Қасиетті қамшы

0

Заманында батыр әрі аруақты адам болған Байбақты атаның бір қасиеті – ауырып жатқан адамды алыстан сезіп, атына мініп, шауып кетеді екен. Бір күні ағаш үйді қоршап, жылап отырған бір топ адамның үстінен түседі. Аңдаса, келіні қайтып, қайғы жамылып отырған үй болып шығыпты. Сол кезде Байбақты ата он екі өрім дойыр қамшысымен үйдің сыртынан ұрып, «Тастап кет, әй, тастап кет!» деп айқайлапты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін киіз үйдің ішінен әлдебір дауыс естіледі, барып қараса, екі дүниенің ортасында жатқан келіншекке жан еніпті дейді.

«Менің өкпемді бір қызыл ит суырып алып, үлкен көк суға қарай шапты. Көк суға жақындап қалғанда, ат мінген ақсақалды бір атамыз «Тастап кет, ей, ит, тастап кет!» деді. Манағы ит өкпені суға салғанда мен өлетін едім. Қайта айналып келіп, өкпемді орнына салып кетті», — депті келін. Ал жорықтарға қамшысын алып жалғыз шыққанда Байбақты ата жаудың көзіне мың адам болып көрінген деседі. Ел аузындағы аңыздарда атаның қамшысы туралы түрлі тылсым жайттар айтылады. Қазір ол қамшы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Оны бұл жерге Атырау қаласының тұрғыны Ақжұма Жаңбырова тапсырған.

«Байбақты атаның қасиетті қамшысы» атты музейде өткен шарада ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиұлы бүгінде көненің көзіне айналған жәдігер туралы тағылымды деректер келтірді.

— Кезінде ең жақсы қамшыны сыйға ұсыну дәстүрі болған. «Қамшы ұстағаннан жын-шайтандар қашады» деген түсінік те бар. Бұл ретте қамшы емшілердің емдік қаруына да айналған, – дейді Абат Кенжеғалиұлы. – Бүгінде қамшы өру де ұмытылып барады. Менің атам Ерекен Қалмұханов Жәңгір ханның ұстаған қамшысын жасаған шебер адам еді. Ол кезде былғары илеу техникасының өзі басқаша болатын. Осы дәстүрді қайтадан қолданысқа енгізсек, әр қазақтың төрінде домбыра мен қамшы тұрса, рухани жаңғыру деген — осы.

Қазір облыстық музей қорында 20-ға жуық қамшы бар. Солардың арасында талай аңызға арқау болған Байбақты атаның қызғылт жыңғыл сапты қамшысы көз тартады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Дереккөз: http://egemen.kz/