«Қасқыр үйде бар болса, жүрегім тыныш»: Отандық журналист не себепті үйінде қасқыр асырайтынын түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақылығымызға сын болатын шығар деген желеумен үйінде қасқыр асырайтын отандық журналист, Youtube-блогер Нұрсейіт Жылқышыбай оның себебін түсіндірді. Қазақта нағыз еркектер азайып, ерін ез қылған әйелдер көбейді дейтін Нұрсейіт түз тағысынан үйренеріміз көп екендігіне сенімді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында блогер бетіне су шашқан боксшы туралы да айналып өтпеді.

нурсейт

Үйіңізде не үшін қасқыр асырайсыз? Қашаннан бері басталды бұл әуестігіңіз?

Қасқыр барша түркі елінің тотемі екені белгілі. Қазақ «бөрілі байрақ ұраным» деп жауға шапқан. Көк бөрінің ұрпағымыз деген сенім қалыптастырған. Сондықтан түздің тағысын құрметтемесек, оған деген махаббатымызды көрсетпесек қазақылығымызға сын болатын шығар.

Қасқыр мен қазақ қашанда екеуі бір-бірімен жауласқан. Бір-бірін жеңе алмай келе жатқаны рас. Қазақ барып қасқырды қырады. Қасқыр келіп қазақтың малын қырады. Оларды атып алып, терісін тірідей сыпырып алғаннан ештеңе де шықпайды. Қасқырға деген құрметім өте жоғары. 10 жылдан бері бағып келе жатырмын. Екі қасқыр бағатыным рас. 

Ерекше күтімді қажет ететін дала жыртқышын асыраудағы басты мақсат асыл тұқым алу ғана ма? 

Басқа ұлттарды қайдам, қазақ қасқырлардан көп нәрсе үйренуі керек. Себебі қасқыр жемтігін адал жолмен табады. Қасқыр өзінің жауын алыстан болжай біледі. Жыртқыштардың ішіндегі ең ақылдысы және қолға үйренбейтіні де осы қасқыр. Бұдан бөлек олардың тірідей терісін сыпырсаң да қыңсыламайды.

Қазіргі таңда сөздерінде тұра алмайтын, уәдеге шорқақ, екі сөйлейтін қазақтың азаматтары көп. Бір қазақтың баласын үш-төрт қазақтың баласы тепкілеп, ұрып кетеді. Қасқырларда ондай жоқ. Бірге бір шығып, өзара кім мықтыны анықтайды. Бұрынғы қазақтың батырлары да осындай жекпе-жекте сыналған. Қасқыр кез-келген жағдайда азуын көрсетпейді, тек жауларына ғана айбат шегеді.

Қасқыр өз үйіріне берік, адал келеді. Үйіріндегі ұйымшылдық пен тоқшылыққа тікелей өзі жауапты болады. Кейбір отбасыларға жетіспей жататын дүниені осы қасқырлардан көруімізге болады. 

Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарай ұлиды. Қасқыр қасқырлығын жасамай қоймайды. «Көксеректегі» Құрмаштың күйін кешем деп қорықпайсыз ба? 

Өлексе жемейтін оларға тұзды тамақ берсең өліп қалады. Сондықтан бұларға күнде екі-үш келі балғын ет береміз. Қасқырды бағуды жалғастыра беремін. Басқаларға қасқыр бағыңдар деп насихаттамаймын. Әркімің өз көңіліндегі іс. Қасқыр үйде бар болса, менің жүрегім тыныш. Мен қасқырлардың ақылдылығына қайран қаламын. Құрмаштың күйін кешем деп қорықпаймын.

нурсейт

Еркіндікті жаны қалайтын түз тағысы даланы аңсайды. Үйде байлап қою жыртқышқа қиянат емес па? 

Әрине, еркіндікті қалайтыны рас. Бірақ өзіңіз ойланып қараңызшы, даланың жыртқышына бүгінгі таңда қандай қиянат жасалып отыр. Дәл осы қарқынмен кететін болса 2-3 жылда қазақ даласында қасқыр қалмайтын шығар деп қорқам. Дала санитары дейміз, қасқыр болмаса, табиғаттағы тепе-теңдік бұзылады. Ал қазір олар жойылып кетудің алдында тұр. Далада қырылғанша, бір қазақтың баласы оған деген қамқорлығын көрсетсін.

Тағы айтарым, ол кішкентай ғана кепеде қамалып тұрған жоқ. Сегіз сотық жерде тұр, еркін жүріп, еркін тұрады. Оған ешқандай да қысым көрсетілмейді. Ол да менің отбасымның мүшесі болып кетті. Сондықтан мен оған қиянат көрсетіп жатырмын деп айта алмаймын. Жұрт қиянат жасап отыр деп ойлауы мүмкін, бірақ мені жұрттың пікірі қызықтырмайды. Мен өзімнің ойыммен өмір сүретін адаммын. 

Қазір журналистикада көрінбейсіз әлде сіздің жүргеніңізді «қаламағандар» болды ма? 

Телеарналарда 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін қызмет істедім. Жаңалықтар бөлімі, бағдарламалар бөлімі болсын, реалити-шоулар мен ток-шоуларда болсын қызмет еттім. Ешкімнен қысым болған жоқ.

Адам жан-жақты болғаны дұрыс. Мен журналист екенмін деп шектеліп қалу дұрыс емес деп ойламын. Себебі бұл салада адам өз жағдайын керемет қылып жасап алатын айлық жоқ. Арқалағаны алтын, жегені жантақ деп жатады. Шындығында солай. Қазіргі таңда кәсіпті де қатар алып жүрген жайымыз бар.

«Қалаулымдық» кейіпкерлерге жиі тисіп, жүргізушісінің қылықтарын жақтырмай отырасыз. Бірақ сол бағдарламаның басы-қасында жүрдіңіз. Сонда қалай болғаны?

«Еуразия» арнасында жаңа бағдарлама ашылып жатыр, келіп көр деген ұсыныс түсті. Түріктермен жұмыс жасайсыз деп алдын-ала ескертілді. Түркияда бізге қарағанда журналистика әлдеқайда дамып кеткен. Сондықтан олармен бірігіп қызмет жасау менің білікітілігімді арттырды деп айта аламын.

Ол жердегі жұмысым үшін арланбаймын. Ол бағдараманы біз жасамасақ та, басқа кез-келген адам жасар еді. Ол жерден мен көп нәрсе алдым, үйрендім. Шынайы реалити-шоу ретінде ренессанс тудырды. Бір жағы еңбекақыны басқа бағдарламаларға қарағанда үш-төрт есе жоғары берді. 

Қазір Youtube арнаңыздағы сұхбаттарда қонақтарыңыздың жеке басына қатысты дөрекі сөздер айтасыз. Көрермендеріңіз де журналистік этика сақтамайды деп жиі пікір қалдырады. Неге?

Бірінішіден, мен өзімді журналиспін деп санамаймын. Журналистиканың мүйізі қарағайдай ағаларымыз тұрғанда біз олардың қасында ешкім емеспіз.

Қандай пікір қалдырса да, көріп жатыр дегенді білдіреді. Пікір жазылмаса, мені сынамаса, ол бағдарлама ешкімге қызық емес болғаны.

Бұған дейін журналистердің сұхбаттарында дөрекі сөйлескенін білмеймін. Мендегі жанр сондай. Мен келген қонақтың алдында керемет, дана, ақылгөй болып көрінгім келмейді. Еркіндікті талап етсе, еркін болуға тырысу керек. Мен олардың өміріне қатысты қазбалап, ел шулататын бағдарлама дайындағым келмейді. Өмірлік және логикалық, психологиялық  сұрақтар болуы мүмкін. Менде миллион қаралым немесе миллион оқырман жинау деген принцип жоқ. Ұнамса, қарамай-ақ қойсын. 

