлама жабылсын, Динаны БАҚ-қа жолатуға болмайды деп шыққандар да болды. Тіпті, қарғыс атқызамыз, дуалаймыз деп қара қуыршақтарына ине тығып, тастап кеткендер де бар.



Қазақ «Youtube»-ы қарқындап дамуда, кейбірінің контенті мән-мағынасыз, ұятсыз дүниелерге толы, оған қалай қарайсыз?

Телевизия мен ютубты бөліп жарғым келмейді. Талпыныстың өзін қолдаймын. Ютубта өз каналын ашып еңбектеніп жатқан азаматтарды құрметтеймін. Ал енді тіпті арсызданып, орынсыз нәрселерді көрсетіп жатқан контенттерді көрмей-ақ қою керек. Халыққа керек емес екенін білсе, өзі-ақ қойып кетеді. Әркім өзін өзі тәрбиелеуі керек.

Жуырда әріптестеріңіз, «Өз ойым» ток-шоуы, «пәктігін сататын қызға» бағдарлама арнап, арты шуға ұласып, қыз оқуынан шығып тынды және бәрі жалған сценарий бойынша түсірілгені анықталды. Сіздің көзқарасыңыз?

Жалпы журналистикаға келген адам өзіне сауал қоя білуі керек. «Мен не үшін журналистикаға келдім?» деп. Әр күні айна алдында өз-өзінен ұялмаса, онда сапалы дүние жасап жатырсың деген сөз. Эфирге шығып жатқан адам эфирдің киелі екенін түсіну керек. Өтірік ол бәрібір ақтарылып шығады. Осыған «Өз ойымдағы» оқиға дәлел. Менің өкінетінім әлгі қыздың оқуынан шығып кеткені. Осы оқиғаға тікелей қатысты «Өз ойым» ұжымы енді сол қызға оқуға қайта түсуіне жағдай жасап, көмектесуі керек. 

Бәлкім ол қыз өзі келіп, осылай айтамын деп ақша тапқысы келді ме? Белгісіз. Менің жаныма бататыны осы шоудан кейін қазақ телевизиясына, қазақ тілді бағдарламаларға деген көп көрермендердің сеніміне селкеу түсті.

Кей жағдайда ойланасың, бағдарламаның аудиториясын кеңейту үшін сондай іс-әркеттерге, эксперименттерге барсам қалай болады деп. Біз ондай тәсілді қолданып көрмегенбіз. Мен үшін бұл үлкен сабақ болды. 

Осы сабақ үшін Ләйлә Сұлтанқызына Қазақстанның барлық журналистері алғыс айтуы керек. 



Сізге еліктейтін, үлгі тұтатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Үздіксіз эксперименттерге дайын болуы керек. Өйткені, журналистика бір орында тұратын, қалыптасқан формула бойынша жүретін ғылым емес. Үлкен шығармашылықты, толассыз ізденісті және тәуліктің 24 сағатында жұмысқа берілуді, ержүректілікті де талап етеді. 

Журналистиканың қазанында қайнаймын деген азамат еңбек жолын оқып жүріп-ақ жаңалықтар бөлімінен бастағаны жөн. Сонда жүріп әбден ысылады, күнде ақпараттың қайнаған ортасында шапшаң болуға үйренеді. Тақырыпты ашуды, қысқаша баяндауды үйреніп, шыңдалады.

Тәжірбие жинаған соң өзіне ұнаған, қызықтырған сала бойынша жеке бағдарламасын ашып, журналистика саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыруға еңбектенуі керек. Менің ойымша, журналист болу үшін журналистиканы бітіру қажет емес. 



Спортпен жүйелі түрде айналысуыңызға не түрткі? 

Сәл өзініңді бос тастап қойсаң жалқаулық басып кетуі мүмкін. Өзіңді белгілі бір тәртіпке салып жүрсең, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Уақыт өткен сайын жасармайсың, сергек болғың келеді. Қартайғың келмейді. Қартаюмен күрестің амалы десек болады. 

Эфирден бөлек үйдегі ана, жар Дина қандай? 

Мен барлық жерде бірдеймін. Менде образ жоқ. Образ ұстанатын болсаңыз, онда өте қиын. Өйткені эфирге шыққанда бар ойың сол образыңда болып тұрады. Ол мен үшін ақпаратты тыңдай білу, ең маңызды жерлерін жіберіп алмау. Көп адамдар айтып жатады өмірде ашық жарқын жақсы екенсің деп (күліп). Мен тұйықпын негізі. 

Балаларыңыз бен күйеуіңіз тарапынан шағым болмай ма, ізге де көбірек көңіл бөл дегендей? 

Күйеуім мен қолдайды. Ол жағынан жолым болды. Менің бақытты болуым үшін жұмыс та, махаббат та қажет. Соның берген ақыл-кеңестерің арқасында өсіп-өніп жатқан жайым бар. Шын керек тап қазір балаларыма уақыт тапшы. Бірақ аз уақыт болса да сапалы өткізуге тырысамын.

 

Cұхбаттасқан: Жанна Мәлік.

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz