Қашқындардың өмірін көріп, соғыс майданында болған қазақ қызы басынан өткенін баяндап, Назарбаевпен кездесуі туралы айтып берді — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Назгүл Кенжетай — халықарлық әскери корреспондент, фотограф, Қазақстаннан шыққан еуропалық журналист ретінде танымал 23 жастағы маман. Оның жұмыстары BBC-де жарияланған. Түркия, Катар және Еуропаның басқа да мемлекеттерінде өткен көрмелерде қойылған.
Өзен суындай жоқ болып кеткен ұлтты, нан үшін қылмысқа баруға дайын адамдарды көрген ол, өкпелеген балалардың дауысы болуды мақсатына айналдырған. Жұмыстарында қашқындардың өмірін, соғыстан зардап шеккен балаларды көрсеткен Назгүл Кенжетай Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне неліктен әскери журналистиканы таңдағанын, соғысты көрген балалардың нені қалайтынын айтып беріп, Назарбаевпен кездесуден кейінгі алған әсерімен бөлісті.
Назгүл, дәстүрлі сұрақтан бастасақ. Әскери журналистика сізді таңдады ма әлде сіз оны ма?
Әрине, мамандығым мені таңдады. Біріншіден, әлемде болып жатқан жағдайларды естірту, қаншалықты қиын болса да журналистикалық парызым. Екіншіден, әлемнің қай жерінде болмасын, ұлты, түсі басқа болса да бейкүнә сәбидің көзжасы ешбір адам баласын бейжәй қалдырмауы тиіс. Үшіншіден, Сирия мәселесінде Астананың рөлі маңызды, білесіз. Бірақ сол Астана конгресінде не болып жатыр, не болып жатқан жоқ толық қанды материал жоқ. Біздің еліміздің сыртқы саясатында көптеген жетістіктері бар, соларды неге xалқымызға насиxаттамаймыз?
Біз кез келген сыртқы жағдайларға байланысты жаңалықтарды Ресей немесе Еуропа арқылы естіртумен тек қана сол елдердің насихатын тегін жасап берген боламыз. Бізге сыртқы жаңалықтарда өзіндік көзқарас қажет, әйтпесе, сыртқы саясаттағы еңбегіміз бекерге кетіп жатыр деген сөз. Осы минустардың орнын толтыру үшін осы мамандыққа келдім.
Сіздің пікіріңізше, білім — соғыссыз өмірге бастайтын алғашқы қадам. Сұхбаттарыңыздың бірінде Қазақстанның мектебінде білім алып, Түркияға барғанда 11 жылды босқа жібергеніңізді түсінгеніңізді айтып едіңіз. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда білім деңгейі жүз пайыз керемет емес. Бізде оқушылар мектептен түлеп ұшқаннан кейін не істерін білмей сан соғып қалады. Қазақстандық мектептерде өмірде пайдаға жарайтын білімнің берілмейтінін тілге тиек ететін азаматтар бар.
Менің сараптамаларым бойынша, бізге ең алдымен білім беру саласын дұрыстау қажет. Кеңес үкіметі кезіндегі өзгертілген тариxымызды қайта қалпына келтіру керек. Ең бастысы ұлттық құндылық жайлы түсінігімізді қалыптастыруға міндеттіміз. Кім екеніңізді білмеген жағдайда ешқандай білім көмектеспейді. Біздің өшпес төлқұжаттарымыз бар, соларды әрдайым жүрегіміздің тұсында ұстауымыз қажет.
Жапония цунами мен атом бомбасы жарылғаннан кейін, ең алдымен білім жүйесін қалпына келтірді. Жаңа нәсілді тәрбиелеуге кірісті. Бұл да өсер елдің талпыныстары. Көп нәрсе уақытымен өзгереді.
Білімді, оқыған ұлт болу үшін жүйеде қандай өзгерістер болуы тиіс. Оқушылардың білімге қызығушылығын қалай арттыру керек? Сіздің пікіріңізше, біздегі білім жүйесіндегі басты қателіктер қандай?
Келешек ұрпаққа жақсы білім бере алу үшін жақсы білім алған мұғалімдер жетілдіру қажет. Бір баланың бақыты — оны шын мәнінде жетілдіре алатын мұғалімінің болуы. Одан кейін, төлқұжат мәселесі, балаға кім екенін, тариxын, ұлтын, ана тілін жетік меңгерту қажет. Бұлар ең бастысы, фундамент. Басқа дамыған елдерде балаға алдымен кім екенін үйретеді. Ал біз әлі күнге ұлттың сөзінен қорқамыз, солай ма?
Біз бірден интернационалист болғымыз келеді, бірақ өсірген ұрпағымыз интернационалист емес мәңгүрт екенін көрмей келеміз. Ең алдымен фундамент, жүйені өзгеруі қажет. Біз осы өзгерістер арқылы ғана Алаш сияқты xалқы үшін күйіп жанатын элита өсіре аламыз. Маxадма Гандидың айтқанындай, колониялық тәртіпте тәрбиеленген элита, еш уақытта xалқына қызмет ете алмайды.
Қазақстандық журналистикада сөз бостандығы жоқ деген пікірмен қаншалықты келісесіз?