нурсейт

Боксшы Мадияр Ашкеевпен болған сұхбатта ол сұрағыңызға шамданып, су шашып жіберді. Бұл «сценарий» бойынша жасалды ма? 

Мадияр Акешеев спортта жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген, кілең мүйізі қарағайдай азаматтармен бір жерде жаттығу жасап жүрген азамат. Осындай беделді жігіт өзінің абройын төмендетіп, бетіме арзан хайп үшін су шашып жібереді дегенге сенбеймін. Ұйымдасып жасалған дүние емес.

Бағдарлама басында оған ащы сұрақтар болатынын ескерттім. Боксерлер басынан соққы алған соң түрлі ауруға ұшырайтыны рас. Осы турасында сұрақ болғанда оның іс-әрекетін көрдіңіздер. Бүгінгі таңда оған деген көзқарасым оң. Өз ойым, сұхбатқа келген соң әнші, биші, күйші болын түрлі сұрақтарға дайын болып келуі керек.  

Мен үшін Мадиярдың су шашқаны жақсы болды. Барлық сайттар мен басылымдар жарыса жазып жатыр. Ол үшін рахмет. 

Боксшының шамына тиген оның әйелі туралы сұрақ болды. Парақшаңыздан байқап қалдым, әйелдер туралы позицияңыз оларды барынша еркекке бағынышты етіп көрсету. «Қатын-қалаш» деген әйел затын кемсітпей ме?

Бабаларымыз «еркек — түздің көркі, әйел — үйдің көркі» деп бекер айтпаған. Кейде туыстарымның үйіне барсам жиіркенемін. Өйткені жеңгем тұрып, ағам сөйлей алмай қалады. Керісінше, ағамыз тұрғанда, жеңгеміз босағада отыруы керек. Қазір жеңгелеріміз төрде отыратын болды. Бастарында орамал жоқ немесе екі иығын жұлып жеп сөйлеп отырады. Ондай анадан бала қандай тәрбие алады?!

Шындығында еркек тұрып, әйел сөйлегеннен қорқам. Бүгінгі таңда еркектерін ез ететін әйелдер көп. Қандай жағдай болмасын еркектің аты еркек. Еркегін жерден алып, жерге салып, жұрт көзінше табалап жатқан отбасында береке болады дегенге сенбеймін. Шыны керек әйелдер қоғамдағы өз орнын білсе екен деген ниеттемін. 

Әйелімен ақылдасатын еркектер көбейіп кетті деп сынап жатасыз. Сіз әйеліңізбен ақылдаспайсыз ба? 

Мен тұрған кезде әйелім екі дүниеде де сөйлемейді. Сөйлемеуі керек те. Әйелмен ақылдасатындай жағдайда емеспін. Әйелмен тек үй ішіндегі дүниелерді, бала-шағаның киім-кешегін аларда ақылдасатын шығармыз, одан басқа дүниелерде өз басым ақылдаспайды екенмін. Әйел өз орнын білген кезде ғана қазақтың азаматтарының мерейі үстем болады. 

Ал көпәйелділікке көзқарасыңыз қандай? 

Қазақ байыса қатын алады. Бір әйелдің жағдайын жасап, шамасы жетіп жатса, әйел алғанға қарсы емеспін. Қолында дүниесі бар еркекті үйде ұстай алмайсың. Жан-жаққа бір барғанша, заңды түрде алған жақсы.

Еркектің ұрпағы көп болса, одан ешқандай жамандық көріп тұрған жоқпын. Ер азаматтың сырттаны ғана екі әйел ала алады. Бірінші әйелінің алдында сынып қалып жатқан еркектер қайдан екінші әйел алсын?!

 

Cұхбаттасқан: Жанна Мәлік

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

stan.kz