Қарттарға қамқорлық – қасиетті борыш

0

Баян Ахметжанова,
«Ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Баян Теміртасқызы, өзіңіз бас­шылық ететін қоғамдық бірлестіктің жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында қарт­тарымызға қандай көмек бердіңіздер?
– «Ардагерлер» дегенде біз тек соғыс ардагерлерін алып отырған жоқпыз. Әу бастағы діттегеніміз жалпы егде кісілерге, қарттарға қамқор болу, көңіл бөлу еді. Біз ол мақсатымызға жеттік. Алғашында, бастамашыл топ ретінде жұмысын бастаған ұйым бүгінде «Нұр Отан» партиясының және Perspective, «О’Азамат» бастауыш партия ұйымдарының тұрақты қол­дауымен ардагерлерге жүйелі қызмет көрсететін орталыққа айналды. Өзі­ңізге мәлім, соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің азаюы, демографиядағы тұрақсыздық, керісінше жасы келген кісілердің өмір сүру ұзақтығының артуы экономикалық мәселеге ай­налды. БҰҰ-ның ғалымдары есебінше, 50 жылдан кейін жер шарының әрбір алтыншы тұрғыны қарт кісі болады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қарттардың саны артқанын, 2015 – 2050 жылдары әлемде 65 жастағы және одан үлкен кісілердің саны 2,5 есе өсіп, 1,6 миллиардқа жететінін болжап отыр. Міне, осы кезде қартта­рымыз үшін әлеуметтік саланы қам­тамасыз ету, яғни оларға зейнетақы беру мәселесі күрделенуі мүмкін. Бұл енді әлемдік деңгейдегі проблема бол­ғанымен, біздің де оған қатысуға қабілетті болып отырғанымыз өтірік емес. Мені осы мәселе алаңдатады. Осыны шешу жолында қолымыздан келгенді жасасақ, билікке үнімізді жеткізсек деп жұмыс істеп жатырмыз. Адам қартайған сайын бала бола береді. Бізге әртүрлі қарттар келеді. Бірлестік ашылған кезде өмірді ұзартып, ден­саулықты күшейтуге жұмыс істей­тінімізді айттым. Олар қуана келісті. Енді өмір болғасын небір тағдыр бар. Мұңайып келген егде кісілерге пси­хологтар көмекке келіп, өзі құралпы жандармен тіл табысып кетеді. Біз материалдық көмек бермейміз, тек қарт кісілердің өмірін жақсы арнаға бұруға көмектесеміз.
– Демек, бұл жерде жасы келген жандар бір-бірімен кездесіп, пікірлесуге, зейнетке шыққаннан кейін барлығынан қол үзіп қалмай, қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік алады ғой?
– Дәл, солай. Жақында ғана «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірін­ші орынбасары Мәулен Әшімбаев орталыққа келіп, қариялармен кездесті. Отан үшін отқа түсіп, елдің еңсе тік­теуіне қосқан үлесі үшін оларға алғы­сын жеткізді. Расында, қазақ қариялары қашанда ақыл мен пара­саттың, тәлім мен тәрбиенің және ұлттық рух пен жігердің қайнар көзі бола білген. Оларға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.
Қазіргі таңда жер бетінде адам­дардың өмір сүру ұзақтығының өскенін көріп отырмыз. Тіпті мамандардың айтуынша, 2050 жылға қарай әлем халқының кем дегенде 10 пайызын қариялар құрайды деген болжам бар. Сондықтан әлем осыған дайындалып, соған лайық инфрақұрылым қалып­тастырғаны жөн. Медициналық қызмет көрсетуді жетілдіріп, басқа да қызмет түрлерін жүйелі жолға қоюдың берері мол болмақ. Мұндай үрдістен Қазақ­стан да тыс қалмайтыны сөзсіз. Осы тұр­ғыдан келгенде мұндай орта­лық­тардың маңызы зор. Сондықтан осыған лайықты жағдай жасауды қамтамасыз етуіміз керек.
Бүгінде бірлестік Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық кеңесі құрған қарттар мәселесін әлемдік деңгейде қарастыратын арнайы топқа және 108 елде жұмыс істейтін халық­аралық Help Age International ұйымына мүше. Алдағы уақытта мекемені бұдан да кеңейтіп, Қазақстанда ардагерлерге қызмет көрсететін ірі орталық ашуды жоспарлап жүрміз. Мұндай баста­мамызға қолдау білдірген «Нұр Отан» партиясына алғысым шексіз. Бас қа­ламызда мұндай орталықтың құрылуы ардагерлерімізге көрсетілген үлкен құрмет болар еді.
– Бірлестіктің нақты мүшелері бар ма?
– Біздің тұрақты мүшелеріміз бар. Бірақ оларды қағаз жүзінде тіркеп отырмаймыз. Кез келген қарттарымыз келіп, бізге мүше бола алады. Осында өткізілетін барлық шараға қатысып, атсалыса алады. Мұнда қарияларға бимен, йогамен, аэробикамен, фит­нестік жаттығулармен айналысуға мүмкіндік бар. Одан бөлек қарттарға түрлі құқықтық кеңестер беріліп, се­минарлар мен тренингтер де тұрақты өткізіліп тұрады. Бүгінде орталы­ғы­мызда 15 адамнан тұратын үш топ бар. Оларға барлық қызмет тегін көрсетіледі. Жұмыспен қамту орталығынан келген мамандар мен еріктілер қарияларға түрлі тіл курстарын өткізіп, осы жерде уақытын көңілді өткізуге үлесін қосып жүр. Соның ішінде қарттарға банкомат, смартфон, компьютер сияқ­ты бүгінде күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналған заманауи құрыл­ғылармен жұмыс істеуді үйретеміз. Бұл жұмыстар «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқа­нын ерекше атап өтсем деймін.
«Ардагерлерді ардақтайық» деген атпен «Нұр Отан» партиясы қарттар күніне орай әлеуметтік қайырымды­лық жобасын өткізді. Елде 2 мыңнан аса қарттың халін сұрап, көңіл бөлуді нұротандықтар өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Олардың айтуынша, зейнет­керлерге көңіл бөлуді белсенділер жыл сайын жалғастырмақ. Бұл шараға пар­тияның жастар қанаты «Жас Отанның» белсенділері де соғыс жылдары аянбай еңбек еткен бірнеше ардагердің ша­ңырақтарына барып, үй шаруасына көмектесті. Менің ойымша, партияның бұл бастамасы үлгі алуға лайық. Қоғам қарияларға назар аударса, қарттарымыз қазынамыз екенін елдің әр адамы түйсініп, ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүр жалғастығы, тәрбие тіні сөгілмейді. Осыған сенемін!
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Гүлжан РАХМАН

Дереккөз: Айқын