Қашып құтылды: Алматы облысында ашынған тұрғындар шенеуніктерді батпаққа аунатпақ болды — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Алматы облысында балалары балшыққа аунап, көрші ауылдың мектебіне қатынайтын тұрғындар шу шығарды. Тіпті алдарына келген шенділерді батпаққа аунатуға дайын тұрды. Абырой болғанда шенеуніктер қашып құтылды. Бірақ, әбден ызалы жұрт әкімдіктің көлігін жүргізбей ішіндегі басшыны ақыры сыртқа шығарып бар сұрақтарына жауап талап етті.
Талғар ауданындағы Айғаным ауылының тұрғындары мен шенеуніктер арасында текетірес болды. Ақжағалылардың жағасын жыртып, әбден ызаланған жұрт бар шындықты айта бастап еді, шенділер оны «көп сөзге» балап ауыздарына қақпақ болумен әлек. Сонда да төрт мезгілде балшық кезіп, шыдамдары шегіне жеткендер білдей маманның ауданнан келгеніне де қарамады. Кір-қожалақ балаларын алдарына сап, жолсыздардың күнін көздеріне шұқып көрсетті, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы«.
«Міне, балалар резеңке етікпен жүр. Сіздің балалар немен жүреді? Туфлимен жүреді. Етікпен н жүреді. Біздің балалар міне. Келесіздер, қағазды ұстайсыздар, «иә» деп кетесіздер. Содан жоқсыңдар», — дейді Айғаным ауылының тұрғыны Гүлнәр Какенова.
Айғаным ауылының пайда болғанына он жылда болмапты. Мың түтін бар. Асфальтты көрсек, мұрнымызды кесіп берейік дейді халық. Балшық-сазға шыдамай тас төсеген. Тек, елді-мекенге су тартамыз деп ауыз толтырғандар екі жылдан бері жолдарының астан-кестенін шығаруда. 508 млн теңге қазынадан бөліне тұра, құрылысы сағызша созылғанына таң қалады.
Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп шенеуніктер де еш саспай жаттанды есептерін қайталай берді. Сұрақтарына мүлдем мардымды бір жауап алмаған соң тұрғындар шенділерді әбден түрткілеп, балшыққа аунатуға дейін барды. Тек қашып құтылды. Бірақ, көліктеріне мініп үлгергенімен, көпшілік жолын жауып қайта шығарды.
Батпақ жолдың азабы аздай Айғанымдағы 1000 оқушыға бірде бір мектеп жоқ. Ауылдағы барлық бала көрші маңдағы білім ошағына қатынайды. Бірі таксиге отырады. Екіншісі автобусқа отырады.
Бүгін ауылда атқамінерлер жүрген соң автобус та қулық жасап көше аралады, дейді тұрғындар. Әйтпесе, балалар бір жарым шақырым жерге жаяу барып күтеді. Сөйтіп, көрінген ауылдың білім ошағын сығалап оқиды. Дегенмен, әкім орынбасары жұрт сәл шыдаса мектептің жері дайын, деді.
«Жері тұр. Дайын. Мемлекеттік актісі дайын. Құжаттары сараптамадан өтіп жатыр. Жақында ғана білдім, осы жобасы дайын болса, екінші жарты жылдықта құрылысы басталады», — дейді Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары Бегәлі Түңлікбаев.
Құрылысына қаржы бөлінгенше ауыл оқушыларының алды мектеп бітірмесе болғаны дейді жұрт. Өйткені, жолдың да мәселесі жыр болып келеді. Айтпақшы, тұрғындар жарықтың килоВатына 27 теңгеден төлейді екен. Айғанымдықтар үшін заңның да, шенеуніктердің де тіпті бағалардың бәрі айдан түсетін секілді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz