«Қарғыс атқан мерседес»: Жамбылдық азамат қайғы әкелген көлік туралы айтты

0

Жамбыл облысының тұрғыны әкесі мен ағасының жол апатынан қаза болуын жай ғана сәйкестік деп есептемейді. Ол жақындарының өліміне «Мерседес» көлігі себепкер деген ойда. Отбасына қайғы-қасірет әкелген неміс автокөлігі туралы оқиғаны ер адамның өзі тарқатып айтып берді деп жазады alashainasy.kz сайтына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Фото: ria.ru

Фото: ria.ru

«Осыдан бес жыл бұрын әкем мерседес автокөлігін сатып алған болатын. Ол өзінің әбден ескіріп қалған нивасынан шаршап, басқа темір тұлпарды жүргізіп көргісі келген.

Анам екеуі ақырындап көрші ауылдағы барша туыстарды аралап, жаңа иномарканың қызығын көріп жатты. Алайда бұл бақытты кезең ұзаққа бармады.

Әкем кешке қаладан келе жатқанында көлік жолдан шығып кетіп, апатқа ұшырады. Жол үстінде келе жатқан ат арбаны айналып өтпек болған әкем кішкентай баланың жолға жүгіріп келе жатқанын байқай сала, машинаны жолдың шетіне бұрып жібереді.

Нәтижесінде, ағашқа соқтығысып, жол апатына түседі. Аса ауыр жарақат салдарынан үш күн бойы жан сақтау бөлімінде жатып, әкем таңға жуық көз жұмды.» , — дейді жамбылдық азамат.

Әкесінің қырқын өткізіп болған соң, марқұмның үлкен ұлы қайғы әкелген көлікті жөндетіп, қайта шығарады.

«Мен әкемді жалмаған мерседеске біразға дейін қарай алмай жүрдім. Анам да ол көлікті көргісі келмейтін. Көре қалса, жылай беретін.

Иномарканың қызығын ағам көрді. Кешке сыныптастарын жинап алып, ауыл-аймақты айналуды әдет қылып алды.

Бір күні ауылдың балалары көрші ауылға футболдан жарысқа бармақ болып, ағамды оларды жеткізіп тастауға өтінген.

Ол да спорт атаулысы десе ішкен асын жерге қоятын адам еді. Бар жұмысты маған сеніп тапсырып, ол футбол қызықтауға кеткен болатын.

Кешке жеңіспен құттықтаймын ғой деп егістіктен қайтып келгенімде, үйдің маңындағы қалың көпшілікті көріп шошып кеттім.

Жақындай түсе бергенімде ол адамдардың жылап жүргенін байқап, бірден ағама бірдеңе болғанын аңғардым. Анам мені көре сала есінен танып қалды.

Ағамның класстастары маған Қуаттың жол апатында көз жұмғанын айтқанында, оларға сенгім келмей жұдырық ала жөнелдім.

Есімді жинап, өз-өзіме келген кезде барып атам келіп басу айтып, сабырға шақырды.

Жарыс біткен соң, үйге қайтар жолда көлік айдап барған үш жігіт жол бойында өзара жарыс ұйымдастырған. Нәтижесінде ағамның астындағы «Мерседесі» ауылға кіре берістегі айналма жолда аударылып қалған», — деп есіне алды әкесі мен ағасынан айырылған жігіт.

Оның айтуынша, ағасы мен әкесінің өлімінің арасы бар болғаны үш-ақ ай екен. Ең жақын адамдары о дүниелік болған азамат екі апатта да көлікте болған басқа адамдардың ғажайып жағдайда дін-аман қалғанын ойға қонымсыз нәрсе деп санайды.

«Бұның бәрі сәйкестік деп бірден ойламадым. Екеуін де көлік жалмады. Жантүршігүерлік апатта басқалардың аман қалуы өте таңғажайып жағдай.

Көлікті бұдан кейін ешкім тізгіндегісі келмеді. Ағамның достары оны жөндеп шығарып бергенімен, менің оған мүлде отырғым да келмеді.

Көлікті сатуға бекіндім. Алайда, атамның бізге айтқан әңгімесінен кейін оны сатуға да тұрарлықсыз деп шештім» , — деді ол.

Ер адамның сөздерінше, атасы анасынан көлікті қайдан алғанын сұрап білгенде, ішкен шайын төге сала, үстелден тұрып кеткен. Оның бұлай істеуіне келінінің жауабы себепші болған.

Анықталғандай, бұл көлікті марқұм азамат отбасының баяғыдан келе жатқан жауынан сатып алған болып шықты.

«Атамның бұл әңгімесінен кейін мен өз күдіктерімнің бекер болмағанына көзім жетті. Әкем мен ағамның өлімі нақ осы темірден келгеніне одан бетер сеніп кеттім.

Машинаны сатқан адамдар оны оқытып тастады, яғни жаман ниетпен сатқан. Қалай болғанда да шын көңілдерінен бермегені анық.

Осыдан кейін мен машинаны сатсам деген ойдан да айныдым. Бойында жыны бар көлік келесі қожайынына да қайғы-қасірет әкелері анық деп ойладым.

Тағы да біреудің шаңырағын шайқалтқанша, өзім құртайын деп, ауыл шетінде әлгі машинаны үстіне бензин шашып өртеп жібердім.» , — деді азамат.

Темір тұлпардың көзін құртқан соң атасының қабағы ашылып, екі қазадан кейін тіл қатпайтын анасы да еңсесін көтеріп қалған.

«Атам енді маған тезірек үйленіп, оған шөбере сыйлағанымды қалайды.» , — деп аяқтады ол әңгімесін.