Қашықтан оқыту жалақы мен шәкіртақыға әсер етпейді – министр

0

Педагогтердің жалақысы азаймайды, өйткені қажетті жұмыс көлемі орындалып жатыр. Ал шәкіртақы көктемгі және қысқы сессияның қорытындысы бойынша аударылады, деді министр

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Қашықтан оқыту кезінде мұғалімдердің жалақысы және студенттердің шәкіртақысы сол күйі сақталады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қашықтан оқытуға көшуіне байланысты педагогтердің жалақысы азаймайды. Өйткені қажетті жұмыс көлемі орындалып жатыр. Біз бұйрықта жалақы төмендемеуі тиіс деп көрсеттік», – деді Аймағамбетов онлайн-брифингте.

Министрдің айтуынша, шәкіртақы да өзгермейді. Стипендия көктемгі және қысқы сессияның қорытындысы бойынша аударылады.

«Қысқы сессияның қорытындысы бойынша тізімді алдық. Қашықтан оқыту форматына ауысқанына қарамастан, студенттер шәкіртақысын алуы керек», – деді ведомство басшысы.

Бұған дейін министр қашықтан оқыту кезінде үш жүз мыңнан астам оқушы компьютер және планшетпен қамтылатынын айтты. Ол үшін балаларға мектептердегі компьютерлер уақытша пайдалануға беріледі. Бұған қоса, қосымша сексен мың техника сатып алынады.

Оқушылар үшін төртінші тоқсан 6 сәуірде басталады. Ал университеттер мен колледж студенттері 16 наурыздан бері үйден онлайн-режимде оқып жатыр.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз