Қашқын әке – Informburo.kz

0
189

Қаламгердің көксегені – жазбасымен оқырман жүрегіне ой салу. Қаламының ұшынан құйылған қым-қуыт оқиғалары оқырманы мен тыңдарманның, көрерменнің жүрек түбіне тығылған сырын түртіп шығарса – дегеніне жеткені.

Кейде, жүрекжарды туындыңның адамдарға соншалықты әсері еткенінн кездейсоқ білгенде, өмірге текке келмегендей қуанып қаласың. Ал, өмірге деген көзқарасын өзгерткенін білсең, шабытыңа шалқып шыға келеді.

Қажетіңді дер кезінде ғана іздейтін пендеміз ғой. Күздің алғашқы ызғары біліне бастағанда барып, жылы бәтеңке керектігі есіме түсті. Қаланың қақ ортасындағы зәулім сауда үйінен қажетімді тапқаныма қуанып, шығуға беттегенім сол екен: «Кешіріңіз, мен сізді телеарнадан көргенмін. Сіз тексіз балалар жайлы айтқан едіңіз ғой?!» деген дауысқа аңтарыла бұрылдым.

Бейтанысқа «алтын уақытыңды бөлу» керек пе?

Шындығы керек, сұхбатты жиі беретін болғандықтан, қай арнаға қандай сұхбат бергенімді ұмытып қаламын. Бейтаныс әйел қос қолын кеудесіне қоя: «Өтінемін, он минутыңызды маған қиыңызшы?! Сізбен кездесуді армандап жүр едім. Қилы теперішке толы өмірбаянымды қысқаша айтып берейін. Мүмкін, бір жазбаңызға керек боп қалар?» деп қиыла қарады.

Кездейсоқ адамның өмірбаяны кімге қызық болсын? Өзім өте асығыс болғандықтан уақытымды қимадым. Пейілімнің жоғын байқап: «Сіздің телеарнаға берген сұхбатыңыздан соң мазам кетті. Жасаған қадамымның оң-терісін анықтап алайын. Тым құрыса он минутыңызды қиыңызшы?!» деп асығыс айтқан жалынышты үнін аттап кетудің жолын таппай, кідірдім. Алдыма түсе бүйірдегі дүкенге беттеді. Аяқ киім дүкенінде сатушы боп істейтін сіңілісі тойға баратын боп өтінген соң, бір күнге сатушы қызметінде тұрған күйі екен.

Мінезі тартымды әйелге егделік те әдемі

Аққұба өңді, толықтығы жарасымды елуден асқан әйелдің ширақтығына риза болдым. Өте жеңіл қимылдап, сөйлегенде билеп тұрғандай әсер қалдырады екен. Жастарға тән ширақ та шалт қимылды көргенде, алғашында тосырқаңқырап қалғанымды жасырмаймын.

Сөйлеп тұрған адамның артық қимыл-қозғалысы әдетте тыңдаушысын мезі етеді. Бірақ, мына бейтаныс әйелдің жарасымды құбылмалы қимылымен қайта өзіне тартады екен. Тілінен майы таматыны соншалық, арасында бір туфлиін маған сатып үлгерді. Жарасымды қимылы мен ашық-жарқын мінезіне елітіп тұрып, қалтамды қаққанымды байқамай қалдым.

Интриганың пәрмені

Дүкеніндегі келушілерге арналған тері орындыққа жайғастырып отырғызды. Өзі алдымда тікесінен тұр. Тұрған адаммен отырып сөйлесудің ыңғайсыздығын айтқаныма: «Сіздің алдыңызда сөйлеу оңай емес. Отырсам ойымнан айрылып қалам» деп келіспей қойды.

«Интрига» деген шеттен келген делебе оятатын сөз бар ғой?! Бейтаныс әйелдің қоюлата түскен қаракетінен мен де сиқырлы торға қалай түскенімді байқамай, әңгімесіне ден қойдым. Жер бетінде қаншама адамдар өмір сүрсе, соншалық бір-біріне ұқсамайтын тағдыр жолы барын айтудың өзі артық болар. Десе де, бейтаныс әйелдің әңгімесінен бүгінгі қоғам келбеті айтақтап шыға келді.

Әлқисса…

Бейтаныс әйелдің жанына батқан ең ауыр мәселе, менің «тексіздік» жайлы айтқан сұхбатым екен. Бүгінде Астана Жастар театры репертуарында жүріп жатқан «Лифт» атты пьесамның басты арқауы – балалар үйінде тәрбиеленген жас қыздың әке-шешесінің кім екенін білмейтіні, «Бәлкім, ағам боп шықса қайтемін?» деген үрейден сүйген жігітіне күйеуге шығуға қорқып жүргені жайлы болатын. Негізгі тақырып – тексіздік жайлаған қоғамның мәңгүрттену қатері алдында тұрғаны жайында болғандықтан, көптеген қоғамдық пікір туғызған болатын.

Адамдардың адалдығына деген нық сенім болғандықтан, айналасындағыларға өз жүреккөзімен қарап, жанымен иланатын бейтаныс әйел, махаббат сатқындығына душар болады. Студенттік дәуреннің бал татыған күндерінде бойы сырықтай, жолында қыздар қоғадай жапырылған жігітпен танысады. Ынтыққан құрбылары арасынан сұлулығымен топ жарып, армандай жігіттің назарын өзіне құлатады.

Махаббаттың буына қарсы тұрар күш бар ма?

Арада басталған махаббаттан жас арудың есі шығып, сүйгенінен басқаны көрместей күйге ұшырайды. Жігіттің соңғы курста, қыздың екінші курста оқып жүрген кезі. Жігіт дипломын қорғаған күнгі тойланудың аяғы бал сезімнің – тән ләззәтіне айналған түнге ұласады. «Күйем, сүйем, өллаһи саған үйленемін!..» деп ант-су ішкеніне имандай сенген қыз, ыңғайына көнеді. Қысқа түнде сүйіктісімен бірге болашақ отбасына жоспар құрып үлгереді.

Қолына дипломын алған сүйіктісі елге барып, ата-анасымен келісемін деп аттанады. Апта салмай айналып келуге уәде беріп, ізім-қайым жоқ боп кетеді. Екі көзі төрт, жолына қараумен жүрген қыздың етегі көз жасына толады. Ұшты-күйлі жоқ болған жігіттің достары арқылы сүйіктісінің басқа қызға үйленіп кеткенін араға алты ай салып бір-ақ білген ол күйіктен екі бүктеліп жатып қалады.

Сатқындықтың шипагері – уақыт

Тіршілік деген теміртөстің үстінде кімдер иленбеген десеңші?! Құдайдай сенген жігітінің опасыздығынан «махаббат» сөзін естісе, төбе шашы тік тұратын күйге ұшырайды. Сөйтіп жүргенде, айналасындағы құрбылары шетінен күйеуге шыға бастайды. Махаббаттан түңілген қыз құрығанда бала туып алуды көздеп, кездескен жігітке күйеуге шығады.

Алғаш некелеп алған күйеуімен құрған отбасының ғұмыры қысқа болады. Шаңырағының шайқалуына басты себеп – бойына бала бітпеуі. Бармаған жері, баспаған тауы қалмай емделгенмен бір перзентке зар болады. Үш жарым жылдан соң, күдер үзген күйеуі ажырасады.

Тосыннан кездескен «Ұмытылған махаббат»

Отбасылы болудан күдері үзіп жүрген кезде, алғашқы махаббатын кездейсоқ кездестіріп қалады. Жүрегінің түпкірінде сөнбеген махаббат сезімі, қайта лап етеді. Ол да әйелімен ажырасып үлгерген боп шығады. Қыз күнінен де құлпырып жайнай түскен жас келіншекке құлап түскен жігіті: «Сені тастап бекер қателесіппін. Таңдаумен тазға жолықтым» деп жалынып-жалбарынады.

Әйел жүрегі жұмсақ қой. «Алғашында қорыққан болар. Енді алдамайтын шығар…» деген үмітпен, жігітке қайыра мүмкіндік береді. Уақыт өте кезінде ұстатпай кеткен жігіттің құмарпаз екені, келіншек берген ақшаны жасырын казиноға салатыны ашылады. Тағы сол айрылысу…

Отбасылы болсам деген үмітпен екінші рет күйеуге шығады

Төрт жыл отасқан күйеуімен бала болмай, тағы ажырасады. Бір перзенттің зарынан өмірі таусылғандай боп жүргенде, үлкен басқармаға қызметке тұрады. Басқарма бастығы – егде жасқа ілігіп қалған кісі. Түлкінің баласындай сұлу келіншекке бастығы бірден құлап түседі. Тағдыр жолындағы еркектерден түңіліп жүрген келіншекке бәрібір болатын. Күнде ойын, күнде той… Аяғын жерге тигізбей, қалаған асын ішкізіп, қалаған киімін кигізеді.

«Өмірдің қатал сынағын қойсаңызшы. Екі бірдей некелі күйеуден балаға зар болғанымда, ойнастан бала көтеріп қойдым…» деп күрсінген бейтаныс әйел, лықсып келген көз жасын жейдесінің ұзын жеңіне сүртті. Тағдыр неткен қатал, ә?! Қос бірдей некелі күйеумен тұрғанында қимаған перзентті, күтпеген кезде сыйлаған.

