Қаржы министрі «ЛРТ» құрылысына қосымша қаржы қайдан тартылатынын айтты
«Астана ЛРТ» компаниясының облигациялары ішкі нарыққа шығарылып, сатылады
НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. Үкімет басшысының бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов елордадағы жеңіл рельсті көлік желісін қаржыландыру тетіктері туралы баяндады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұған дейін «ЛРТ-ның» құрылысына Қытай мемлекеттік банкінен қарызға ақша алынған. Ол қарыздың сомасы – 1,5 миллиард доллар. Осы ақшаның 344 миллион доллары құрылысқа жұмсалды.
«Бүгінде бас мердігерлер – қытайлық компанияларға байланысты қаржыландыру жүйесін қайта қарауға шешім шығарылды. Себебі Қытай мемлекеттік банкі қаржыландыруды тоқтатты. Осыған байланысты біз үкіметте Нұр-Сұлтан әкімдігінің ұсынысын қарап шықтық. Соның аясында Қытай мемлекеттік банкінің қарызын қайта қаржыландыру жоспарланған. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары басталып кетті», — деді Смайылов есеп беру кездесуінен кейінгі брифингте.
Жоспарға сәйкес, «Астана ЛРТ» компаниясының облигациялары ішкі нарыққа шығарылып, сатылады. Құнды қағаздардың жалпы құны – 1,5 миллиард доллар. Осы ақшадан Қытай мемлекеттік банкінің 344 миллион доллар көлеміндегі қарызы өтеледі.
«Қалған ақша – 1,2 миллиард доллар «ЛРТ-ның» құрылысына жұмсалады. Әкімдіктің жоспары бойынша жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысы 2020 жылы, яғни келесі жылы 1 қыркүйекке дейін аяқталады», — деп атап көрсетті Смайылов.
sputniknews.kz