Домой Жаңалықтар Қарттар үйіне бармайды: Астанада бокстан чемпиондарды жаттықтырған бапкер жалғыз қалған

Қарттар үйіне бармайды: Астанада бокстан чемпиондарды жаттықтырған бапкер жалғыз қалған

0
69

Астанада бокстан талай чемпиондарды жаттықтырған бапкер Маман Жиешев қартайғанда жалғыз қалған.

80-нен асқан қария зейнетақысын кім алып жүргенін де білмейді.

Бұл туралы Еуразия телеарнасы хабарлады.

Көршілерінің айтуынша, екі қызын тұрмысқа берген қарияның ешкім қарайласпағаннан күйі кеткен. Ақыл-есі де кәріліктен немесе кезінде алған соққылары салдарынан кіресілі-шығасылы. Сондықтан тамақ істемек болып, бірнеше рет үйін өртеп ала жаздаған. Жалғыз қалған қария кейде жуыну үшін спорт залының моншасына барады екен.

Ұлдарын осы бапкерге берген ата-аналар оның жоғары кәсіби маман екенін айтады.

Осыған дейін екі ұлымды осы жаттықтырушыға бердік. Соның арқасында олар жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қазір үлкен деңгейде олимпиадалардың қосымша резерв командасына шықты, — дейді елорда тұрғыны Мәулен Әлімжанов.

Қызы Сәуле Төлебаеваның айтуынша, әкелері жастайынан жалғыздықты жақсы көрген. Аналарымен ажырасқаннан кейін де бауырларына, балаларына қарамастан жалғыз тұруды шешкен екен. Тіпті қарттар үйіне де барғысы жоқ. Сондай-ақ оның зейнетақысын картасынан шешіп алып, баратын жеріне адаспай жететінін алға тартты.

Өткен аптаның жексенбісінде ағам екеуміз барып, үйін жинап, еденін жуып, 5 қап қоқысын шығарып кеттік. Айтсам сенбейтін шығарсыз, келесі күні ағам тағы барып қараса, үй кеше жиналғанға ұқсамайтын деңгейде қайта шашылған, — дейді қызы.

Қарттар үйінің мамандары егер қарияның орталыққа келгісі келмесе, оның үйіне арнайы қызметкерлер аптасына бір барып, шаруаларына көмектесе алатынын айтады. Тек ол үшін құжаттарын жинап, арыз жазуы керек екен.

«Медициналық картаға тексерістен өтіп, жазып, Халыққа қызмет көрсету орталығына баруы керек. Орталық қабылдаса, біз барып тұрамыз», — дейді қарттар үйінің әлеуметтік қызметкері Айгүл Бекеева.