Qarmet болат өндіру бойынша бес жылдық рекордты жаңартты

0

2023 жылдың 8 желтоқсанында Қарағанды металлургиялық комбинатының толыққанды жаңғыртылуы аясында кәсіпорын ұлттық инвестордың иелігіне өтті. Qarmet компаниясы өндірісті дамытуға $3,5 млрд-тан астам қаржы құйып отыр. Бұл қаражаттың ішінде $552 млн кокстық батареялар салуға, $239 млн жаңа мырыштау және бояу желісін құруға, $300 млн аглодомен өндірісін жаңғыртуға және $150 млн ыстық прокаттау цехын салуға бөлінеді. Сонымен қатар, Көмір департаменті жобаларына шамамен $500 млн, ал Темір рудасы департаментіне $978 млн инвестиция қарастырылған.

2024 жылдың алғашқы тоғыз айында Qarmet өндірісін 14%-ға арттырып, 2,6 млн тонна болат өндірді (2023 жылы осы кезеңде 2,3 млн тонна болған). Сонымен қатар, көмір өндірісі 2%-ға артып, 4,7 млн тоннаны құрады (2023 жылы 4,6 млн тонна), ал концентрат өндірісі 17%-ға өсіп, 2,3 млн тоннаға жетті (2023 жылы 1,9 млн тонна).

2024 жылдың мамыр айында Qarmet соңғы бес жылдағы үздік өндірістік көрсеткішке қол жеткізіп, бір ай ішінде 330 мың тонна болат өндірді.

Бұл көрсеткіштер Qarmet компаниясының «5-9-5» даму бағдарламасының тиімділігін дәлелдейді. Бұл бағдарлама бойынша 2028 жылға дейін жылына 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна концентрат өндіру жоспарланған.

Компанияның басты басымдығы – өндірістік қауіпсіздік. Qarmet тәуелсіз аудит негізінде өндірістік процестерді жаңғыртуды жүзеге асырып, еңбек қауіпсіздігін арттыруға басымдық береді. 2024 жылы Көмір департаментінің Орталық диспетчерлік басқару орталығы іске қосылды. Бұл орталық шахталардағы барлық жұмыс процесін бақылап, газ датчиктерінің жұмысын қадағалап, кеншілердің денсаулығын мониторингілеп, төтенше жағдай туындаған жағдайда жылдам хабарлау мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, шахталардың ішінде -700 метр тереңдікте тікелей бейнебайланыс орнату мүмкіндігі де бар.

2025 жылға дейін компанияның 6 шахтасында заманауи сандық жүйелерді орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, алдын ала дегазация әдісі енгізілді, бұл метан деңгейін 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Комбинаттың қоршаған ортаға әсерін азайту бойынша ең маңызды жоба – табиғи газға көшу. Қазіргі уақытта кәсіпорын табиғи газды қолданбайтын әлемдегі жалғыз металлургиялық өндіріс болып отыр. Бұл жобаны іске асыру үшін «Сарыарқа» газ құбырына қосылу жоспарланған. Құбыр кәсіпорыннан 25 км жерде орналасқан. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталып, 2025 жылы аяқталады.

Сонымен қатар, Qarmet Теміртау қаласында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында трамвай қозғалысын қайта жаңғыртты. 2023 жылдың ақпан айында жабылған трамвай желісін қалпына келтіру үшін сәуірден қыркүйек айына дейін 15,3 км жол жөнделді. Барлығы 30 км жол қайта жасалмақ, және 2024 жылдың соңына дейін 8 жаңа трамвай іске қосылады деп күтілуде.

Qarmet – Қазақстан Республикасының ірі тау-кен металлургиялық компаниясы, Орталық Азиядағы толық өндірістік циклге ие жалғыз интеграцияланған кешен. Qarmet еліміздің 8 моноқаласында 180 мыңнан астам тұрғынды коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етеді және Қазақстанның ең ірі салық төлеушілерінің бірі болып табылады. 2024 жылдың 9 айында компания мемлекеттік бюджетке 105 млрд теңге аударды. Компанияда 35 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді, олардың 14 мыңнан астамы Теміртау металлургиялық комбинатында, 15 мыңнан астамы Көмір департаменті мен еншілес кәсіпорындарда еңбек етеді.