Сөз бостандығына жете алу үшін, пікірлер тәуелсіз болуы тиіс. Жоғарыда айтып өткенімдей, пікірлердің еркін, тәуелсіз болуы жақсы біліммен ғана байланысты. Білімді адамның пікір еркіндігіне еш уақытта кедергі бола алмайсыз. Білім болмаған жағдайда, ақ пен қараны ажырата білмейсіз, сыртқы күштердің арзан насихатының жетегінде кетесіз. Алдымен, сөз бостандығының болуы үшін, сөз бостандығын қалайтын, талап ететін БАҚ қажет.
Әріптестерімнен «Қазақстан әлемнің жаңалығын өз жаңалығындай қабыл алуды үйренгенде, баспасөзде сөз бостандығы болады» дегенді жиі естимін. Қазақстандағы журналистиканың деңгейіне көңіліңіз қанағаттанады ма?
Негізі журналистиканың негізгі мақсаты — xалықпен үкіметтің, xалық пен оқиғаның арасындағы көпір болу. Журналистика xалықты жетілдіретін де өшіретін де күшті құрал. Ал журналистердің мойнындағы жүк ауыр. Бірақ, менің ойымша, біздегі журналистика «рейтинг болса реклама бар, реклама болса ақша бар» пирамидасынан шыға алмай келеді. Бүгінде аты шулы BBC-дің өзі үлкен xолдинг компаниялардың жетегінде жүр. Менің ойымша, журналистер материалист емес, идеалист болу қажет.
Бірінші қазақстандық әскери корреспондент деген аттың жүгін арқалап жүруге, берілмеуге кім және не көмектеседі. Бойыңыздағы батылдық, қайсарлық сізге кімнен дарыған?
Бойымдағы күштің, энергияның тамыры — идеалдарым. Мен идеямен тұрамын, идеямен жатамын. Ең бастысы, бір қадам болса да алға жылжу қажет. Қалғаны келе береді.
Соғыс майданында жүріп, ажал құшып қаламын деп қорықпайсыз ба?
Ажал айтып келмейді, қай жерде қалай өлетінімізді біз біле алмаймыз, сондықтан бұл қорқу керексіз қобалтуды ғана тудырады. Қорқу біздің алдымыздағы ең үлкен кедергі. Әрдайым, нәтижеге қарауымыз керек .Айла-шарғы мен насихат қалай жасалып жатыр, соларды БАҚ арқылы білуіміз қажет.
Эмоцияларыңызды қалай шығарасыз, яғни көзбен көргеніңізді қалай “қорытасыз”?
Үнемі үйрену арқылы, басқаларына көмектесіп, үнемі процессте болу арқылы.
Әрине, барлығымыздың көкейімізде әлемде бейбітшілік орнап, жазықсыз балалар мерт болмаса екен деген арман бар. Сіз өмірі енді ғана басталса да соғыстың кесірінен балалық шағынан айырылған балаларды көрдіңіз. Олардың арман, тілектері, айтатын әңгімелері қандай? Олар балаша күлуді ұмытып қалған болар?
Бір сәби жәннатта азық көп пе деп сұрағаннан кейін, не айтуға болады…
Сирияда, Алеппода атқарған жұмысыңыз жайлы, өзен суындай жоқ болып кеткен ұлт жайлы айтып берсеңіз.
Біздің месседж «шүкір етіп отыра беріңдер» деген нәрсе емес, керісінше «ояу болыңдар», «бірлік болсын», «жығылғанға жұдырық болмай, қолынан ұстап көтеріңдер» деген сөз. Біздің бір бөлінуімізді, сыртта күтіп тұрғандар қаншама. Біз сұрақты басқаша қоюымыз қажет, не себептен ол жақта қақтығыс болып жатыр, кім кіммен соғысып жатыр, терроризм дегеніміз не? Қандай айла жасалып жатыр, не насихатталуда? Осыларды БАҚ арқылы білуіміз керек.
Балалық албырттығыңызды жоғалтып алған жоқсыз ба?
Әлем қарбаласын, адамзат болашағының қиындығын көру арқылы еліңнің болашағына алаңдағаныңда, балалықты ұмытасың. Келешек ұрпағымыздың балалық шағы бақытты болуы үшін қазіргі ұрпақ ерте жетіліп, ояу болуы тиіс.
Бір сұхбатыңызда отызға дейін журналистикамен айналысамын, отыздан кейін керек емес деген едіңіз. Отыздан кейін немен айналысасыз?
Уақыт көрсетеді.
Назгүл, 2018 жылғы “100 жаңа есім” жобасының жеңімпаздары Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен еді. Жеңімпаздардың қатарында сіз де барсыз. Елбасымен бірінші рет кездесуіңіз бе?
Бірінші рет кездесуім. Кездесу өте ыстық атмосферада өтті. Ол кісінің бізге мақтанышпен қараған сәті — ұмытылмас естеліктердің бірі. Бір ақсақал Елбасы ретінде Жастарға үлкен сенім артады. Маған «сен де бізді суретке түсірсейші» деген сөздері есімде бірақ камерам қасымда болмай, түсіре алмай қалдым.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz