Қаржы министрлігі Қырғызстанмен шекарада жүк көліктерінің не себепті кезекте тұрғанын түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Қаржы министрлігінің шенеуніктері қырғыз әріптестерінің сынына жауап берді. Бұған дейін Қырғызстан билігі Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ нормаларын бұзып, бақылау бекетінен жүк көліктерін өткізбей жатқанын айтқан болатын. Осыған байланысты шекарада жүк көліктері ұзын сонар кезекте тұр. Бірақ, біздің сарапшылар мұнымен келіспеді, деп жазады Stan.kz КТК арнасына сілтеп.

Қаржы министрлігі Қырғызстанмен шекарада жүк көліктерінің не себепті кезекте тұрғанын түсіндірді

«Мұнда Еуразиялық экономикалық одақ нормалары бұзылған жоқ. Қырғызстан-Қазақстан арасындағы ішкі кәсіподақ қозғалысына келер болсақ, біз тыйым салулар мен шектеулер қоймайтынымызды айтқан болатынбыз. Біз, тек жүктермен бірге жүретін құжаттардың тасымалданатын заттарға сәйкес келуін ғана талап етіп отырмыз»,- дейді ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті төрағасының орынбасары Қуат Рахимов.

Қазақстандық биліктің айтуынша, Қырғыстаннан тауар тасымалдайтын жүк көліктерінде өрескел бұзушылықтар болғандықтан, бақылауды күшейту қажет болды. Ал, жүк көлігінің жүргізушілері болса, Қырғызстаннан Ресейге дейін біздің аумағымыз арқылы транзитпен жүретіндіктен, бұл оларды салық төлеуден босатады. Алайда, олардың тауарлары шын мәнінде, Ресей емес, Қазақстанда қалады.

Сондай-ақ, жүкқұжатта жиі бір өнім тізімделгенімен, іс жүзінде мүлде басқа тауар тасымалданады. Сондықтан, 27 наурыздан бастап шекаралық бақылау күшейтілген. Осы уақыт ішінде елге мыңнан астам жүк көлігі кірді. Ал, жүзден астам жүк көлігі тексеруден бас тартып, кері қайтты. 

Қазір Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратына сәйкес, Жамбыл облысындағы Қарасу бақылау-өткізу бекетінде кезекте 150 жүк көлігі тұр. Ал Өзбекстанмен шекарадағы кептеліске келер болсақ, ондағы мәселе тауар айналымының өсуі мен жүргізушілердің бақылау бекетінен өтетін куәліктерінің ескіруіне байланысты туындады, дейді шенеуніктер.

 

stan.kz