Қашқын әке қылық ашады

Бойына бала біткенін айтқанда бастығы шоршып түседі. Алдырып тастауын талап етеді. «Қанша жылдан бері зарыққан баланы өлсем де алдыртпаймын» деп, алған бетінен қайтпаған келіншекті дереу басқа жерге жұмысқа ауыстырып жібереді. Соңынан еретін сөзден қашқаны соншалық: «Ешқашан, ештеңе талап етпеймін» деген мағынада қолхат жаздырып алады.

«Шынымды айтсам, қолхатсыз да ол кісіге жабыспақ ойым болған жоқ. Бойыма бала біткенге бақыттан басым айналды. Қызығы таусылған өміріме нәр бітті. Ойлағаным «қайтсем баламды аман-есен туып алам» болды. Құдай қарасып, балпанақтай ұл тудым» деген жеріне келгенде, бейтаныс әйелдің жүзі нұрланып сала берді.

«Байдан көрмеген бақытты – баладан көрдім!..»

Баласының жасы бүгінде жиырма алтыда. Үйлендіріп, той жасапты. Жер үйі, машинасы, ат төбеліндей бизнесі бар. Келіннің бойына бала біткен қуанышына жатыр той жасапты. Ештеңеден кенде емес. Тек, менің тексіздік жайлы сұхбатымнан соң баласын тексіздікке ұшыратқанына деген өкініш өзегін өртей бастапты. «Өзім олай-бұлай бола кетсем, балам тым құрығанда тегін білсін» деген мақсатпен, ұмытылған байланысты іздестіре бастайды.

«Іздеген жетер – мұратқа»

Қашқын әкенің етжақын адамын іздеп жүріп табады. Өзінің ештеңеге мұқтаж еместігін, тек баласымен танысса, әкесі екендігін мойындаса жеткілікті екенін айтуын өтінеді. Арада жиырма жеті жыл өтсе де қашқын әке ескі әдетіне басып: «Іздемеуін, мазасын алмауын» талап ете сәлем айтады.

«Жабулы қазан – жабулы» күйінде қалдырайын десе, «тексіз» деген сөздің азабынан күйзеліп, жауап таппай жүрген кезі екен. «Баламның әкесі – бүгінде жасы жетпіске жеткенмен қалада ресторан жүйесі, май құйатын бекеттері, дүкендері бар алпауыт. Маған көк тиыны керек емес. Баласын мойындаса болды» деген кезде бейтаныс әйелдің көздерінен тамшы жас ыршып кетті.

Өзге тағдыр иесін ғайбаттауға асықпаңыз

Қай жерде сүрініп, қай жерде тіктелеріміз тек Жаратушы иеме ғана аян мына тіршілікте сот болуға ешкімнің адами құқы жоқ. Еш адам өзіне жамандық тілемейді. Зарыққаны қолына тигеннен бақыттан басы айналған әйел араға жиырма жеті жыл салып, ұлының тегін іздеп зарығады. Тарихта жалғыз ұлдың ұрпағы «дүйім елге» айналғаны жайлы мол деректер кездесіп жатады. Бүгінгі жалғыз ұлдан – дүйім елге айналарлық ұрпақ өсіп шығуы мүмкін ғой?! Жеті атасы белгісіз тексіз әулет болатыны өкінішті.

Жауап күте жаутаңдай қараған көздерге қарап, жон арқам терлеп кетті. Жауап таппай қатты қысылдым. Қоғамдық қасіретті шығармашылық жолымен қозғау өз алдына, ал… Нақты жайтқа – нақты кеңес берудің салмағы ауыр. Өзі таппаған сұраққа жауап күткен жанның алдында тап бір сот алдында тұрғандай жаным қысылды.

Жас келіншекті жарға соқтырған еркек

Апыр-ау, жас келіншекті құшағына алған егде жастағы еркектің ойнастықтың соңын ойламауы мүмкін бе? Ойламаған екен делік. Болар іс болған соң да мойын бұрмай безіп кеткені қалай? Егер, жас келіншектің отбасы шырқын бұзғысы келген пиғылы болса, сөз басқа. Зар илеген перзентке қолы жеткеніне қуанған келіншекке еш салмағын салмай ұрпағын жетілдіргені үшін бір ауыз жылы сөз таппағаны ма?!

Тексіздерді өрбіткен қашқын әкелер

«Тексіз» деген қара тізімнен қашып шыққысы келген ұрпағына қол созуға әкелік мейірімін қимайтын қатыгез жандар қалайша көбейіп кетті?! Аз күндік ләззәтқа кенелемін деп жүріп, тексіздер санын көбейтіп жатқан қашқын әкелерге бұл өмірде ешқандай сот жоқ. О дүниеде жауабын өзі берер. Тек… Сол жақтағы соттың алдында не дерін қашқын әкелер қазірден ойласа…

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.


Дереккөз: https://informburo.kz