Қарин Тоқаевтың алғашқы жолдауды қалай дайындағанын айтып берді
Қысқа сілтеме алу
Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын екі айдан астам уақыт дайындаған
НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған алғашқы жолдауын қалай дайындағанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауды өзі дайындады. Жұмыс 2 айдан астам уақытқа созылды. Менің білуімше, президент бұл құжатты әзірлеу үшін тынымсыз еңбектенді. Сіздер бұл жолдауда қазіргі уақыттағы өзекті мәселелер де қамтылғанын байқаған шығарсыздар. Бұл президенттің қоғамда талқыланып жатқан барлық мәселені бақылап отырғанын көрсетеді», — дейді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол президент жолдауындағы міндеттер қалай жүзеге асырылатынын айтты.
«Менің ойымша, бұл мәселелерді үкімет қарастырады. Жолдауда айтылған президенттің тапсырмалары бойынша жалпыұлттық жоспар қабылданады. Бұл бірнеше күнді алуы мүмкін. Бірақ жоспар кешенді болады. Онда үкіметтің тарапынан қолға алынуы қажет нақты мәселелермен қатар жолдаудағы бастамаларға заң тұрғысынан қолдау көрсету жағы қаралады», — деді президенттің кеңесшісі.
Тағы оқыңыз: Тоқаев 1 қаңтардан бастап өзгеріс болатынын айтты
Айта кетейік, кеше, 2 қыркүйек елордада ҚР парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет Қазақстан халқына жолдауын жариялаған болатын.
sputniknews.kz